Мазмұны
Алматы қалалық «AMANAT партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты, Төтенше жағдайлар департаменті, «Batyr Team» спорт клубы үшжақты меморандумға қол қойды. Бұл бастама жастар арасында әскери патриоттықты дамытуға, сала мамандарының кәсіби даярлығын арттыруға және спорт мәдениетін дамытуға бағытталған.
Алматыда меморандумға қол қою рәсіміне ТЖД басшысы Нұрлан Атығаев, «Жастар Рухы» Жастар Қанатының Алматы қалалық филиал төрағасы Дидарбек Ділдәбек және Алматы қаласындағы «Batyr Team» спорт клубының жетекшісі Нұрсұлтан Орынбасаров қатысты.
Ынтымақтастық аясында «Жастар Рухы» ЖҚ республикалық «Qaisar» жобасы мен «Сарбаз болғым келеді» акциялары бірлесе ұйымдастырылып, қызметкерлердің дене дайындығын арттыруға арналған арнайы спорттық жаттығулар мен оқу курстары жалғасын табады.
«Соңғы жылдары үлкен табиғи апаттар құтқарушылар рөлінің қаншалықты жоғары екендігін көрсетті. Осы ретте, бүгінгі меморандум жастардың спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, отансүйгіштік пен елге деген құрметті қалыптастыруда еңбек етеді деп сенемін. Бастамасы ретінде алдағы апта Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты полк аумағында «Сарбаз болғым келеді» акциясын ұйымдастырамыз», – деді Алматы қаласы «Жастар Рухы» ЖҚ филиалы төрағасы Дидарбек Ділдәбек.
«Құтқарушылар әрдайым жақсы формада болуы керек, сондықтан спорт – олардың қызметіндегі ең маңызды бағыттардың бірі. Олар әрдайым апаттар мен төтенше жағдайлармен күрестің алдыңғы шебінде жүреді. Сондықтан да мен тәжірибелі жаттықтырушы ретінде олардың дамуына өз үлесімді қосуды қалаймын», – деді Batyr Team спорт клубының жетекшісі Нұрсұлтан Орынбасаров.
Нұрсұлтан Орынбасаров – Сағадат Нұрмағамбетов атындағы спорт клубының бас жаттықтырушысы, Алматы облыстық мәслихатының депутаты, джиу-джитсудан қара белбеу иегері. Сондай-ақ көптеген әлем чемпиондарын тәрбиелеп, әскери қызметкерлер, құқық қорғау органдары мен арнайы жасақ сарбаздарын дайындаумен айналысады, жауынгерлік және дене дайындығы бойынша түрлі шеберлік сабақтарын өткізеді.
Оның айтуынша, меморандумның басты міндеттерінің бірі – жастардың құтқарушы мамандығына деген қызығушылығын ояту, салауатты өмір салтын насихаттау және бұл кәсіптің беделін арттыру.