Мазмұны
Қоғамда заңды, өз құқығын білмейтін адамдар көп. Заңды білмеу – ешкімді жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан елімізде құқықтық мәдениетті қалыптастырамыз десек, заң саласынан жеткілікті хабарымыз болуға тиіс. Біз құқық мәселесіне қатысты қоғамда жиі кездесіп жататын қиындықтар жайында белгілі заңгер, Ақмола облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Ләззат Ахатовамен сұхбаттасып, бірнеше сұрақ қойған едік.
– Ләззат Кендебайқызы, бүгінгі қазақ қоғамында жиі байқалатын нәрсенің бірі – адамдардың өздерінің құқығын білмеуі. Содан келіп адамдар заңға қайшы әрекет етіп, кінәлі болып жататын жағдайлар жиі кездесіп жатады. Қоғамның құқықтық білімін арттыру үшін не істеу керек?
– Өте өзекті мәселені көтеріп отырсыз. Осы мәселе туралы біраз жыл бұрын айтқан ойым бар еді. Ол – мектептерде, оқу орындарында құқық пен қаржылық сауаттылық туралы пәндер ресми енгізілу керек. Өз құқығын жетік білетін сауатты азаматтары бар қоғам құру үшін бала кезден, мектеп жасынан ненің заңды, қай әрекеттің заңға қайшы екенін әр адам білу керек. Бүкіл заңдарды кәсіби заңгерлер сияқты терең талдамаса да, басты заңнамалардың талаптарын, Конституцияны, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік құқық бұзушылық Кодекстердің алғышарттарын білуге тиіс. Сонда әр солақай әрекеті үшін қандай жаза барын біліп өскен бала, сондай-ақ азаматтық құқықтары қандай екенін білетін адам өз ақысын да жібере қоймайды.
Еңбек дауларында өз құқықтарын білмегендіктен, көп адам ақысын жегізіп жататын жағдайлар көп. Әсіресе, жалдамалы жұмыскерлер ешқандай келісімшартсыз ауызша айтылған құрғақ уәдеге сеніп, ақырында еңбекақысын ала алмай, қиянат көріп жатқандарын көріп, жаның ауырады. Студент жастар, әсіресе, ата-анаға салмақ салмай, өзі табыс тапқысы келіп, жалданып жұмыс істеп, соңында еңбегінің ақысын ала алмай, не оны даулай алмай, жігерлері құм болып жатады.
Құдайға тапсыру керек десе де, кез келген қоғам мүшесі өз құқығын өзі қорғай алатын дәрежеде болғаны өзіне дұрыс.
Балалар құқығының өзі – үлкен тақырып. Сондықтан бала да құқықтарын біліп өсу керек.
– Кейде әлдебір құқықбұзушылыққа ұрынған жағдайда азаматтар өз құқықтарын қорғау үшін ең алдымен не істеу керек? Жалпы, заң орындары құқық бұзғандарға адвокат жалдауы қажет екенін ескерте ме, әлде бұл әр азаматтың өз қалауымен болатын іс пе? Тиісті органдардың қылмыс жасағандарды адвокатсыз тергеуге қақысы бар ма?
– Әрине, кез келген тергеу органына барған кезде құқығы бұзылған не жәбірленуші адам, сондай-ақ күдікті не куә болса да оларға тергеу органдарының қызметкерлері қорғаушы алатын құқығы барын айтуы тиіс. Өкініштісі, мұндай заңдық талаптар орындала бермейді. Егер барлық жерде заң қызметкерлері өз міндеттерін талапқа сай, адал орындап жатса құқық бұзушылық туралы қоғамда қазіргідей жиі әңгіме болмас еді. Біздің – адвокаттардың тергеу істеріне байланысты жиі дауласып, айқайласып жататынымыздың себебі де сол. Өйткені көп жерде тергеушілер күдікті деп танылған, заңды білмейтін азаматтардың құқықтарын бұзып жатады. Кей жағдайда, тергеу орындары, мысалы, әйелдер зорлыққа ұшыраған жағдайда, қылмыс жасаған адамдардың қылмыстан жалтаруына жол беретін әрекеттер де кездесіп қалады. Егер әйел зорланған жағдайда оған жуынбау керегін ескерту керек. Ал мұндайда зорлық көрген адамға маңызды жайттар түсіндірілмей, сараптаманы кешіктіріп жасайтын кездер болады. Соның кесірінен қылмысты ашу кешігіп, іс көмескілене береді. Кейде тергеушілер жәбірленушінің өзіне моральдық қысым көрсетіп, қылмыс жасағандардың жауапкершіліктен сытылып кетуіне орай тудыратын жағдайлар да бар. Мұндай жайттарды адвокат ретінде өз практикамыздан кездестіріп жатамыз.
Сондықтан мұндай жағдайға ұрынбау үшін жәбірленуші мен куәнің, тіпті күдікті атанған адамның да адвокат жалдап, қорғалуға құқығы барын өздері де білуі керек, тергеу орындары да мұны ескертуге міндетті. Сонымен бірге мемлекет тарапынан берілетін құқықтық көмекті (мемлекеттік адвокаттар) пайдалануына болады. Ол барлық өңірлерде бар.
Заң бойынша тергеу орындарының қылмыс жасағандарды адвокатсыз тергеуге хақылары жоқ. Міндетті түрде мемлекеттік адвокатпен сөйлескеннен кейін тергеуі керек немесе адвокат керек пе деп сұрауы қажет. Бірақ тергеу органдарында тергелушіге қорғаушы керек пе деп сұрамай, мойындату үшін неше түрлі әдістерді қолданатын жайлар болып тұрады. Тергеу протоколында «Адвокат қажет пе, жоқ па?» деп жазылады. Бірақ өзі қысымға ұшырап отырған адам оны тәптіштеп оқып отырмайды, мына жерге қол қой десе, қоя салады. Кейін мен адвокатсыз жауап бердім десе, мына жерде жазулы тұр, адвокат керек пе деп сұрадық дейді. Сондықтан мұндай кездерде аса сақ болып, протоколды оқымай қол қоюға болмайды. Себебі ойланбай айтқан бір сөз кейін адамның өзіне таяқ болып тиюі мүмкін.
Тергеушіге қылмысты ашу керек, олар үшін көрсеткіштер маңызды. Сол үшін өз басына түскен жағдайдан шок болып тұрса да әр адам есін жиып, алдау-арбауға түсіп қалудан аса сақ болуы қажет. Түрлі қитұрқы әрекеттерден қорғану – жазықсыз жаза-ланудың алдын алады.
Мысалы, қазір есірткі саудасымен айналысатын түрлі қылмыстық топтар пайда болған. Олар ата-анасына артық салмақ салмайын деп өз бетінше жұмыс істеп, ақша тапқысы келетін жас балаларды – жоғары сыныпта оқитын мектеп оқушыларын, студенттерді қызықтырып, қармаққа ілуі мүмкін. Демек, жұмыс бар деген ұсыныстарды әбден зерттеп алмай, жоламау керек.
Қазір түрлі әлеуметтік желілер, мессенжерлер арқылы жарнама жасайтын жұмыс берушілерді зерттеп, тексеріп жатқан тиісті мекеме жоқ. Жарнама – жұмыс іздеушілерге қолайлы, алайда оның қандай жұмыс екенін тексеріп жатпайтын жас балалар өздері күтпеген қауіпке ұрынып қалуы да мүмкін.
Интернет арқылы жұмыс ұсынушылардың арасында қылмыстық топтар да болатынын байқадық. Сол бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бізде жас балаларға қатысты бірнеше іс бар. Олар өздері білмей қылмыстық іске ұрынып қалған...
Тұжыра айтқанда, құқықтық мәдениет деген заңды білуден басталады, заң аясында ғана әрекет ету адамды түрлі құқықбұзушылықтан, қылмыстық жауапкершілікке тартылудан сақтайды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Ахмет ӨМІРЗАҚ