дүйсенбі, 31 наурыз, 2025

Түркия толқыды

/
сурет: Bluent Kilic/AFP/Getty
Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоғлының қамауға алынуы ел халқының жаппай наразылық білдіруіне себеп болды. Оған жемқорлық пен терроризмге қатысты айып тағылып отыр.

Мазмұны

    Түркиядағы толқудың басылмай тұрғанына бір апта болды. Бұл оқиға бүкіл әлемнің, халықаралық ұйымдардың назарын аударды. Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоғлының қамауға алынуы ел халқының жаппай наразылық білдіруіне себеп болды. Оған жемқорлық пен терроризмге қатысты айып тағылып отыр.

    Имамоғлы ісі

    Бір апта бұрын 90 адаммен бірге қамау­ға алынған Екрем Имамоғлы Ыстамбұл әкім­­­­дігінде сыбайлас жемқорлыққа ара­лас­ты және террористік ұйымдарды қолдады деп айыпталды. Сот оның сот процесі аяқ­талғанға дейін түрмеде қалуын бұйыр­ды, бірақ процестің нақты күні әлі белгісіз. 
    Ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шы­ғарып, тергеу кезінде: «Менің қамауға алынуым Түркияның халықаралық беде­лі­не нұқсан келтіріп қана қоймай, халық­тың әділеттілікке және экономикаға деген сенімін жойды», – деп мәлімдеді.  
    Көптеген саясаткер мен қоғам қайрат­кері бұл істі саяси астары бар деп санайды, өйткені Имамоғлы – алдағы президенттік сайлауда Эрдоғанның басты қарсыласының бірі. Алайда билік сот жүйесінің тәуелсіз еке­нін алға тартуда. 
    Сәрсенбіде Ыстамбұл муниципалдық кеңесі уақытша қала басшысын тағайын­да­ды. РХП мүшелері бұл қызметке Имамоғ­лы­ның орынбасары Нури Асланды сай­лады.

    Наразылықтар мен саяси реакция

    Ыстамбұл, Анкара, Измир және басқа қа­лаларда негізінен бейбіт шерулер өтіп, қа­тысушылар Имамоғлыны босатуды және қы­сым көрсетуді тоқтатуды талап етіп жа­тыр. Ыстамбұл қалалық әкімдігі алдында жиналған наразы топқа полиция көзден жас ағызатын газ шашып, оларды таратуға тырысты. Измирде наразылық акцияларын тарату үшін полиция су атқыш брондалған көлік­терін қолданғаны туралы бейнежаз­балар тарады.
    Ішкі істер министрі Әли Ерлікая нара­зы­лықтарға байланысты 1 418 адамның ұсталғанын хабарлады. Олардың қатарын­да Ыстамбұл университетіндегі Egitim-Sen кә­сіподағының өкілі және өз үйлерінде қа­мауға алынған солшыл студенттік топ­тар­дың мүшелері бар.

    Ердоған оппозицияны 
    «елді отқа тастауға дайын» деп айыптады

    Түркия президенті Режеп Тайып Ердо­ған оппозицияны ел экономикасына зиян келтірді деп айыптады. Ал толқуды «көше тер­роризмі» деп атап, наразылық білдірген­дерді қатаң сынға алды.
    Ердоған оппозициялық Республикалық х­алық партиясының (РХП) үкіметті қол­дайтын компанияларды бойкот жасауға шақырғанын да сынады. Ол оппозицияны «елді отқа тастауға дайын» деп айыптады. Әділет және даму партиясының депутат­та­рына жолдауында ол Түркия экономика­сы­на қарсы жасалған қастандықтың сот алдында қаралатынын мәлімдеді.

    Бөлісу: