Мазмұны
Әрбір адам – Жаратушының ерекше махаббатымен жаратылған қайталанбас тұлға, сондай-ақ мемлекеттің байлығы. Айналамызға қарасақ өмірді шексіз сүйетін, маңдай терімен нанын адал тауып жеп отырған, қайсарлығы мен шыдамдылығының арқасында биік белесті бағындырған ерекше жандарды байқап жатамыз. Олардың әрқайсысы – шыдамдылық пен ерік-жігердің айқын көрінісі десек қателеспейміз.
2023 жылғы статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде мүгедектігі бар адамдардың саны 732 мыңға жуық. Олардың 59 пайызы – еңбекке қабілетті жастағы азаматтар болса, 15 пайызы – балалар. Бұл жалпы халықтың 3,6 пайызын құрайды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттыру, қоғамға толыққанды бейімделуін қамтамасыз ету – біздің ортақ міндетіміз. Алайда біздің арамызда ешкімге алақан жаймай, өзінің жанкештілігімен қоғамға пайдасын тигізіп отырған жандар жетерлік. Сондай ерекше жандардың бірі – Сәлімхан Сәбитов. Ол СҚО әкімдігінің Ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ Қоғаммен байланыс, БАҚ бөлімінің басшысы, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған автомектеп директоры.
Замандасымыз 1991 жылы Көкшетау қаласында туып өскен. Тұңғыш немере болғандықтан ата-әжесі бауырына
салады.
– Мен туғаннан аяғымды баса алмаппын. Әжем күн сайын аяғымды уқалап, массаж жасап отыратыны есімде. Сол кісінің ыстық алақанының арқасында жүре бастадым. Атам болса көп ақылын айтып, бар білгенін үйретті. Әуелі Алла, кейін атам, сосын интернаттағы ұстаздарымның қолдауымен біраз нәрсеге икемді болдым. 1-сыныпты Айыртау ауданы Егінді-ағаш ауылында аяқтадым. Балалық шаққа саяхаттасам, сыныптастарымның мені шанаға салып алып мектепке апарып-әкелетіні түседі. Мүмкін бұл сыныптастарымның есінен де шығып кеткен болар, алайда мен үшін осы естеліктер әлі күнге дейін ыстық. Кейін Петропавл қаласындағы №13 орта мектепте, Шәміл Шақшақбаев атындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған интернатта оқыдым. Бұл – Қазақстан Республикасы бойынша ең алғашқы инклюзивтік интернат болатын. Өзіміз отбасында бес ағайындымыз. Екі інім, екі қарындасым бар. Анам – әлеуметтік қызметкер, жалғызбасты қарттарға көмектеседі. Әкем журналист. БАҚ саласында жұмыс істеп келе жатқанына 20 жылдай уақыт өтті. «Айыртау таңы» аудандық газетінде, «Қазақстан-Петропавл» облыстық телеарнасында қызмет етті. Бала күнімнен әкемнің жолын қуып, журналист болғым келді. Бірақ басында әкем мені аяп, қарсы болғанымен, кейін келісімін берді. Сөйтіп, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Журналистика факуль-тетіне грантқа түстім, – дейді кейіпкеріміз.
Сәлімхан ес білгелі белсенді, мектепте де, студент кезінде де қоғамдық істерден тыс қалмаған. «Шаңырақ» студенттік театрының актері, пікірсайыс, шахмат, тоғызқұмалақ, ping-pong турнирлерінің белсенді қатысушысы болған. Еңбек жолын қалалық мәдениет үйінде референт болып бастаған ол бүгінде «Қоғамдық даму және ақпарат орталығы» КММ, Қоғаммен байланыс, БАҚ бөлімінің басшысы болып жұмыс істейді. Бұл жұмыстан бөлек қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласады. Өзі сияқты мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін қорғау үшін қалалық мәслихаттың депутаты болып сайланған.
– «Атам: «Күніңді құр өткізбе, өйткені ол күн қайта келмейді. Сондықтан әрдайым жақсылық жасауға ұмтыл», – деп отыратын. Осы сөз миымда жатталып қалғандықтан болар, 2013 жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қоғамдық бірлестік аштық. Оларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен құқығы туралы ақпарат жеткізіп, әлеуметтік маңызы бар әртүрлі форматтағы іс-шаралар (турнирлер, байқаулар, концерттер, мастер-класстар) ұйымдастырып отырдық. Әрине, біріншіден, бұл іс өзіме ұнайды. Екіншіден, мені қоғамдық мәселелер, атап айтқанда қаламыздың дамуы, мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы, экология, нашақорлық, лудомания алаңдатады. Сол себепті қоғамдық істерге белсене араласамын, – дейді кейіпкеріміз.
Сәлімхан Жанатұлы 2018 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап, «Равная дорога» көлік жүргізу мектебін ашады. Бұл мектептен 30-ға жуық түлек оқып шыққан. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жеті адам бар. Төртеуі кейін көлік сатып алып, өздерінің тұрмыстық мәселелерін шешіп, бүгінде қосымша табыс тауып жүр. Бұл – Сәлімханмен интернатта бірге оқыған балалардың арманы болыпты. Сондықтан кейіпкеріміз осы ойды жүзеге асыруды алдына мақсат етіп қояды. Соңғы жылдары елімізде орын алған пандемия, су тасқыны секілді төтенше жағдайларға байланысты қазір автомектептің жұмысы уақытша тоқтап тұр. Бірақ автомектепке сұраныс жоғары, сондықтан Сәлімхан алдағы уақытта басқа қалалардан да автомектептің филиалын ашып, жобаны дамытуды жоспарлап отыр.
Өмірдің барлық саласында жетістікке жетіп жүрген кейіпкеріміз бүгінде сүйікті жар, ардақты әке. Келіншегін бала күнінен таниды, екеуі мектеп-интернатта бірге оқыған.
– Жұбайыммен бір мектепте, бір университетте оқыдық. Оның мамандығы – педагог-психолог. Қазір өзіміз оқыған мектепте педагог-профориентатор болып жұмыс істейді. Балаларға мамандық таңдауға көмектеседі. Өмірлік жарым мен қылықты қызым мені күн сайын жақсы өмірге жетелейді. Ер-азаматтың мақсаты – үй салу, ағаш егу, бала тәрбиелеу дейді ғой. Менің де арманым – осы. Мені әрдайым қолдайтын ата-анама, ұстаздарыма, шын жанашыр достарыма алғыс айтқым келеді. Олардың сөзі мені қанаттандырады, ерік-жігерімді шыңдайды, – деді Сәлімхан.
Қоғамда ерекше жандарға деген көзқарасты жақсарту үшін олардың мүмкіндіктерін түсіну және қолдау көрсету маңызды. Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және олардың қоғамға әлеуметтік ықпалдасуы үшін мемлекет, қоғамдық ұйымдар және жалпы қоғам жүйелі шаралар қабылдауды жалғастыра беруі қажет.