Мазмұны
Арамызда тынбай еңбек етіп, елдің мәселесін өз мойнына алып жүрген жастар аз емес. Сондай жанның бірі – Әділет Айтқазы. Ол жетекшілік ететін Paryz еріктілері жастар қоғамдық бірлестігі 2015 жылы құрылған. Қазір Қонаев қаласында орналасқан ұйым Алматы облысы бойынша кең ауқымда жұмыс істейді. Әлеуметтік жобалардан бастап, экология, жастармен жұмыс, сыбайлас жемқорлықпен күрес, төтенше жағдай кезіндегі көмек көрсетуге дейінгі бағыттарда белсенді еңбек етіп келе жатқан бұл бірлестік өңірдегі еріктілер қозғалысының нақты тірегіне айналды. Біз жас көшбасшымен еріктілік мәдениеті, жауапкершілік, жастардың талғамы мен болашаққа көзқарасы жайында сұхбат құрдық.
– Еріктілік қазір сәнге айналған ұғымдардың бірі десек, артық айтпаймыз. Бірақ сіз үшін бұл ұғым не білдіреді? Бұл мәртебе ме, міндет пе?
– Еріктілік – кейде сырттай қарағанда «жасыл жилетпен жүретіндер» сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның салмағы әлдеқайда ауыр. Бұл – жүректен шығатын, ешкім міндеттемеген, бірақ ішкі үндеуден туған әрекет. Егер бір адамға көмектесіп, ол саған рахмет айтпаса да, сен іштей бір тынығып қалсаң – сен еріктісің. Бұл мәртебе де емес, міндет те емес – бұл адамдықтың өлшемі.
– Сіздер басқарып отырған ұйым – бір күннің емес, бірнеше жылдың жемісі. Бүгінде қандай бағыттарға басымдық беріп отырсыздар?
– Қазір біздің жұмысымыз негізінен үш бағытта өрбиді. Ол – жастармен жұмыс, экологиялық мәдениет және гуманитарлық көмек. Мысалы, «Есірт-кіге жол жоқ» жобасы аясында облыс-тың 9 ауданында 70-тен астам кездесу өткіздік. 10 мыңнан астам жас қамтылды. Жай лекция емес – анонимді психологиялық кеңес қызметін іске қостық. Бір жасөспірім сол желі арқылы көмек сұрап, бүгінде өзі ерікті қатарында жүр. Ал экология бағыты бойынша «Таза жағалау», «1000 түп ағаш ек!» сияқты жобалар жүргізілді. Өткен жылы Қапшағай су қоймасы маңында 20 тоннаға жуық қоқыс шығардық. Бұл бір күндік сенбілік емес, экологиялық мәдениетті үйрету процесі. Ағашты отырғызу – оңай, оны күтіммен өсіру – нағыз ерлік. Біз осыны жастарға түсіндіріп келеміз.
– Сіздердің ұйым 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Уақыт өте келе, «Бұл маған не үшін керек?» деп қолды бір сілтеп, бәрін тастағыңыз келген сәт болды ма?
– Бұл сұрақты өзіме жылына бір рет қоятыным рас. Көбінесе қиын сәттерде – бір жоба ойдағыдай шықпағанда, кейбірі уәдесінде тұрмаған кезде, немесе адамдар жасаған жақсылығыңды бағаламай, керісінше қабылдағанда. Бірақ мені тоқтататын бір ғана күш
бар – көмекке зәру адамның көзі. Университетте оқып жүргенде бір әже біз әкелген азық-түлікті қолына алып, жылап қалған. Себебі базарға баруға шамасы келмеген. Сол бір сәт – менің мотивациям.
– Өткен жылғы су тасқыны елді елең еткізді. Бұл кезде еріктілердің шынайы бейнесі көрінді.
– Бұл жайт біз үшін нағыз жауапкершілік сабағы болды. Біз 48 сағат ішінде гуманитарлық көмекті ұйымдастырып, 40 тоннаға жуық азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек жөнелттік. Командамыздың бірнеше мүшесі апат аймағында біраз күн жұмыс істеді. Тасқыннан үйсіз қалған, үреймен өмір сүріп отырған жандарға психологиялық, физикалық көмек көрсеттік. Сол кезде мен еріктілердің қандай үлкен күш екенін тағы бір мәрте түсіндім. Бұл – нағыз волонтер болмысы.
– Еріктілермен жұмыс істеу оңай емес. Сіз оларды қалай топ-тастыра білдіңіз?
– Бір ғана формула бар. Сенім мен теңдік. Бізде еріктілердің бәрі – тең. Жасы, ұлты, статусы маңызды емес. Маңыздысы – ниеті мен әрекеті. Бүгінде тобымызда 300-ге жуық ерікті бар. Бірі – IT саласында, бірі – медицинада, бірі – дәнекерлеуші. Бірақ бәрінің ортақ қасиеті – көмектесуге дайын болу. Бір қызымыз өз стипендиясынан ай сайын 10 мың теңге бөліп, мұқтаж отбасыға азық-түлік әпереді. Біз оны марапаттамадық, суретке де түсірмедік. Бірақ ол – мен үшін нағыз патриот.
– Сіз жуырда Алматы облысы әкімінің «Заңғар-2024» жастар сыйлығының «Үздік жас волонтер» аталымын иелендіңіз. Бұл марапат сіз үшін нені білдіреді?
– Бұл мен үшін жай ғана марапат емес. Бұл – біздің үнсіз, бірақ шынайы еңбегіміздің мойындалуы. PARYZ еріктілерімен жылдар бойы бірге атқарған жұмысымыздың бағалануы. Марапатты тапсыру сәтінде көп нәрсе есіме түсті: алғашқы сенбілігіміз, тасқын кезінде түнде азық-түлік сұрыптаған сәттер, мектептерде өткізген кездесулер, қариялардың алғысы... Сол сәтте мен бір нәрсені анық түсіндім – еріктілік ешқашан босқа кетпейді.
– Қоғамда «Жастар қоғамдық жұмысқа бейжай» деген пікірлер жиі айтылады. Бірақ сіздің командаңыз – соның кері дәлелі. Сол белсенділікті қалай оята білдіңіз? Жастар сіздіңше қандай болуы керек?
– Мен жастарға бұйырмаймын. Түсіндіремін. Олармен тең сөйлесемін. Әр жастың ішінде бір ұшқын бар, тек соны дұрыс тұтата білу керек. Көп адам еріктілерге «тегін жұмыс істейтіндер» деп қарайды. Ал шын мәнінде, олар – мемлекет пен халық арасындағы ең шынайы байланыс. Олар өз ортасын түсінетін, өз қоғамына бей-жай қарамайтын болу керек. Бізге ұран емес, үлгі болатын жастар қажет. Егер ол үйінен шығарда шамды сөндіріп, суды, есікті жауып кетсе – ол ертең мемлекет мүлкіне де солай қарайды. Мен жастардан дәл осындай қарапайым ұқыптылық күтем.
– Соңғы сұрақ... Сіз үшін «қоғамға қызмет» деген ұғым нені білдіреді?
– Бұл – даңқ емес. Бұл – ішкі тыныштық. Бір күні бір әже маған: «Балам, сен менің немеремдейсің» деді. Ол үшін мен ештеңе істеген жоқпын, тек азық-түлік жеткіздік. Бірақ оның алғысы – мен үшін ең үлкен марапат. Қоғамға қызмет – атақ алу үшін емес, алғыс есту үшін де емес. Бұл – жүрек қалауы.