дүйсенбі, 31 наурыз, 2025

Театры көп елдің түрмесі азаяды

/
сурет: istockphoto.com
Қазір Қазақстанда 46 аймақтық театр бар. Алай­да оның көпшілігінің жай-күйі мәз емес.

Мазмұны

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында қазір халықтың театр өнеріне деген қызығушылығы артып келе жатқанын, алайда аймақтағы театрлардың жағдайы мәз емес екенін айтқан-тын. Президент осындай асқан қызығушылықты ескере отырып, отандық кәсіпкерлерді аймақтағы театрларға қолдау көрсетуге шақырды.

    – Қазір Қазақстанда 46 аймақтық театр бар. Алай­да оның көпшілігінің жай-күйі мәз емес. Мы­салы, Семейде бір ғимаратта үш бірдей театр сы­ғылысып отыр. Әсіресе, аймақтарда театр­ларды дамытуға баса назар аудару керек. Хал­қы­мыздың мәдени әралуандығын сақтауға мүм­кіндік беретін орыс және басқа да ұлттық театр­ларды қолдау маңызды. Елімізде өнердің бұл түрі де табыс әкелетінін дәлелдеп жүрген же­ке театрлар аз емес. Сондықтан бизнес өкіл­дерін аймақтағы театрларға белсене қолдау көр­сетуге шақырамын, – деді Мемлекет бас­шы­сы өз сөзінде.
    Осы ретте қалалық және аймақтағы театр өкіл­дерінен аймақтағы театрлардың жай-күйі, кә­сіпкерлердің мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік аясында өңірлік театрға қолдау көрсету туралы ой-пікірін сұрап-білген едік.

    Асхат МАЕМИРОВ, 
    Музыкалық жас көрермен театрының директоры:

    ТЕАТРДЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫН 
    ҚҰРУ ҚАЖЕТ

    – Өнерде провинция деген ұғым болмайды. Президенттің Ұлттық құрылтайда театр өнері, әсіресе аймақтағы театрдың жағдайы туралы айтқан сөзі өңірдегі сахнагерлерге тың серпін бергені хақ. Кәсіпкерлердің театрға қолдау көр­сетуі – сонау XIX ғасырда Еуропа, Ресей театрларында жиі болған үрдіс. Қазақстанда қалалық, облыстық, республикалық театрлар мемлекеттік қазыналық кәсіпорын саналады. Сондықтан олар кәсіпкерлерден келіп түсетін ақшаны тікелей ала алмайды. Ол заң бұзушылық болып есептеледі. Сондықтан аймақтардағы театр­ларды қолдау үшін Мемлекеттік театр­ларды қолдау қорын құру керек. Кәсіпкерлерді, меценаттарды, ірі компаниялар мен шетелдік инвесторларды тарта отырып, қаржылай қолдау көрсету механизмінің құқықтық нормаларын рет­теп алу керек. Сосын театрлардың жанында қам­қорлық кеңес болу керек деп есептеймін. Ол кеңеске мүше азаматтар театрдың тыныс-тіршілігімен етене танысып, көзбен көрсе, нұр үстіне нұр болар еді. Жыл сайын елімізде әде­биет, өнер майталмандарына қомақты қаржысы бар мемлекеттік стипендия тағайындалады. Алайда ол санаулы тұлғаға ғана беріледі. Ал қамқорлық кеңес тарапынан түрлі стипендия беріліп отырса, ол аймақта жүрген жас таланттарға үл­кен қолдау болар еді. Тағы бір айтарым, ай­мақ­тағы театрлар жыл сайын бас қалаға келіп шығармашылық есеп беріп тұрса жақсы болар еді. Бұл – театрдың шығармашылық әлеуетін, әртіс­тер мен режиссерлердің кәсіби ізденістерін сарап­тауға үлкен мүмкіндік. Аймақтағы театр­лар – спектакль көруге асығатын жер ғана емес, ол – тұтас облыстың рухани қарашаңырағы. Со­нымен қатар ұлттық, рухани құндылықтары­мызды дәріптеуге мүмкіндік беретін өнер алаңы. Содан соң аймақтағы жас режиссерлердің басын қосып, республикалық форумдар ұйым­дастырылса екен дейсің. Тәжірибе алма­сатын фестиваль әрі білімін жетілдіретін семинар форматында өткізілсе. Одан бөлек, Теміртау, Же­тісай, Арқалық секілді моно қалаларда театр­лар ашылып жатыр. Сол театрлардың басын қосып, фестиваль өткізуге болады.
    Құрылтайдан соң ел ішінде театрға деген көз­қарас өзгеріп, игі бастамаларға ұласуда. Алдағы уақытта Қызылорда, Талдықорған, Ақ­төбе, Шымкент, Ақтау қалаларында халық­аралық деңгейдегі театр фестивальдері өткелі жа­тыр. Ендігі кезекте театрлар үлкен шығар­ма­шылық бетбұрысқа ден қойып, өз репер­туар­лары­на тағы бір зер салып, бәрін елеп-екшеуге тиіс. Екінші кезекте, кез келген театр креативті ин­дустрияның көшінен қалмау керек. Өзім бас­қарып отырған өнер ордасы қалалық болса да, индустрия көшіне қосқан жақсы жұ­мыс­тардың бірі деп біздің театр сахнасында 300 рет қойылған Д.Исабековтың «Гауһартас» спек­так­лін айта аламын. Бұл спектакльге бюджеттен    4 млн 350 мың теңге ақша бөлінген. 1 жыл         10 ай­дың ішінде бұл спектакль 145 млннан астам табыс тапты. Осындай спектакль бізде жетерлік. «Абай-Тоғжан», «Шәмші», «Қоштасқым келмейді» секілді. Ел ішінде креативті индустрияға қозғау салып жатқан спектакльдер көптеп қойылса екен деймін. 

    Гүлжан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, 
    Абай облыстық «Дариға-ай» жастар театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі:

    ӘР ТЕАТРҒА ЖЕКЕ ҒИМАРАТ КЕРЕК

    – Биыл Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет, соның ішінде театр саласын айрықша атап өтті. Президент Семей қаласындағы 3 театр­дың бір ғимаратта сығылысып отырға­нына баса назар аударды. Бұл – біз жақта ұзақ жылдан бері қордаланып келе жатқан мәселенің бірі. Осы мәселенің Мемлекет басшысының, Үкімет мүшелерінің назарына ілініп, біздегі өнерпаздарға қолдау білдіріп жатқаны бізді, театр қызметкерлерін қатты қуантады. 
    Мемлекет басшысы құрылтайдағы сөзінде театрға баратын көрерменнің көбейіп келе жатқанын алға тарта отырып, аймақтағы кәсіп­керлерді театрларды дамыту ісіне ат салысуға шақырды. Театр – ел айнасы, ұлттық өнердің киелі ордасы. Семейде Абай атындағы қазақ му­зы­калық драма театры, Достоевский атын­дағы орыс драма театры және «Дариға-ай» жас­тар театры бір ғимаратта отыр. Абай атын­дағы театрдың 90 жылдан астам тарихы бар. Кіші театр саналатын «Дариға-ай» жастар теат­ры­ның құрылғанына 25 жылдан астам уақыт болды. Бірнеше театрдың бір ғимаратта отыруы үлкен ыңғайсыздық тудырады. Бір жағынан шеберлік байқасып, бір-бірімізбен тәжірибе алмасу жағынан тиімді болғанымен, көп жағ­дай­да сахна жетіспей қалып жатады. Соның сал­дарынан актерлер түнгі уақытта репетицияға шығуға мәжбүр болады. Еліміздегі қазақ театр тарихының бастауы болған Семейде әр театр­дың жеке ғимараты болса дейсің. 
    Семей облыс орталығы болып бекітілгелі бері театрға келемін деушілер саны артты. Үш театр бір ғимаратта отырса да, әр театрдың өз көрермені бар. Әр премьера сайын залда аншлаг болып жатады. Көрермені көп театрлар деп ауыз толтырып айта аламын. 
    Облысқа жуырда әкім болып тағайындалған Бәрік Уәли театрларды дамыту ісіне кәсіпкер­лерді жұмылдыруды қолға алып жатыр. Облыс басшысы әр салаға инвестор тарту керек екенін айтты. Мұның жемісін болашақта көреміз деген сенімдеміз.

    Бөлісу: