дүйсенбі, 31 наурыз, 2025

Алматы облысында темір киіз үй өндірісі дамып келеді

/
«AMANAT» партиясы
Өңірде «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл кәсіпкерлеріне үлкен мүмкіндік беріп жатыр

Мазмұны

    Соңғы екі жылда 1 300-ден астам тұрғын жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін бастады. Солардың бірі – Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Балтабай ауылының тұрғыны Талғат Қанапия.

    Кәсіпкер киіз үй өндірісін 2019 жылы қолға алған. Алғашқы жылы 10 үй жасап, сұранысқа ие болған соң, көлемін арттыруды шешкен. 2022 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 3 млн теңге несие алып, құрал-жабдықтар сатып алды. Қазір шеберханада 12 адам тұрақты жұмыс істейді. Жазда бұл көрсеткіш 2-3 есе артады.

    Шеберхана жылына 300-ден астам киіз үй шығарады. 2023 жылы 380 үй жасалған. Биыл алғашқы екі айда 50 үй дайындалды. Киіз үйлердің қаңқасы темірден құралады, жиналмалы әрі тасымалдауға ыңғайлы. Ең кішкентай үлгісі 250–300 кг болады. Үй жабындылары бес қабатты, суық пен ыстыққа төзімді матадан тігіледі.

    «Киіз үй – ата-бабамыздан қалған мұра. Қазір сұраныс жоғары. Әсіресе фермерлер мен туристік нысандар жиі тапсырыс береді. Жазда саяжайға қойса, қыста баспана ретінде пайдалануға болады. Экотуризм дамып келеді, соған сай біздің өнім де қажет болып тұр. Осы істі кеңейтуге «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» бағдарламасы үлкен серпін берді. Несие шарттары жеңіл, пайыздық мөлшерлемесі төмен. Ең бастысы – партия филиалынан кеңес алып, құжат рәсімдеуде нақты қолдау болды. Бұл – ауылдағы кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік», – дейді кәсіпкер Талғат Қанапия.

    Өнімдер Қазақстанның барлық өңірлеріне жеткізіледі. Бұған қоса, Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге 50 үй, былтыр су басқан өңірге 20-ға жуық үй жеңілдетілген бағамен жөнелтілген. Тапсырыстардың дені фермерлер, малшылар мен туристік кешендерден түседі.

    Отбасылық кәсіпке жұбайы Гүлжанат Дәулетбай жетекшілік етеді. Тігін цехында ауылдың ісмер әйелдері жұмыс істейді. Киіз үйдің үзік, туырлық, түндігі сияқты жабындарын тігеді.

    Айта кету керек, биыл Алматы облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 1,7 млрд теңгеге 186 жоба қаржыландырылды. Бағдарлама киіз үй өндірісінен бөлек, ауыл шаруашылығы, жылыжай, өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету салаларын да қамтиды.

     

     

    Бөлісу: