Кездесу соңында сұхбаттастар сындарлы диалогты жалғастыруға екіжақты қызығушылық танытты
Мазмұны
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссияның вице-президенті Кая Калласпен кездесу өткізді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сұхбат барысында тараптар қазақ-еуропалық ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен келешегін егжей-тегжейлі талқылап, халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасты.
Сұхбаттастар Самарқандта өтетін «Орталық Азия – Еуропалық одақ» саммитінің маңызын атап өтіп, өзара іс-қимылдың жоғары қарқынын құптады.
Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді, сондай-ақ көлік және логистика, маңызды шикізат, жасыл энергетика, цифрландыру, климаттың өзгеруі және тағы басқа салалардағы бірлескен жобаларды одан әрі тиімді жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.
Кездесу соңында сұхбаттастар сындарлы диалогты жалғастыруға екіжақты қызығушылық танытты.