Мазмұны
Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында Бекет ата Мырзағұлұлының 275 жылдығына орай «Бабамның төрі – Байтағым» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Аламан айтысты «АМАNАТ» партиясының қолдауымен Жаңаөзен қаласының әкімдігі ұйымдастырды.
Өнер додасына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев, «AMANAT» партиясы Орталық аппараты Саяси жұмыс департаментінің директоры Еркебұлан Жаулыбаев, Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаев, «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаевжәне қала тұрғындары қатысты.
Айтыста Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Жетісу, Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарынан келген 12 ақын бақ сынады.
Дүбірлі доданы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай тізгіндеді. Ол өз сөзінде жыр додасының мәні мен маңызына тоқталды.
«Тамырлы тарихымызда өшпес із қалдырған, әулиеліктің шыңына жеткен, Хиуада ілім алып, ғұламаларға шәкірт болып, ата дініміздің айқын бағытын белгілеп берген Ұлы дала әулиелерінің бірі де бірегейі – Бекет ата. Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – ер Бекет, Баянтауда – Машекең. Осы әулиелеріміз ел дамуына өлшеусіз үлес қосты. Бүгін дүбірлі додада ақындар Бекет атаның болмысын, ата тарихымызда алар орнын, әулиелік сипатын жан жақты ашып, жырлайды», – деді Аманжол Әлтай.
Сөз сайысында ақындар Бекет ата, Қашаған, Сүгір жырау, Досан, Шотан батыр сынды маңғаз өлкенің тұғырлы тұлғаларын жырға қосты. Сонымен қатар олар ұлттық құндылықтарды ұлықтау, ел мүддесін қорғау, білім-ғылымға жол ашу, туған жерді түлету ісіне өлшеусіз үлес қосқан ардақты адамдардың ізгі амалын жырға арқау етті.
Ақындар айтысына Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман бастаған, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов, белгілі ақындар Қалқаман Сарин мен Мэлс Қосымбаев қостаған қазылар құрамы баға берді.
Өз кезегінде, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев төл өнерімізді төрге оздырған ақындарға алғысын білдірді.
«Айтыс – дала демократиясының дара шыңы. Ол ғасырмен қанаттасып, дәуірмен үндесіп, заманмен тілдесіп бүгінге жетті. Осы орайда, ұрпаққа ұран болған пір Бекеттің 275 жылдығы аясында өткізіліп отырған республикалық айтыста сүбелі сөзімен, орамды ойымен көзіқарақты көрерменнің шынайы ықыласына бөленген барша ақынға айрықша алғыс айтамын. Игі іске мұрындық болған барша азаматқаризашылығымды білдіремін», – деді Тілеген Әбішев.
Айтыс қорытындысы бойынша, бас жүлдені Абай Жолмағамбетов (Маңғыстау облысы) иеленді. Ал 1-орынды Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда облысы) жеңіп алды. Бұл ретте, 2-орынға Дидар Қами (Қарағанды облысы) лайық деп танылды. Жүлделі 3-орынды Марат Ахметов (Ақтөбе облысы) пен Арғынбек Қалбаев (Маңғыстау облысы) өзара бөлісті.
Сондай-ақ Өміржан Көпбосын (Астана қаласы) мен Аяулым Дюсекеноваға (Алматы облысы) арнайы жүлде табысталды. Өзге де қатысушыларға сый-сыяпаттар жасалды.