Мазмұны
Ата-анасы бұған екі жыл бойы дертін таппаса да, бүлдіршінге түрлі дәрі-дәрмек берген дәрігерлерді кінәлайды. Олардың айтуынша, медицина мамандары қызуы көтеріліп барған нәрестеге әу бастан салғырт қараған. Салдарынан ауруын асқындырып жіберген, деп хабарлады 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасы.
Екі жастан асқан Ая Исатай бүгінде төсекке таңылған, өз еркімен жүріп-тұрудан қалған. Тіпті өзге балалар секілді былдырлап сөйлемейді.
Әжесінің айтуынша, дүниеге сау келген нәресте екі аптадан кейін өзін жайсыз сезінген. Содан бері кішкентайды апармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Қызылорда, Алматы, Астанадағы аурухана дәрігерлері бірнеше рет тексеріп, нақты диагнозын таппаған. Оның үстіне ағзаға кері әсері бар түрлі антибиотик берген. Соның салдарынан бала қос жанарынан айырылып, көруден қалған.
“Сау туған баланың бірінші КТ-сы оқылмай қалды, екінші дұрыс диагноз қойылмады. Барлық антибиотикті салғаннан баланың екі көзі көрмейді. Бұған дәрігерлер кінәлі. Қызылорда қаласының дәрігерлері КТ-ны түсіріп дер кезінде оқымаған. Әрі қарай ешқандай диагноз таппай, тексеріс жүргізбеген Астана мамандарының да кінәсі бар”, – деді Ая Исатайдың әжесі Рая Мәмбетәлиева.
Қызылордалық дәрігерлер Ая Исатайға жақында сал ауруы деген диагноз қойған. Бүлдіршіннің миында ақау болған дейді. Бірақ дерттің қалай, неден асқынғанын әлі де дөп басып айта алмай отыр.
“Баланың анасының құрсағында жатқанында анасының түрлі ауруларына байланысты немесе баланың туылуы кезіндегі травмалық жағдайлардан болуы мүмкін. Одан бөлек кішкентай кезіндегі инфекциялық аурулары да осыған әкелуі ықтимал. Бала бізге 2 жас үш айдан асқанда келді, сол кезде сал ауруға шалдыққаны айқын көрініп тұрды”, – деді Қызылорда облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігері Алтынай Жұмаділова.
Аяның ата-анасы ақ халаттылардың үстінен арыз жазбақ. Енді олар қызын Өзбекстандағы клиникаларға апарып жүр.