Оқиға орнын тексеру кезінде 1,174 млрд теңге мен 176 мың АҚШ доллары тәркіленді
Мазмұны
Қаңтар айында Маңғыстау облысының прокуратурасы есірткі және психотроптық заттарды өткізу фактісі бойынша (ҚК-нің 297-бабы, 3-бөлігі, 1-тармақ) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.
Қылмыстық істі тергеу облыс прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасына тапсырылды. Облыс прокуроры Айдос Майлыбаевтың өкімімен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Оның құрамына Қаржылық мониторинг агенттігінің және облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері кірді.
28 наурызда тергеу барысында екі эпизодқа қатысы бар күдіктілер ұсталып, ҚПК-нің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кейін сот олардың қамауда ұстау туралы шешім шығарды.
Оқиға орнын тексеру кезінде 1,174 млрд теңге мен 176 мың АҚШ доллары тәркіленді.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жарияланбайды. Тергеу барысы облыс прокурорының қатаң бақылауында.