568
Сарайшық қаласы консервацияланады
Сарайшық қаласы консервацияланады
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлының айтуынша, бүгінде табиғи-климаттық және антропогендік факторлардың әсерінен Сарайшық қаласын сақтау және қалпына келтіру мәселелері өзекті болып тұр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл проблемаларға біз білікті шетелдік және отандық ғалымдардың назарын аудартуымыз керек. Сөйтіп, ұтымды бірлескен шешімдер қабылдағанымыз жөн. Жалпы алғанда, қаланы сақтауға жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар, ғалымдар мен өзге де мүдделі тараптар қалашыққа қатысты күрделі мәселелерді бірлесіп шешуге атсалысуы қажет. Мәселен, Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарын аяқтау, археологиялық қазба жұмыстарын жалғастыру, осыдан кейін қалашықта консервациялау жұмыстарына барлық ресурстарды жұмылдыруымыз керек», - деді Мұxамедиұлы бүгін Астанадағы xалықаралық конференцияның ашылу салтанатында.
Министрдің сөзіне қарағанда, Сарайшық қалашығының туристік тартымдылығын арттыру үшін көне мұрамызды ашық аспан астындағы музейге айналдырып, өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытуға күш салғанымыз жөн. Сондай-ақ, облыстық «Хан Ордалы Сарайшық» музей-қорығының жұмысын жетілдіріп, экспозициясын кеңейткеніміз абзал. «Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрлігі 2015 жылы «Сарайшық» қалашығының археологиялық ескерткіштерін реставрациялау және консервациялау жұмыстарының жобалау-сметалық жұмыстарын әзірлесе, 2017 жылы қалашықты консервациялау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Осы бағыттағы жұмыстарды алдағы жылдары да жалғастырамыз», - деп атап көрсетті Мұxамедиұлы.
Айта кетейік, Сарайшық қалашығы 100 га көлемі бар, XIII-XVI ғғ. жатады. Жайық өзенінің оң жақ жағалауында, Атырау қаласынан 55 шақырым жерде орналасқан. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде Сарайшықтан Шығыс пен Батыстың ортағасырлық өркениетті орталықтармен сауда-экономикалық және мәдени байланысы туралы ақпарат беретін және Алтын Орда дәуірінің қалалық мәдениетінің бай материалдары табылды.