259
Шанхайда ЭКСПО-2017 таныстырылды
Шанхайда ЭКСПО-2017 таныстырылды
Қытайлық халықаралық саудаға жәрдемдесу комитетінің Шанхайлық бөлімшесі «ЭКСПО-2017» көрмесіне ҚХР ұлттық павильоны мен брендтерін таныстыруға арналған баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлады Қытайдағы «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.
Шараға Шанхай қаласы коммерция басқармасының төрағасы Дун Чао, Шанхай халықтық жиналысы 14-ші шақыртуының тұрақты мүшесі, Қытай халықаралық сауда палатасы ЭКСПО департаментінің директоры Гэ Цзе және 100-ден астам ірі қытайлық компания өкілдері қатысты.
Шанхай қаласындағы ҚР Бас консулы Жошыхан Қыраубаев өз сөзінде қазақстан-қытайлық қатынастардың дамуы, оның ішінде «Жібек жолы экономикалық белдеуі» мен «Нұрлы жол» бағдарламасының түйісуі, өндірістік қуат саласындағы өзара іс-әрекет жайында айтты. «Бірлескен күшпен «Қорғас» шекара ынтымақтастығы және «Қорғас - Шығыс қақпа» АЭА дамуда. «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» жолының құрылысы аяқталуға жақын, Ляньюньган портында қазақстандық-қытай терминалы жұмыс істейді. Ол келешекте сауданы кеңейту, Қытай мен Еуропа арасындағы кеңістікте көлік тасымалын жеделдету үшін мүмкіндіктер ашады», - деді ол.
Дипломат Қазақстан өңірде бірінші боп ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге құқық алғанын еске салды. Бұл жоба Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуі үшін серпін береді және жаңартылған энергетика саласындағы инновация үшін алаң болады. Бүгінде көрмеге 100-ден астам ел, 20 халықаралық ұйым қатысатынын растады. «Болашақ энергиясы жасыл Жібек жолы» тақырыбымен қытай павильоны жоғары бағаға ие. Бұдан басқа 2017 жыл Астанадағы Қытай туризмі жылы болып жарияланды», - деп атап өтті Ж. Қыраубаев.