Оқушылар арасындағы кикілжің пышақтасумен аяқталды
Оқушылар арасындағы кикілжің пышақтасумен аяқталды
Үлкеннің кішіге сес көрсетуі ер балалар арасында үйреншікті құбылысқа айналып кеткен: әскерде, жоғарғы оқу орнында, тіпті мектепте де мұндай оқиғалар жиі болып тұрады. Бір-біріне жұдырық ала жүгіру, тұмсығын бұзу, басын жару сияқты жайттарға құлақ үйренген, бірақ соңғы кезде жасөспірімдердің суық қаруға жүгіне бастағаны тәрбиені ақсатып алғанымыздың дәлелі болса керек. Мәселен, Маңғыстау облысынан жеткен мына хабар қуанта қоймады: Жаңаөзен қаласында екі оқушының арасындағы кикілжің пышақтасумен аяқталған. Салдарынан 14 жасар жеткіншек ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Оқиға “Шұғыла” ықшам ауданында тіркелген. Ішкі істер департаментіне 43 жастағы әйел адам хабарласып, 14 жасар ұлының соққыға жығылып, пышақталғанын хабарлапты. Тоғызыншы сынып оқушысы көкірек қуысындағы жарақатпен қалалық ауруханаға жеткізілген. Кейіннен бейнебақылау камерасының көмегімен полицейлер айыптыны анықтай алды. Ол қаланың 16 жасар тұрғыны болып шықты. Жасөспірім зардап шегушімен бір мектепте оқиды екен. Қылмыс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.