«Көкөніс шаруашылығы негіздері» оқу модулі таныстырылды

«Көкөніс шаруашылығы негіздері» оқу модулі таныстырылды

«Көкөніс шаруашылығы негіздері» оқу модулі таныстырылды
ашық дереккөзі
417
Бүгін Қазақстан баспасөз клубында «Көкөніс шаруашылығы негіздері»  оқу модулінің таныстырылымы өтті. Сондай-ақ, таныстырылымға «Филип Моррис Қазақстан» компаниясынан Айдос Смаилов, «Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қауымдастықтар қоры» қоғамдық қорының атқарушы директоры Бақытгүл Елшібаева,  Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің «Жеміс-көкөніс шаруашылығы және экология» кафедрасының меңгерушісі, профессор Нәзия Сүлейменова,  «Мұса» шаруа қожалығының фермері Марат Мансұров  қатысып, өз ойларымен бөлісті. Таныстырылымдағы ең маңызды обьект «Көкөніс шаруашылығы негіздері» оқу құралы болды. Оның авторлары қатарында ЖБҚ кеңесші-қызметкерлері, сарапшылар: П.Кавунов, М.Жексенбекова, А.Сұлтанбек, Р.Молдобаева, Флорида Университетінің профессорлары: Б.Боман, С.Суонсон, Т.Сприн бар. Сондай-ақ, жиында фермерлер алдында тұрған бірқатар мәселелер жөнінде айтылды. Оның ішінде логистика, фермерлер мен сату орындары арасындағы артық делдалдар, көкөністерді сақтауға арналған арнайы орындардың тапшылығы және шаруашылық жүргізуге байланысты білім беру түйткілдері қозғалды. Ал, аталмыш оқу құралы осы мәселелерді шешудегі қадамдардың бірі болып табылады. Оқу құралы «Шелек фермерлері» жобасының үш жылдық еңбегі мен тәжірибесінің нәтижесіне негізделген модуль. Бұл жоба Еңбекшіқазақ ауданындағы ұсақ фермерлерге бағытталған. Бақытгүл Елшібаева келтірген мәліметтер бойынша, аймақта 15 мың ұсақ шарушылық бар, 2015-2016 жылдары  шаруашылық бойынша 6 семинар өткізіліп, 515 адам оқытылған. Енді осы жылы 7 семинар өткізіліп, тағы 500-ден аса адам оқытылмақ. Оқу құралын шартты түрде екіге бөлуге болады. Бірінші бөлімінде шаруашылыққа байланысты теория қамтылса, екінші бөлімінде фермерлік экономикаға байланысты білім берілмек. Айдос Смаиловтың айтуынша, бұл оқу құралы көкеністерді қалай отырғызып, өсіру керектігі жөнінде ғана емес, сонымен қатар осы көкөністерді сатудың тиімді тәсілдерін үйрететін маркетингтік бағытты да қамтиды. Ұсақ шаруашылықтарға мемлекеттік субсидиялар жеткіліксіз. Олардың көбісі үлкен шаруашылықтарға жұмсалады. Ал, фермерлер мен дүкендер арасындағы делдал фермерлердің табыс мөлшерін азайтады. Сондықтан оқу модулінің негізгі мақсаты ретінде Айдос Смаилов фермерлер мен дүкен, сату орындарының арасындағы делдалдардан құтылу және ұсақ фермерлердің дамуына үлес қосуды атап өтті. «Оқу құралында инновациялық технологиялар мен әлемдік тәжірибені қолдау арқылы көкөніс шаруашылығын дамытуға қатысты қолданбалы ұсыныстар келтірілген. Сондай-ақ, оқу құралында фермер дұрыс есеп-қисап жүргізу, күрделі қаржы шығының есептеу, фермерлік кооперативтерді құрудың падасы және де ауылшаруашылық өнімдерін өткізудің тиімді тәсілдері жөнінде кеңінен ақпарат ала алады», - дейді Нәзия Сүлейменова. «Көкөніс шаруашылығы негіздері» оқу құралының алғашқы тарауы «Көкөніс негіздері», «Қызанақ», «Бұрыш» атты 3 бөлімнен тұрады. Осы тарауда тұқымдарды сапасына қарай қалай таңдау керек екені, өсіру технологиялары жөнінде, отырғызу сызбасы және зиянкестермен күресу туралы кеңестер айтылған. Екінші тарау «Ауыл шаруашылығында есеп жүргізу», «Маркетинг», «Ферма иелерінің кооперациясы», «Жаңа өндірістік технологияларды экономикалық талдау» бөлімдерін қамтиды.  2013 жылдан бастап «Ауыл аймақтарды дамыту» жобасының аясында жүзеге асырылып келе жатқан оқу модулі әзірше даму барысында. Дегенмен, нәтижелеріне көңіл толады.  Флорида Университеті сынды шетелдік ұйымдармен ынтымақтастық қатынас орнатып, серіктес ретінде қызмет атқарылып жатыр. Ешбір делдалсыз «Арзан» дүкендерінде фермерлердің өз өнімдерін сатуына қол жеткізілді.  2015 жылы көкөністердің 89 тоннасы осы әдіспен сатылса, 2016 жылы бұл  көрсеткіш 115 тоннаны құрады.  Еңбекшіқазақ ауданына бағытталған осы модульдің оқу құралы дүкендерде сатылмайды. Ол Агробизнес орталыққа оқуға келген тұлғаларға тегін беріледі. Алайда, болашақта Facebook әлеуметтік желісіндегі «Шелек фермерлері» парақшасында оқу құралының электронды нұсқасы жарияланбақ. Кейіннен оқу құралын Қазақстанның кез-келген аймағына қол жетімді етіп тарату жоспарланған. Оқу құралымен танысқан фермер, өз өнімін сапалы, өтімді етіп өсіруге және аз шығындалып, улкенірек кіріске ие болуға үйренеді.

Айжан Шакенова

   

Серіктес жаңалықтары