410
Атырауда халықаралық инвестфорум өтуде
Атырауда халықаралық инвестфорум өтуде
Атырауда «ATYRAU INVEST-2017» IV халықаралық форумы басталды. Оған орталық және жергілікті мемлекеттік мекемелер, ұлттық компаниялар мен даму институттарының, еліміздегі дипломатиялық өкілдіктердің өкілдері, шетелдік және отандық инвесторлар шақырылған.
Форумға 20 мемлекеттен 500 қатысушы келеді. Облыс әкімдігі «ITECA» халықаралық көрме компаниясы мен Атырау мұнай және газ университетімен бірлесіп қолға алған шараның мақсаты - аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстыру, облыс экономикасына және нақты инвестициялық жобаларға инвестиция тарту.
Айта кетейік, Атырау облысы – инвестиция тартудан көшбасшы аймақ, өткен жылы елімізге тартылған инвестиция көлемінің 25 пайыздан астамы мұнайлы өңірдің үлесінде болды. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша облыста былтыр жеті жоба жүзеге асты. Биыл жалпы құны 11,8 млрд теңге болатын төрт жоба іске қосылады. Форум аясында «Global Oil&- Gas Atyrau 2017» Солтүстік-Каспий аймақтық көрмесі өтіп, өңірдегі инвестициялық жобалар жайында кең мағлұмат беріледі. Облыс әкімі дипломатиялық корпус пен қатысушы компания өкілдерін қабылдайды. Бизнестік құрылым жетекшілері өзара іскерлік кездесулер өткізеді. Сондай-ақ, «Мұнай-газ кластері - аймақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыру құралы», «Жоба менеджменті немесе инвестиция тиімділігінің шарттары» тақырыптарында пленарлық мәжіліс жоспарланған.