230
Соңғы 25 жылда бірінші рет өзбек әуе компаниясының ұшағы Душанбеге қонды
Соңғы 25 жылда бірінші рет өзбек әуе компаниясының ұшағы Душанбеге қонды
Душанбе әуежайына бірінші рет Өзбекстан әуе компаниясының ұшағы қонды. Тәжікстан мен Өзбекстан арасында жиырма жылдан астам уақыттан бері бір де бір әуе рейсі болмаған. Екі ел арасында тек көлікпен қатынауға болатын.
"Узбекистон хаво йуллари" компаниясының 25 жолаушысы бар ұшағы бүгін Ташкенттен Душанбеге жергілікті уақыт бойынша сағат 8:05-те қонды. Бүгін Душанбеден Ташкентке кері рейспен 12 жолаушы ұшып кетеді. "Узбекистон хава йуллари" компаниясының алғашқы тұрақты Ташкент - Душанбе - Ташкент рейсі 4 сәуірде ұшады деп жоспарланған. Бірақ ол рейс Өзбекстан билігінің мәлімдеуінше "құжаттарға қатысты мәселе туындап", ұшпай қалған.
10 ақпанда Ташкентте "Сомон Эйр" мен "Узбекистон хава йуллари" компаниялары арасында Ташкент - Душанбе - Ташкент маршруты бойынша тұрақты рейс ашуға қатысты келіссөз өткен. Оның нәтижесінде "Сомон Эйр" өзбек билігінен эксплуатациялық келісім алып, 20 ақпаннан бастап Душанбеден Ташкентке ұшақ ұшыра алатыны хабарланған.
Бірақ ақпанға белгіленген екі рейс ұшпай қалған. Тараптар рейс құжаттарды қарастыру қажеттігінен ұшпай қалды деп түсіндірген.
Өзбекстан мен Тәжікстан арасында тікелей әуе рейстері 1992 жылы, Тәжікстанда азамат соғысы басталғанда тоқтап қалған. Екі ел арасында әуе қатынасын жаңғырту туралы келісім өткен жылдың соңында жасалған.