276
«Айқын» – алғашқы мүшелде!
«Айқын» – алғашқы мүшелде!
Еліміздегі белді басылымдардың көшбасында келе жатқан «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті алғашқы мүшелге толды. Осыған орай, газет ұжымы «13 жылдыққа – он үш шара» атты бастама көтерді.
Таяуда ғана басылым журналистер, блогерлер арасында шахматтан Aikyn Media Open турнирін өткізіп, Алматыдағы Қазақстан Инженерлік-технологиялық университеті студенттерімен кездескен болатын. Ал өткен аптада газет ұжымы талай майталман журналистерді тәрбиелеп, шыңдап шығарған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті студенттерімен жылы жүздесу өткізді. Жас тілшілермен дастарқан басында дидарласқан «Айқын» газетінің ұжымы өз тарапынан төрт студентке бір реттік шәкіртақы тағайындалды. Бұл кездесудің бір ерекшелігі, «Айқын» газетінің Нұртөре Жүсіп бастаған ұжым ұлттық киім киіп қана қоймай, ұлттық тағамдардан дәм татырды. Ұжым осы шара үшін құрт-бауырсақтан бөлек, 70 литр көже пісірген еді. Ал бұрын есімдерін газет бетінен, мақала соңынан ғана көріп жүрген журналистермен жүзбе-жүз жолыққан студенттер ерекше әсер алды.
Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, журналистика факультетінің деканы:
– Қазақ мүшел жасына ұлан-асыр той жасайды. Осы ата-дәстүрді жаңғыртып жүрген «Айқын» газетінің ұжымына алғыс айтқымыз келеді. Еліміздегі қазақ тілінде жарық көретін республикалық басылымдардың көшін бастайтын газеттердің бірегейі десек, артық емес. Өйткені мұнда қызмет ететін журналистердің басым көпшілігі Қазақстанға белгілі тілшілер. Аптасына төрт мәрте газет шығару – оңай шаруа емес. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін қайнаған орта деп осыны айтса керек. Біздің студенттермен тілдесіп, ақыл-кеңестеріңізді жиі айтып отырсаңыздар екен. Осы әдемі үрдісті енді еліміздің өзге де БАҚ өкілдері ізін суытпай, жалғаса жақсы болар еді. Биылғы мерейтойларымен құттықтай отырып, ұжымға шығармашылық табыс тілегіміз келеді.
Нұртөре ЖҮСІП, «Айқын» газетінің бас редакторы:
– Қара шаңырақ – ҚазҰУ-дың журфагы көпшілігімізге ыстық. Өйткені ұжымдағы журналистердің басым бөлігі осы оқу ордасынан тәлім алған. Мен де осы жердің түлегімін әрі бір жылдары оқытушылық қызметте болған едім. Жас журналистерді дайындайтын бірден-бір орын екенін жылдар бойы дәлелдеп келеді. «13 жылдыққа – он үш шара» аясында қара шаңырақты ұмыт қалдыруға болмайды. Жылы қабылдап, қонақ ретінде күтіп алған факультет ұжымына алғыс айтқымыз келеді. Елімізге белгілі журналистерді тәрбиелеп, оқу орнының беделі арта берсін.
Дана Маратова, шәкіртақы иегері:
– Кез келген журналистің көздеген шыңы болады. Болашақ журналистердің көпшілігі үшін «Айқын» газеті бағыт-бағдар беретін басылым. Біз газет тілшілерінен үлгі аламыз. Мақала жазу тәсілін, беру формасын үйренеміз. Ал өзім «Айқынның» арнайы шәкіртақысына ие болғаным үшін қуаныштымын.