ОҚО дәрігерлері алғаш рет жүрек алмастыру отасын жасады

ОҚО дәрігерлері алғаш рет жүрек алмастыру отасын жасады

ОҚО дәрігерлері алғаш рет жүрек алмастыру отасын жасады
ашық дереккөзі
345

Оңтүстік Қазақстанда бұрын соңды мүмкін болмаған жүрек оталары жасалды. Бұл туралы облыстық кардиология орталығында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев мәлімдеді.

Онымен бірге Түркиядан арнайы келіп Шымкентте шеберлік сабағын өткізген Ыстамбұл қаласы ауруханасының бөлім меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Белхам Акпинар, кардиоорталықтың бас дәрігері, ғылым докторы Спандияр Бекжігітов баспасөз мәслихатын өткізді.

«Ыстық ықылас танытқандарыңызға рахмет! Сіздермен тәжірибе алмасуға, мүмкіндіктерімді көрсетуге көмектескен азаматтарға ерекше алғысымды білдіргім келеді. Екі күнде жүректің қақпақшалар құрылымдарын реконструкциялау мен протездеу және интраоперациондық радиожиілік абляциялауды пайдалана отырып аортокоронарлық шунттау отасын 5 науқасқа жасадық» деп сөз бастады Белхам Акпинар.

Бұл ота жүректің ишемиялық ауруымен қатар, қақпақшаларының зақымдануы анықталып, ырғағының бұзылуы асқынған науқастарға жасалынады.

– Түркиядан арнайы келген білікті дәрігер, профессор Белхам Акпинарға алғысымыз шексіз. Бұл кәсіби мамандардың мақсаты Оңтүстік Қазақстан облысында дәрігерлердің біліктіліктерін арттыру, халықтың денсаулығын жақсарту, күрделі оталарды дәрігерлерімізге үйрету. Бұрын мұндай оталар Алматы мен Астанадағы республикалық орталықтарда ғана жасалып келген болса, облыстық деңгейде алғаш рет қолға алынды. Бұл әлемнің кез келген дамыған елінде жасала бермейтін күрделі ота. Айта кетуіміз керек, жасалған оталардың барлығы да мемлекет есебінен қаржыландырылған. Тегін. Дегенмен, өмір бір орнында қалып қоймайды. Біз бұл мамандармен келісімге келдік. Егер дәрігерлеріміз түрік еліне барып, біліктіліктерін жетілдіретін болса, жол шығындарынан басқасын, ас-ауқатынан бастап, жататын орны мен оқуына дейінгі шығындарды түгел Түркия тарапы өз міндетіне алып отыр. Бұл облыс дәрігерлеріне берілген мол мүмкіндік, үлкен көмек деп ойлаймын. Келешекте мұндай күрделі оталарды өзіміздің дәрігерлеріміз де жасай беретін болады, – деді Мұқан Кеңесбекұлы.

«Бұл бір адамның қолынан келетін ота емес, кемінде үш дәрігер қатысады. Отаның алғашқы кезеңін біздің қатысуымызбен Белхам мырза жасады. Одан кейінгісін мен жасадым, профессордың кеңесімен. Бәріміз үйрендік. Отаға байланысты сұрақтарымызға қанағаттанарлық жауабымызды алдық. Қажетті деректерді жазып алдық. Оқып, оң нәтиже шығарып, әрі қарай жалғастыра алатынымызға сенімдімін. Көпшіліктің көзінше уәде де бере аламын. Бүгін соның айғағы ретінде өзіміз ота жасайтын бір науқасты отаға дайындап жатырмыз» деп ағынан жарылды кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Бауыржан Байтөре.

Соңғы екі жылда облыстық кардиоорталықта 620 жүрекке ота жасалыныпты, 2015 жылы – 310, 2016 жылы – 310. Қазақстанда кардиохирургиялық ота жасайтын 27 орталық бар. Соның ішіндегі Алматы қаласындағы А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында былтыр 274 ота жасалыпты. Шымкентте бұл көрсеткіш 46-ға көп. Жалпы, облыстық кардиоорталықта соңғы 7-8 жылда 3000 жүрекке ашық ота жасалған.

«Дәрігерлеріміз шет елдерде білімдерін жетілдіріп, біліктіліктерін арттырған. Күрделі оталарды меңгеруде. Тіпті олар жүректі ауыстыруға да дайын» дейді кардиоорталықтың бас дәрігері Спандияр Бекжігітов.

Бас дәрігердің айтуынша, жүрек ырғағының бұзылуы – "жүрекшелердің жыбыры" халық арасында кеңінен таралған созылмалы ауру екен. Аталған патология әйелдермен салыстырғанда ер адамдарда 1,5 есе жиі кездеседі. Жүрекшелердің жыбырын емдеу қазіргі заманның кардиологиясы мен кардиохирургия саласында қиындық тудырып отыр. Ең басты қиындықтардың бірі – кардиогенді тромбоэмболиялар жиі ми инсульттарының туындауына себеп болып, науқастардың өмір сүру сапасын төмендетеді. Айтылған мәселе бойынша жүрек қақпақшаларының ақауы мен жүрекшелердің жыбырын кардиохирургиялық жолмен бірге емдеу күрделі оталардың бірі болып табылады. Ал, бұл мастер-кластың ұйымдастырылу мақсаты да осы –науқастарды ауруынан айықтырып, сапалы ұзақ өмір сүрулеріне ықпал ету.

Серіктес жаңалықтары