272
Көрмені насихаттау көңілден шықпай отыр
Көрмені насихаттау көңілден шықпай отыр
«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов барлық облыс әкімдері орынбасарларының қатысуымен арнайы жиын өткізді. Халықаралық көрменің ашылуына да аз уақыт қалды. Қазіргі таңда дайындық
жұмыстары соңғы ширегіне жақындап, құрылысты аяқтап қалдық. Басқарма төрағасы кешегі жиында да атқарылған жұмыстардың жайын баяндап, жұмыс жүйелі жүріп жатқанын жеткізді.
«Қатысуға өтініш білдірген 115 мемлекеттің қазір 90-ға жуығы өз павильондарын жаб- дықтауға кірісіп кетті. Ал қалғандары жуық арада жұмысты қолға алады деген сенімдеміз. Сонымен қатар, біздің өз павильонымызда да қызу жұмыс жүріп жатыр. Оны жаңа өздеріңіз аралап шыққан сәтте де көрдіңіздер», деді А.Есімов. Басқарма төрағасының айтуынша, екі айдан соң әлем жұртшылығына есігін айқара ашқалы отырған ерекше шараның артықшылығын облыс әкімдерінің тиісті салаға жауапты орынбасарларының назарына ұсынып, бірлесіп атқарар жұмыстарды тағы бір пысықтаудың маңызы зор. Себебі, аталған халықаралық көрменің елге тигізер пайдасы, экономикалық табысы, жалпы, біз үшін берері жайында халыққа дұрыс ақпарат жеткізу, дұрыс түсіндіруде облыс басшылығының орны бөлек. Осы орайда А.Есімов облыстар көрмеге билет сатумен ғана айналыспай, шараның шын мәнінде елге қажеттілігін нақты мысалдармен дәлелдеп, жұрттың шынайы қызығушылығын тудыру керектігін ескертті. Басқарма төрағасы бұл үшін әкім орынбасарлары алдымен өздері көз жеткізіп, толық мәніндегі ақпаратпен қамтылып, атқарылып жатқан жұмыстарды өз көздерімен көрулері қажет деп шешсе керек. Сол себепті, облыс әкімдерінің орынбасарларының басын қосқан «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы көрмеге дайындық жұмыстарын егжей-тегжейлі баяндап, қатысушылардың назарына слайдқа құрылған арнайы таныстырылымда ұсынды. «Осының бәрін жергілікті халыққа түсіндіріп айту керек. Мұндай мүмкіншілік ТМД мемлекеттерінің тарихында біздің елде бірінші рет болып отыр. Елбасының бұл жобасын біз халыққа жеткізуге тиіспіз. Халық көрмені тамашалауға өз еркімен келетіндей жағдай жасалады. Бұл көрмеге, әсіресе, жастардың құштарлығын ояту маңызды. «Болашақтың энергиясы» тақырыбында әлемнің қандай жетістігі барын, не жасалып жатқанын көруі керек», - деді А.Есімов