Бабалардың жүзеге асқан өсиеті

Бабалардың жүзеге асқан өсиеті

Бабалардың жүзеге асқан өсиеті
ашық дереккөзі
274

Өткен аптада Астана қаласында «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының кезектен тыс ІІІ съезі өтті. Съезге Қазақстанның барлық өңірлерінен 2000 делегат қатысты. Делегаттардың қатарында «Жас Отан» Жастар қанатының өңірлік филиалдарының өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары, шығармашыл, ғылыми, жұмысшы және ауыл жастарының өкілдері, белгілі спортшылар, мәслихат депутаттары бар.

Еліміздің белсенді жастары қатысқан «Жас Отан» Жастар қанатының кезектен тыс ІІІ съезінде «Қазақстан – 2050» Стратегиясын іске асырудағы жастардың рөлі талқыланды. Сондай-ақ, «Жас Отан» Жастар қанатының 2020 жылға дейінгі жаңа буынның жетістік жолы саналатын «Жас­тар – Отанға!» бағдарламасы қабылданды. «Бағдарлама төрт негізгі бағыттан тұрады: отаншылдық пен тұлғалық даму, білімге ұмтылу, еңбек пен кәсіби жетілу, игілікті отбасы. Жаңа бағдарламаның басты ерекшелігі міндеттерді тізіп шығу емес, оны іске асырудағы жаңа тұжырымдама болып табылады. Жастар тек игілікті алушылар ғана емес, оның бастамашысы және аталған бастаманың тікелей орындаушылары да болады. Жастардың мұндай кешендік нақты шаралары, партия мен «Жас Отанның» қайта жүктеу үдерісіне сәйкес келеді», – деді «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықов.

Бағдарламаның бағыт-бағдарын түсіндірген «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықов «Жас Отанның» 2012-2015 жылдар аралығында атқарған жұмыстары туралы баяндады. Нұрлан Сыдықовтың айтуынша, бүгінде жасотандықтардың қатарында 170 мыңға жуық жас­тар бар екен. Бұл көрсеткіш республикадағы жастардың 3,8 пайызын құрайды. «Жас Отанның» жұмысы еліміздің 14 облысы мен республикалық маңызы бар Астана және Алматы қалаларын қамтиды. Жастар қанатының құрамына 37 қалалық, 170 аудандық филиал, 1700 бастауыш ұйымдар кіреді. 2012 жылдан бері жүзеге асырылған жобаларға тоқталған Нұрлан Сыдықов: «Екі жылда «Сәтті қадам» жобасы 25 мыңға жуық адамды қамтыды. Оған еліміздегі 240 ірі жұмыс берушілер тартылған. Біз жобаға қатысуға ниет білдірген 3 мыңнан астам өтініш қабылдадық, 1000 адам мемлекеттік органдар мен беделді ұлттық компаниялардан үш айлық тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болды», – деді. Сонымен қатар, 2009 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Жастар кадрлық резерві» жобасына 10 мыңнан астам жас маман қатысыпты. Әр жыл сайын байқау қорытындысы бойынша 372 кадрлық резервтен тұратын база құрылған. «Жас Отанның» жобалары арқылы елімізде «Кеңес орталығы» консалтинг-орталықтары ашылып, аталмыш орталықтарға жасотандықтар кәсіби көмек беретін мамандарды жұмысқа тартуда. «Кеңес орталықтарында» білім беру бойынша мемлекеттік және өзге де бағдарламалар, жұмысқа орналасу, баспанамен қамтамасыз ету туралы кеңес береді.

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында бас қосқан жігерлі жастардың жиынына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Елбасы съезге қатысқан жастармен сұхбаттасып, оларға жаһандық дамудың қыр-сырын баяндап берді. «Бүгiнгi күнi Қазақстан көптеген параметрлер бойынша әлемдегi дамыған 30 мемлекеттiң тізіміне кiредi. Бұған бiз қысқа уақытта қол жеткiздiк, 20 жыл тарих үшiн қас қағым сәт. Экономиканың даму қарқыны, бiрқатар өнеркәсiптiк өндiрiс, ауыл шаруашылығы, бiлiм, денсаулық сақтау және басқа да факторлар бойынша осы елдердiң қатарындамыз деп айтуға болады», – дедi Нұрсұлтан Әбішұлы съезде сөйлеген сөзінде.

Мемлекет басшысы Қазақстанның «Мәңгілік ел» идеясы ата-баба­ларымыздың арманынан туын­дағанына тоқталды. «Бабаларымыз тасқа басқан өсиеттерін іске асырып, мәңгілік ел болуға бет бұрдық. 2050 жылға дейінгі бағдарламаның мақсаты – 30 өркендеген елдің қатарына қосылу, «Нұрлы жол» бағдарламасы, басқа да шаруаларды сондай мемлекет құру үшін қолға алып жатырмыз. Еліміздің мәңгілік темірқазығы болатын идея терең тарихтан бастау алып, бүгінгі күннің мұраттарына сай келуі тиіс еді. Неше ғасыр өтсе де ескірмейтін, мәңгілік болашақпен сабақтасатын идея болуы қажет еді. Кезінде бабаларымыздың мың жылға жететін ұрпаққа өсиетімізді тасқа таңбаладық дегенді «Орхон-Енисей» ескерткіштерінен білесіздер. Сол өсиеттердің бірі – Тоныкөк абыз айтқан түрік жұртының мұраты «Мәңгілік ел» деген сөз. Біз оны ойлап тапқанымыз жоқ, ата-бабамыздың түпкі ойы сол болатын. Қазақтың жерін мәңгілік ету. Осынау бір ғана сөйлемге барлығы сыйып тұрған жоқ па? Бабалардың арманы бүгінгі еліміз бен болашақ ұрпақтың биік мақсаттарын үндестіріп жатыр. Ұлттық идеяны іске асыруға белсене атсалысатын жас ұрпақтың алғашқы легі – сіздер боласыздар», – деп Нұрсұлтан Әбішұлы съезге жиналған жастарға сенім білдірді.

Съезде қабылданған Жастар қанатының жаңа жобасы 54 пайызға жаңартылды. «Жастар қанаты мен серпінді дамып келе жатқан ұйым ретінде өз қызметіміздің қайта жүктемесін жасадық. Бүгінгі таңда «Жас Отан» жаңаруды қажет етеді, жастардың пәрменді қозғаушы күші ретінде біз жаңа өлшемдерге сәйкес болуымыз тиіс», – деді съезде сөйлеген «Жас Отан» Қарағанды облыстық филиалының атқарушы хатшысы Нұржан Жетпісбаев.

«Жас Отан» Жастар қанатының кезектен тыс ІІІ съезінде «Жас Отан» Жастар қанатының жаңа логотипі қабылданды, сондай-ақ, жаңа жетекші орган – Үйлестіру Кеңесі құрылды. Съезде «Жас Отан» Орталық кеңестің жаңа құрамы да сайланды. Жаңадан сайланған құрам 68 пайыз жаңарды. Кеңес құрамындағылардың орта жасы 28-ден 26-ға кеміді. Әйелдер саны 4 пайыз артса, өзге ұлт өкілдерінің қатары 10 пайызға көбейді. Мемлекеттік органдар өкілдерінің қатары 6 пайызға азайды. Орталық кеңестің жаңа құрамына ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы Илья Ильин, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Мейрам Бегентаев, көркем гимнастикадан спорт шебері Анна Альябева, «Хабар» телеарнасы жаңалықтар қызметінің жүргізушісі Нұрсұлтан Құрман, КИМЭП түлектері қауымдастығының жетекшісі Мұрагер Сауранбаев, Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар бірлестіктері үйлестіру кеңесінің төрағасы Элина Паули секілді белсенді жастар қосылды.

Серіктес жаңалықтары