Сал-серінің сарқыты

Сал-серінің сарқыты

Сал-серінің сарқыты
ашық дереккөзі
816
Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында әнші, композитор, өнертанушы, киногер Ерлан Төлеутайдың «Сал-серінің сарқыты ол кешегі…» атты шығармашылық кеші өтті. Шығармашылық кешті ашқан өнертанушы, күйші Жарқын Шәкәрім: «Әр қоғамның, әр заманның өз дүлдүлі мен бұлбұлы, бал бармақты күйшілері мен от тілді, орақ ауызды ақындары болады. Сонау Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, одан кейінгі Біржан сал бастаған сал-серілер дәуірі ХХ ғасырда Ж.Елебеков, Д.Мықтыбаев, Ж.Қаламбаев сынды тұлғалармен жалғасты. Осы заманның серісі Ерлан Төлеутай әнші емес, суырыпсалма ақындығы, композиторлығы да бір төбе. Оның қоғамдағы іргелі мәселелер жөнінде айтқан сөздері мірдің оғындай дөп тиеді. Өйткені ол шындықты айтады. Бүгінгі тұңғыш концертіне келіп отырған зал толы көрермен оның өнерін халықтың бағалағанының дәлелі. Сегіз қырлы, бір сырлы, көреген көзді, ойлы жүректі Ерлан Төлеутай оған лайық» деп ағынан жарыла ақ тілегін айтты. Өнер жолын Қарағанды мемлекеттік университетінің «Балауса» әдеби шығармашылық бірлестігінде әнші болып бастаған Ерлан көп жылдардан бері қазақ ән өнерінің тарихын зерттеумен айналысып келеді. «Баянауылдың дәстүрлі ән өнері», «Жүсіпбек Елебеков», әнші Қайрат Байбосыновтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Айбозым» атты кітаптары осы саладағы тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Мамандығы тарихшы азамат журналистік, публицистік қырымен де жақсы танымал. Кезінде «Алтын Орда», «Алаш Орда» және «Сана» газеттерінде өткір пікірлерімен, еркін ойларымен көзге түскен болатын. Бүгінгі күні Е.Төлеутай Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Анимациялық кино» шығармашылық бірлестігінің бас редакторы қызметін атқарады. Ол қазақ көрермені үшін зор қуаныш болған «Құнанбай», «Біржан сал», «Анаға апарар жол», «Алмас қылыш» фильмдерінің түсірілуіне сүбелі үлес қосты. Әннің табиғатын терең түсінетін әнші Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Жарылғапберді, Мәди, Иманжүсіп, Сәкен Сейфуллиннің әндерінің шығу тарихына, сал-серілердің басынан өткен махаббат баяндарына, сүйініш-күйініштеріне, талайлы тағдырларына тоқтала отырып, тыңдаушының құлақ құрышын сазбен де, сөзбен де қандырды. Ол сырбаз әнші ғана емес, сыршыл композитор да. Оның Абай, Шәкәрім, Мұқағали, Ж.Жақыпбаев, Е.Ибраһим, Қ.Асанов, М.Айтхожина, Тұрсын Жұмаш, Ж.Әскербекқызы, Қ.Асқаров, қырғыз ақыны Әкбар Рысқұловтың өлеңдеріне жазылған әндері әншісін де, тыңдаушысын да тапқан көркем дүниелер. Осы кеште Ерланның бірнеше жаңа әнінің тұсауы кесілді. Еркеш Ибраһимнің сөзіне жазылған «Дала қандай тамаша», Р.Әлқожа орындаған «Келдің бе жаным, көктеммен» (сөзі М.Айтхожинанікі) әндері оны жаңа қырынан танытты.    

Серіктес жаңалықтары