Тату көрші – аяулы туысыңдай

Тату көрші – аяулы туысыңдай

Тату көрші – аяулы туысыңдай
ашық дереккөзі
321
Қазақ еліне мемлекеттік сапармен келген Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовті Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік мәртебелі мейманға лайықты сәл-салтанатпен қарсы алды. Шағын құрамда өткен отырыс кезінде Елбасы Н.Назарбаев Гурбангулы Бердымұхамедовті өткен президенттік сайлауда жеңіске жетуімен құттықтап: «Сіздің өткен сайлаудан кейінгі алғашқы сапарларыңыздың бірін біздің елімізден бастағаныңызды жоғары бағалаймыз. Қазақстанды түркімен халқымен арада әріптестік, тату көршілік және бауырластық қарым-қатынастар байланыстырады. Біздің қатынасымыз ширек ғасырда өзара сенім мен қолдаудың негізінде қалыптасты. Түркіменстан – Қазақстанның өңірдегі маңызды серіктесі әрі одақтасы. Екі елдің халқы бір-бірімен бауырлас әрі тату көрші. Бізді ғасырлар қойнауынан жалғасып келе жатқан ортақ тарихи тамыр, тіл мен дін байланыстырады. Сыртқы саясатта ынтымақтаспыз, Түркіменстанның халықаралық деңгейдегі бастамаларын қолдаймыз, Түркіменстан біздің бастамаларымызды қолдайды», – деді. Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жекелеген бағыттар, соның ішінде көлік-транзит және энергетика салалары бойынша екіжақты ынтымақтастықтың дамып келе жатқанын атап өтіп, бұл ретте басқа да салалардың зор перспективасы бар екеніне назар аударды. Екі мемлекеттің бірлесіп іске асырған табысты жобаларының бірі ретінде Қазақстан Президенті Қазақстаннан Түркіменстанға, одан әрі Иранға жол тартатын теміржол желісінің құрылысын мысалға келтірді. «Біздің достығымыздың арқасында дүниеге келген ірі жобалардың бірі – Жібек жолының желісімен Қазақстаннан Түркіменстан арқылы Иранға баратын теміржолдың құрылысы. Қазір біз жаңа Жібек жолы туралы айтып отырмыз. Бұл мәселе 15 мамырда Бейжіңде өтетін «Бір белдеу – бір жол» форумында егжей-тегжейлі сөз болады. Бұл – аса маңызды маршрут, біздің міндетіміз осы келісімнің мазмұнын арттыра түсу», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Қазақстан басшысы екіжақты әріптестік аясындағы басқа да маңызды мәселелерге, осы кездесу барысында қол қойылуы жоспарланған құжаттардың аясында қарастырылатын мәселелерге тоқталды. Жаһандық экономика мен саясаттағы күрделі кезеңде екіжақты қатынастарды дамыту үшін Түркіменстан президенті сапарының маңызы жоғары екеніне назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев жекелеген бағыттар, соның ішінде көлік-транзит және энергетика салалары бойынша екіжақты ынтымақтастықтың дамып келе жатқанын атап өтті. «Біз Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы стратегиялық серіктестік туралы аса маңызды шартқа қол қоямыз. Осы келісімнің арқасында қатынастарымыз дамудың жаңа кезеңіне өткелі тұр. Біз елдеріміз арасындағы шекараға қатысты барлық мәселені шешеміз. Шекараға қатысты түйткілді мәселелер мүлдем жоқ елдер Қазақстан мен Түркіменстан ғана болмақ», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ал әріптесінен кейін сөз алған Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстанға шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдіріп, Түркіменстанның әрдайым достық, тату көршілік, өзара құрмет қағидаттарын ұстанатынын және қазіргі даму кезеңінде осы ұстанымдарды басшылыққа алып, өзге елдермен қарым-қатынас орнатып отырғанын жеткізді. «Себебі біз үшін ата-бабаларымыз достық, тату көршілік, өзара құрметке құрылған қарым-қатынастардың не­гізін қалап кетті» деген ол: «Қауіпсіздікке, қақты­ғыстарды бейбіт жолмен шешуге қатысты күн тәр­тібінде тұрған өңірлік және халықаралық мәсе­лелер жөніндегі біздің көзқарасымыз Қа­за­қ­­­­­с­тан­ тарапының ұстанымымен үйлеседі. Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып табылатын Қазақстанның бастамаларын қолдаймыз. Бұл – барша дүниежүзінде тұрақтылық, қауіпсіздік және бейбітшілік орнату деген сөз», – деді Гурбангулы Бердімұхамедов. Салтанатты кездесуден соң екі мемлекет делегацияларының қатысуымен кеңейтілген келіссөздер өтті. Екі ел президенттері халықаралық саясат, екіжақты ынтымақтастық, өңірлік өзара іс-қимыл, мәдени-гуманитарлық және әлеуметтік салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сарапшылардың айтуынша, 2010 жылдан бергі ресми Астанаға әртүрлі елдердің билеушілері мен мемлекет басшылары жасаған сапарлардың ішінде дәл осы сапар ерекше қырымен қатты дараланады. Оның қорытындысында президенттер тек бірлескен мәлімдемемен шектеліп қалмай, бірден екі «ірі, стратегиялық һәм тарихи» құжатқа қол қойды. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов «Қазақстан Республикасы мен Түркіменстан арасындағы Стратегиялық серіктестік туралы шартты» бекітті. Сондай-ақ, олар «Қазақстан-Түркіменстан мемлекеттік шекарасын белгілеу-демаркациялау туралы келісімге» қолтаңбаларын қалдырып, рәсімдеді. «Екі мемлекеттің арасында салмақты келісімдік база бар, ол 50-ден астам құжатты құрайды. Бүгін де келісімдердің үлкен топтамасына қол қойылды. Олар қазақ-түркімен қарым-қатынастарын ары қарай тереңдетуге бағытталған. Жаңа құжаттар арасынан екеуін ерекше бөліп айтқым келеді. Бұлар – Стратегиялық серіктестік туралы шарт және Қазақстан-Түркіменстан мемлекеттік шекарасын белгілеу туралы келісім. Бірінші шарттың арқасында қатынастарымыз дамудың жаңа кезеңіне өткелі тұр. Екіншісі бойынша біз елдеріміз арасындағы шекараға қатысты барлық мәселені шешеміз. Осылайша, өңірдегі шекараға қатысты түйткілді мәселелері мүлдем жоқ елдер осы біздің екі мемлекет болады», – деді Қазақстан Президенті. Түркіменстан басшысының Қазақстан республикасына мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша екі ел үкіметтері арасындағы «Қазақстан-Түркіменстан үкіметаралық комиссиясы туралы келісім», сондай-ақ «Құпия ақпараттарды өзара сақтау туралы келісім» бекітілді. Нұрсұлтан Назарбаев Түркіменстан президентін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Серіктес жаңалықтары