369
ЭКСПО-2017: 900 мыңға жуық билет сатылды
ЭКСПО-2017: 900 мыңға жуық билет сатылды
Бүгінгі күнге дейін елордада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне 900 мыңға жуық билет сатылды. Бұл жайында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Ербол Шорманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«5 млн келуші көрсеткішіне қол жеткізуге тиіспіз. Бұл - көрсеткішті біз өз алдымызға мақсат ретінде жүктеп отырмыз. Белгілі бір деңгейде бұл көрсеткішке қол жеткізетіндігімізге үмітіміз бар. Әрине, аталған көрсеткішті орындау үшін халықаралық деңгейде және ішкі нарықта көрмені ілгерілетуге бағытталған жұмыстар барынша маңызды. Біз бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде шетелдік БАҚ үшін белсенді түрде баспасөз турларын өткізудеміз. Біздің көрме жайындағы ақпараттар әлемнің жетекші әуежайларында Амстердам, Франкфурт, Дубай, Мәскеуде гі билбордтарда орналастырылған. Оларда жалпы 200 миллионнан астам адам ары-бері өтеді», - деді ол «Астана ЭКСПО-2017» ІІІ халықаралық туристік конференциясы барысында. Мұнан бөлек, оның айтуынша, Астанада өтетін ЭКСПО көрмесінің жарнамасы Евроньюс, Дискавери, Си-Эн-Эн, Си-Эн-Би-Си, National Geographic телеарналарында көрсетілуде. «Бүгінгі күні жетекші әлемдік туристік қауымдастықтар және агенттіктермен 82 келісімге қол қойылып, туристік операторлармен туристік топтамалар құрамында 180 мың билет сату туралы 13 шарт жасалды. Осы ретте бүгінгі күнге дейін 897 мың билеттің сатылғандығы жайында ақпарат бере кеткім келеді. Бұл жаман көрсеткіш емес әрі алдағы уақытта өтетін көрмеге қызығушылықтың жоғары екендігін көрсетеді. Дегенмен,бұл сан одан да жоғары болатын-ақ еді», - деді Шорманов.