336
Тұрғын үйге салынған инвестиция артқан
Тұрғын үйге салынған инвестиция артқан
Қазақстанда құрылыс саласы экономикадағы көшбасшы рөлін әлі сақтап отыр. Елдің құрылыс саласы өткен жылы да даму қарқынын бәсеңдетпей, салынған инвестиция көлемі де артқан. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов Астанада өткен арнайы брифингте айтты.
Комитет төрағасы салада биыл да өсім бар екенін тілге тиек етті. Нақты айтқанда, 2017 жылдың алғашқы үш айында құрылыс саласындағы өсім – 7,1 пайыз. Биылғы үш айда тұрғын үй құрылыс саласына 174 млрд теңгенің инвестициясы салыныпты. Жалпы алғанда, дәл осы салаға 2015 жылы – 740 млрд, 2016 жылы 830 млрд теңге инвестиция салынған. Бір сөзбен айтқанда, тұрғын үй құрылысына аударылып жатқан қаржы аз емес. Соның нәтижесінде, 2016 жылы елдегі тұрғын үй қоры 10,5 млн шаршы метрге көбейіпті. Бұл дегеніңіз – 90 мыңға жуық пәтер деген сөз. Демек, салада шынымен де алға басу байқалып тұр.
Әрине, халықты тұрғын үймен толық қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Дегенмен тек 2017 жылдың өзінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 100 мың пәтер салынбақшы екен. Оның 25 мыңы мемлекеттік инвестициясы есебінен салынатын көрінеді. Демек, мемлекеттік салаға жеке секторды ғана тартып отырмағанын, арнайы бағдарламаларды тыңғылықты орындап отырғанын көрсетеді.
Сонымен бірге, мемлекет жеке тұрғын үй салу, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау тәрізді бағыттарда да нақты жұмыстар атқарып жатыр. «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру үшін арнайы пилоттық жоба да әзірленіпті. Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту үшін облыс орталықтарында жүзеге асырылуы тиіс пилоттық жобада біркелі сәулеттік үлгідегі жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу, бұл шаруаны бір ғана құрылыс салушыға беру, сонымен қатар Тұрғын үй құрылысы комбинатының технологиясын қолдану арқылы тұрғын үй құнының қолжетімділігін қамтамасыз ету және кезекте тұрғандар үшін Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінің жеңілдетілген займдарын беру арқылы тұрғын үй құрылысын қаржыландыру көзделген. Әлеуметтік тұрғыда әлсіз деп есептелетін топтар үшін жалға берілетін үйлер салынбақ. «Халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін сатып алу құқығынсыз арендалық баспана салынады. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің салымшылары үшін несиелік тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі артатын болады. Жеке құрылыс салушылардың тұрғын үй құрылысын және мемлекеттің субсидиялауы арқылы ипотекалық несиелендірудің қолжетімділігін арттыру көзделуде» деп атап өтті Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов.
Қысқасы, мемлекет тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыта бермек ниетте. Бұл бағытта түрлі жоба-жоспарлар баршылық. Мәселен, осы салада таяу жылдар ішінде 83 жоба іске асырылмақ. Бұл жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуын 60 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Одан бөлек, биыл сумен қамтамасыз ету үлесін қалаларда 2 пайызға, ауылды жерлерде 2,7 пайызға көбейту көзделіпті.