357
Астана Димашты қарсы алуға асық
Астана Димашты қарсы алуға асық
Ертең елорданың Орталық концерт залында Димаш Құдайбергенмен кездесу өтеді. Бұл жайында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Достарым, ертең Астанада, Орталық концерт залында сағат 18-30-да біз Қытайдағы «Singer-2017» халықаралық конкурсынан үлкен жеңіспен Отанына оралған Димаш Құдайбергенге құрмет көрсететін боламыз. Кіру тегін, барлығын осы шараға қатысуға шақырамын. Достар, Димашты бірге қарсы алайық», - деп жазды Арыстанбек Мұхамедиұлы. Айта кетейік, қазақ әншісі Димаш Құдайберген қытайлық Хунань телеарнасының «Singer 2017» ән байқауының ақтық бәсекесінде өнер көрсетіп, екінші орынды жеңіп алды. Шешуші бәсекеде Димаш Шаң Венжемен бірге Майкл Джексонның «The Way You Make Me Feel», «Erth song» және «Billie Jean» әндерін шырқады. Сондай-ақ, көрермендер Димаштың барабан аспабында шебер ойнайтындығына тәнті болды.
Сондай-ақ, бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен мынадай хабарлама келіп түсті:
Құрметті журналистер қауымы!
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ертең 25 сәуір күні сағат таңғы 6.50-де Астана қаласының Халықаралық әуежайына «Бейжін-Астана» № 228 рейсімен Қытайдағы «I am a singer» байқауында жарқын өнер көрсеткен қазақстандық әнші Димаш Құдайберген келетіндігін хабарлайды. Осымен қатар, әншінің БАҚ өкілдеріне арнайы шығуы болмайтындығын хабарлаймыз.