459
ТҚЖБ басшылары мен туыстары: мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатыспайды
ТҚЖБ басшылары мен туыстары: мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатыспайды
Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің басшылығы мен туыстары банк арқылы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатыспауға міндеттеме алды.
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде банктің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлім етті, деп xабарлайды ҚазАқпарат. "Биыл ақпан айында біздің қоғамдық кеңестің отырысы аясында мен және менің орынбасарым жеңілдік беретін мемлекеттік бағдарламаларға қатыспау туралы міндеттеме алдық. Ол міндеттемеге тіпті біздің отбасы мүшелеріміз, ата-аналарымыз, туған бауырларымыз кіріп отыр. Біз бұл процесті қадағалап келеміз", – деді банк басшысы Мәжілістегі «Нұр Отан» фракциясының отырысында. Оның айтуынша, банк топ-менеджерлерінің қатысуымен орын алған атышулы оқиға 2008-2010 жылдардағы бағдарламада орын алған. "Ол кезде азаматтар банк туралы аз білетін. Жинақ ашқан адамдардың басым бөлігі Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің қызметкерлері болған. Олар бірінші болып баспана алғаны да заңды. Олар қатысқан уақытта топ-менеджер қызметінде болмаған. Заңнама бұзу жоқ бұл жерде. Ол кезде барлығы да қатысуға құқылы еді", – деп түсіндірді Л. Ибрагимова. Оның сөзінше, бұл жерде сөз этика жөнінде болып отыр. Ол банк қызметі азаматтар үшін ашық болуы керек екенін мойындады. "Мен өз тарапымнан банк басшылығы мен басқарма мүшелері тарапынан мұндай оқиғалар қайталанбауына кепілдік бере аламын", – деп xабарлады ол. Еске сала кетейік, Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі басшысының бұрынғы орынбасары Айжан Медеуова банк жеңілдіктері арқылы өзіне және өз туыстарына пәтер алып берді деген шу бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған кезде қызметінен кеткен болатын. Ол жеңілдікпен 3 пәтер алғаны анықталды, бірі – жеке өзіне, екіншісі – сіңлісіне, үшіншісі – бұрынғы күйеуіне.