306
Каспийдегі итбалықтардың қырылу себебін Алматы ғалымдары тексереді
Каспийдегі итбалықтардың қырылу себебін Алматы ғалымдары тексереді
Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында Каспий жағалауында 200-ден астам өлген итбалық табылды, кеше тиісті құзыретті органдар мамандары жұмысқа кірісті.
Экология департаменті мен аудандық санэпид бөлімінің мамандары ауадан, судан сынама алды. Алдын ала нәтижесі ертең дайын болады, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. «Кеше барлығын жинап алу мүмкін болмады. Бүгін таңғы сегізден бастап жұмыс жалғасты. Жағалауды тексеріп, мониторинг жүргіземіз. Сынама алдық. Ертең алдын ала нәтижесі пайда болады. Өлген итбалықтарды әзірге өртемейміз. Алматыдан гидробиология және вирусология ғылыми институтының ғалымдары келуі тиіс. Олар Каспий теңізіндегі Дурнева аралдарында болды. Ғылыми жұмыстар жүргізді. Бүгін олар Ақтауға келеді, сосын оларды осы жерге жеткізеді», - деді орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Қуанғали Ашахов.