Шот-Аман Уәлиханов – 85 жаста

Шот-Аман Уәлиханов – 85 жаста

Шот-Аман Уәлиханов – 85 жаста
ашық дереккөзі
686
Елімізге белгілі сәулетші Шот-Аман Уәлиханов мерейлі 85 жасқа толды. Қазақстанның мақтан тұтар зиялы азаматтарының бірі, көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген сәулетшісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, «KAZGOR» жобалау академиясының Құрметті академигі, Халықаралық Шығыс елдері сәулет академиясының академигі, Қазақстан Республикасы көркемөнер академиясының академигі, Әлемдік Шыңғысхан академиясының Құрметті Президенті, Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының академиялық профессоры, Халықаралық сәулет академиясының корреспондент мүшесі, профессоры, Қазақстанның құрметті сәулетшісі, Мәскеу қаласы халықаралық сәулет академиясының (МХСА) академигі, Қазақстан Сәулетшілер Одағының, Суретшілер Одағының, Дизайнерлер Одағының және Жазушылар Одағының мүшесі, Көкшетау Мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры Шот-Аман Уәлихан 85 жасқа толып отыр. Шота Ыдырысұлы (азан шақырып қойған аты Шот-Аман) 1932 жылғы  26 сәуірде қазақтың ұлы ханы Абылай ұрпағының отбасында, әйгілі Сырымбет тауының іргесінде, бір кезде сүйікті немересі Шоқанды тәрбиелеп өсірген ардақты әже Айғаным тұрған жерде (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау ауданының Сырымбет ауылында) дүниеге келген текті атаның ұрпағы. Бұл туралы арқалы ақын Ғафу Қайырбеков Шотаға арнаған өлеңінде: «Сүйікті шын перзенті бір құдайдың, Қазақтың тіккен туы – ұлы айбын. Журеміз қолынды алып қасиеттеп, Құдіретті жақсы ұрпағы Абылайдың»,– деп жазды. Аталған мекендегі Казгородок (қазіргі Сырымбет) орта мектебін күміс медальмен тәмамдаған Шота 1950 жылы Мәскеу сәулет институтына оқуға түсіп, оны 1956 жылы бітіріп шығады. Еңбек жолын Алматы қаласындағы «Казгорстройпроект» мемлекеттік жобалау институтында сәулетші болып бастады. Одан кейін КСРО сәулет және құрылыс Академиясының қазақ бөлімінде кіші ғылыми қызметкер, Алматы қаласының бас сәулетшісінің орынбасары, «Казпромстрой НИИ проектің» аға ғылыми қызметкері, республикалық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау кеңесі төрағасының орынбасары, «Казграждансельпроект» жобалау бас институтында бас сәулетші болды. 1973 – 1982 жылдары үзбестен он жыл бойы Қазақстан Сәулетшілер Одағын басқарды, КСРО Сәулетшілер Одағы басқармасының хатшысы болды.

Серіктес жаңалықтары