216
Мемлекет есебінен 25 мың пәтер салынады
Мемлекет есебінен 25 мың пәтер салынады
Соңғы кезде елімізде тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі мықтап қолға алынды. Бұл түйткіл әсіресе Инвестициялар және даму министрлігінің негізгі бағдарламалық құжатының біріне айналды. Себебі «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша өңірлерде салынатын тұрғын үйдің жай-жапсарын қадағалаудың бір тетігі осы министрлікке жүктелген.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Медиа-орталығында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтің қатысуымен комитеттің 2016 жылғы және 2017 жылдың І тоқсанындағы жұмыс қорытындысына арналған брифинг өтті. Комитет төрағасы 2016 жылы тұрғын үй құрылысы және коммуналдық шаруашылық істері саласындағы жұмыстың толыққанды ұйымдастырылғанын, құрылыс саласының өсім тенденциясының сақталып отырғанын және салаға бағытталған қаржының толық игерілгенін жеткізді.
«Тұрғын үй саласына салынған инвестиция 2015 жылғы 740 миллиардтан 2016 жылы 830 миллиард теңгеге артты. Ал 2017 жылдың алғашқы тоқсанында 174 млрд теңге бағытталды. 2016 жылы республиканың тұрғын үй қоры 10,5 млн шаршы метрге артты. Бұл – шамамен 90 мың баспана. 2017 жылы жалпы алаңы 3,1 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 25 мың баспана салынды. Бұл көрсеткіш 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25,3 пайызға артық. 2017 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 100 мың пәтер, оның ішінде мемлекеттік инвестиция есебінен 25 мың пәтер салынатын болады», – деді комитет төрағасы Мархабат Жайымбетов.
Брифинг барысында жеке тұрғын үй құрылысын қолдау және оны дамыту мақсатында облыс орталықтарында ұсынылған жаңа пилоттық жоба жайлы және берілетін әлеуметтік баспанаға қатысты мәселелер де айтылды.
«Халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін сатып алу құқығынсыз арендалық баспана салынады. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің салымшылары үшін несиелік тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі артатын болады. Жеке құрылыс салушылардың тұрғын үй құрылысын және мемлекеттің субсидиялауы арқылы ипотекалық несиелендірудің қолжетімділігін арттыру көзделуде», – деп атап өтті комитет төрағасы.
Айта кетейік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 83 жоба іске асырылмақ. Бұл жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуын 60 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік бермек. 2017 жылы сумен жабдықтауға қолжетімділікті қалаларда 2 пайызға, ал ауылдарда 2,7 пайызға арттыру жоспарлануда. Жалпы, 150 жоба іске асырылады. Сонымен қатар, Комитет кәсіпкерлік қызметті дамыту, инвестициялық тартымдылықты жақсарту және нарық субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жұмысын жалғастыруда.
Жүргізілген реформалар кәсіпкерлер үшін рұқсат алу процедураларының санын 25-тен 8-ге дейін және құрылысқа рұқсат алу мерзімін 3 айдан 1 айға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Атқарылған шаралардың нәтижесінде «Doing Business» рейтингінде Қазақстанның позициясы жақсарды. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, Қазақстан 2 жылда 152 орыннан 22-орынға көтерілді.
Құрылыс саласындағы сараптамалық қызметтің өзін-өзі реттеуіне көшуі аясында сараптаманың 60 пайызы нарықтық ортаға берілді, 2020 жылдан бастап жобаларға сараптама жасаудың 90 пайызы жеке нарықта болады.
Мұнымен қоса, технологиялық карталарды әзірлеу негізінде құрылыстағы жаңа технологияларға сметалық бағалау кеңеюде. Құрылыс саласын техникалық реттеудің еуропалық және әлемдік жүйелеріне кірігу шеңберінде 2017 жылдың соңына дейін жалпы құрылыс мәселелері бойынша ескірген Құрылыс нормалары мен ережелерін алып тастау жоспарлануда. 2019 жылдың соңына дейін Еурокод жүйесіне толық ауысу көзделіп отыр.
Айта кету керек, құрылыс саласына сандық технологиялар енгізілуде: Кондоминиум нысанын басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін «Е-Шаңырақ» бірыңғай ақпараттық жүйесі тұрғындарға электрондық дауыс беру арқылы кондоминиум нысанын басқаруға және оны күтіп ұстау мәселесіне қатысуға, есептілігін қарауға және оны басқару органдарының жұмысын бағалауға, сондай-ақ мобильді құрылғыны пайдалануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жобаларға электронды портал арқылы «Бір терезе» қағидаты бойынша кешенді ведомстводан тыс сараптама жүргізу салалық экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық және құрылыстық сараптаманы бір сараптамалық ұйымға біріктіреді.
Қазақстандық өнімді экспортқа шығарудың түйткілі
Астанада ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен «Импорттың орнын басу және өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспортын дамыту» атты бірінші жұмыс сессиясы өтті. Бұл шараға отандық тауар өндірушілер мен ірі тапсырыс берушілер қатысты. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі «NADLoC» Жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ-мен бірге ҚР Президенті Н.Назарбаевтың ауқымды бағдарламасы – Қазақстан экономикасының Үшінші жаңғыруын жүзеге асыру үшін өңдеу өнеркәсібінің өсіміне қол жеткізу бойынша жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ, «импорт алмастыру және экспортты дамыту» жобасын жүзеге асыруда. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, жоба отандық өндірушілер өсімін тежейтін тосқауылдарды жою керек, жаңа өндірістерді оқшаулап, таза экспорттың өсуіне жәрдемдесетін нақты бастамаларды енгізу керек. Қазіргі уақытта жұмысты ары қарай пысықтай түсу үшін бірқатар бастамалар белгіленді және жұмыс сессияларына қатысатындар анықталды. Аталмыш жоба аясында үш апта ішінде машина жасау, электр жабдықтары, базалық химиялық өнеркәсіп және металл бұйымдары салаларының отандық өндірушілерімен және тұтынушыларымен жұмыс сессиялары жүргізіледі. 2016 жылы өңдеу өнеркәсібі өнімінің импорт көлемінің ақшаға шаққанда экспорт көлемінен 4 есе асып түскенін және тиісінше 7 трлн теңгені және 1,7 трлн теңгені құрағанын атап өтуге болады. Тұтынудағы импорттың үлесі шамамен 70 пайызды құрады. Кейбір салалар бойынша аталған көрсеткіш «Импортты алмастыру» бағытын табысты іске асыру кезінде импорт көлемдерінің азаюы мүмкін екендігін көрсетеді. Шамамен бұл көрсеткіш 95 пайызға дейін жетеді. Министр Жеңіс Қасымбек мәлімдегендей, аталған іс-шара сұхбаттасу үшін, сондай-ақ өзара тиімді іскерлік қатынастарды қалыптастыру мен нығайтуда таптырмас алаң болып табылады. Жүргізілген жұмыстың қорытындылары бойынша қазіргі өндірістік қуаттылықтарды дамыту және жаңасын оқшаулау үшін тосқауылдар мен шектеулер анықталатын болады, сонымен қатар, жобалардың экономикалық әлеуетін бағалау, бастамалардың егжей-тегжейлі жоспарларын әзірлеу жүргізіледі. Бірінші жұмыс сессия кезінде жобаға көп назар аударылатыны айтылды. Ол Үкіметтің деңгейінде жобалық басқару басымдықтарына енгізілген. Сонымен қатар, ведомство басшысы Қазақстанның барлық кәсіпкерлерін жұмыс сессияларына белсенді қатысуға шақырды.Техникалық кедергілер болмайды
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінде ДСҰ-ның Оқыту және техникалық жәрдемдесу жөніндегі институтынан лекторлар шақырылып, «Саудадағы техникалық кедергілер, санитарлық және фитосанитарлық (СТК және СФС) шаралар бойынша ақпарат алмасу арқылы мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылы» тақырыбында семинар өтті. Семинарға ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ның, ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК-ның «Қазақстан метрология институты» РМК-ның өкілдері мен экспортқа бағдарланған кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Семинардың мақсаты – отандық өндірушілердің мүддесін қорғау және кемсітушілік талаптарды болдырмау үшін ДСҰ-ға мүше елдерде әзірленіп жатқан техникалық регламенттер (өнімдерге қойылатын міндетті талаптар) туралы хабарламаларды қадағалау және оларға ден қою бөлігінде мемлекеттік органдар мен экспортқа бағдарланған отандық өндірушілердің өзара іс-қимылдарының тетіктерін түсіндіру. Аталған іс-шараны техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ғ. Дұғалов ашты. «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК Бас директорының орынбасары Еркежан Әмірханова және СФС бойынша келісімдердің айқындығы принципін іске асырудың өзекті мәселелері: Қазақстанның мүдделі тараптарының перспективалары, СТК/СФС жөніндегі ақпарат орталығының жұмысы туралы сөз сөйлеп, отандық өндірушілердің мүддесін қорғау үшін ДСҰ бойынша әріптес елдердің нормативтік техникалық құжаттарын және нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік органдармен және экспортқа бағдарланған өндірушілермен бірге қараудың маңыздылығын атап өтті. ДСҰ сарапшылары Devin McDaniels мен Tim Corrigan СТК және СФС шараларын қолдану жөніндегі ДСҰ келісімдерінің негізгі принциптері мен ережелері, басқа мүше-мемлекеттердің мемлекеттік және жеке сектор арасындағы іс-қимылдарды үйлестіру бойынша пайдаланып жатқан тетіктері жөнінде айтып берді. Сондай-ақ ДСҰ сарапшылары ДСҰ-ға шығарылған нақты сауда проблемалары мен даулар туралы мысалдар келтірді.Электромобильдер саудасын субсидия қыздырмақ
Қазақстанда электромобиль байлықтың белгісі болып тұр. «ҚазАвтоӨндіріс» салалық одағы жариялаған мәліметке сүйенсек, былтыр елімізде электрлі тарту күші бар 35 жаңа автокөлік сатып алды. Оның 25-і – Tesla көлік маркасы. Америкада жасалатын электрлік тарту күшіндегі седанның құны 66 мыңнан 110 мың доллар аралығында, оның баға айырмашылығы жиналатын бөлшектерге байланысты. Ал Tesla-ның жол талғамайтын көліктерінің бағасы 86 мың доллардан басталып, 116 мың долларға дейін жетеді. «Қазақстанда электромобильдердің сатылымы әлі де болса төмен. Көліктің бұл түрі байлықтың белгісі болып отыр, ал Tesla модельдерін сатып алушылардың басым бөлігін Forbes тізіміндегі адамдар құрайды», – деген пікір білдірді «ҚазАвтоӨндіріс» ЗТБ басқарма төрағасы Олег Алферов. Өткен жылы Қазақстанда Tesla электромобильдерінен бөлек, жеті JAC электромобилі, екі – BMW және кореялық Hyundai маркасының бір электромобилі сатылды. JAC электромобильдерінің сынақ партиясы Қостанайдағы «СарыарқаАвтоӨндіріс» зауытында құрастырылды. Электрлі тарту күші бар JAC седан көліктерінің бағасы шамамен 9 000 000 теңге, кроссовер – 9 600 000 теңге. Қытайда электрлік тарту күшіндегі JAC iEV5 кроссовері 23 мың долларға сатылады. Салыстырсақ, 2015 жылы Қазақстанда электрлік тарту күшіндегі 32 автокөлік сатылған, оның ішінде бір KIA маркасының автокөлігі бар. Баршаға мәлім, «Азия Авто» зауытында KIA Soul EV электромобильдерінің сынақ түріндегі партиясы құрастырылды, алайда қазақстандық өндірістің электромобильдері сатылымға түскен жоқ. KIA-ның Алматыдағы ресми дилерінің салонында кореялық марканың электромобильдеріне әзірге тапсырыс бере алмайтынымызды, оның бағасы мен сатылымға түсетін уақыты да әзірге беймәлім екенін мәлім етті. Былтыр Қазақстанда сатылған 35 электромобильдің басым бөлігі – яғни 25-і Алматы қаласында тіркелді. Астанада – 8, ал Шығыс Қазақстан облысында 2 көлік тіркеуге қойылған. 2016 жылдың қыркүйегі мен 2017 жылдың тамыз айы аралығында ЕАЭО аумағында жеңіл электромобильдердің импортына баж салығы салынбайды. Электромобильдерді Қазақстанда кәдеге жарату және бастапқы тіркеу алымы дәстүрлі автокөліктерге салынатын алым мөлшерінің 50 пайызын құрайды. «Бүгінде электромобильдер нарығында бар-жоғы он бес ел ғана бар. Оларға ортақ бір нәрсе бар, ол – сатып алушыларға мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар. Мысалға, Қытайда мемлекет сатып алушыға электромобиль құнының жартысына жететін демеу қаржы береді», – деді Олег Алферов. Өзге елдермен салыстырсақ, Норвегияда электромобильдерге деген сұранысты ынталандыру мақсатында тіркеу алымы, көлікке салынатын салық алынып тасталды, сондай-ақ электромобиль жүргізушілері ақылы және қоғамдық көліктің жолымен жүре алады. Еуроодақ елдері электромобиль құнының бір бөлігін өзі өтейді. Биылғы жылдың алғашқы ширегінде қазақстандықтар импорттық көліктерді көбірек сатып алды. «ҚазАвтоӨндіріс» және Қазақстан автобизнес қауымдастықтары (ҚАБҚ) жариялаған мәліметтерге сәйкес, қаңтар-наурыз айларында ең көп сатылған автокөлік Toyota маркасы болды, оның 1506 данасы сатылған. Рейтинг бойынша одан кейінгі орындарды Lada мен Renault иеленеді. Автокөлік делдалдары ресейлік марканың 1271 автокөлігін сатты. Renault маркасының сатылымына келсек, «ҚазАвтоӨндіріс» 670 автокөлік сатылды десе, ҚАБҚ мәліметінше 667 автокөлік сатылған. Айта кетсек, қаңтар-ақпан айларында елімізде өндірілген автокөліктерінің сатылымы басым түсті, мұндай үрдісті сарапшылар жеңілдікпен несие беру бағдарламаларының іске қосылуымен түсіндіреді. ҚАБҚ мәліметіне сүйенсек, үш айда автокөлік делдалдары бар-жоғы 7917 автокөлік сатқан. Салыстырсақ, былтырғы жылдың осы мерзімінде 10883 көлік сатылыпты, осылайша, сатылым деңгейі 27,25 пайызға төмендеген. ҚАБҚ-ның ақпараты бойынша наурыз айында автосалондардан 2841 көлік сатып алынған, ал өткен жылдың осы айында бұл сан 2830 болатын. Биылғы жылдың наурызында сатылым 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,3 пайызға артқан. Ал «ҚазАвтоӨндірістің» мәліметі бойынша, биылғы жылдың алғашқы үш айында автокөлік дилерлері 7569 көлік сатқан, бұл 2016 жылдың көрсеткішінен 28,2 пайызға төмен. Ал наурыз айында делдалдар 2714 автокөлік сатып, көрсеткіш 2016 жылғы наурыз айымен салыстырғанда 23,1 пайызға төмендеді дейді бұл ұйым. Тағы айта кететін жай, «ҚазАвтоӨндіріс» мәліметі бойынша ел азаматтары автокөлік сатып алуға 183,3 млн доллар жұмсаған, бұл 2016 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 12,4 пайызға артық. Ал биылғы жылдың наурызында көлікке жұмсалған қаражат 69,4 млн долларды құраған, бұл өткен жылдың наурызындағы көрсеткіштен 29 пайызға артық. «ҚазАвтоӨндірістің» ақпаратына сүйенсек, биылғы жылдың бірінші ширегінде сатылған автокөліктердің ішінде импорттық көліктің үлесі 71 пайызды немесе 5408 автокөлікті құрады. Ал Қазақстанда құрастырылған көліктің үлесі – 29 пайыз немесе 2161 автокөлік.