339
Біздің балаларды интернет тәрбиелеп жатыр
Біздің балаларды интернет тәрбиелеп жатыр
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева БАҚ өкілдерінен баланың назарындағы жаңалықтарды цензурадан өткізіп отыруды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз бүгінде балаларды толықтай қорғау жөнінде айтып отырмыз. Мұнда әлеуметтік желілер мен телебағдарламалар да бар. Заңнамалық тұрғыда да ішкі қарама-қайшылықтар бар, біз оларды шешуіміз керек. Қазақстан аумағына жаңалықтардан басқа ақпараттық өнімдердің таңбаланусыз өтпеуі қажеттігін айтып отырмыз, бірақ жаңалықтарда да көрсетілмеуі тиіс нәрселер бар. Бізге БАҚ-пен бірге осы тақырыпта ашық сөйлесу керек», - деді ол балаларды зиянды және олардың дамуына нұқсан келтіретін ақпараттардан қорғау мәселелеріне арналған заң жобасын таныстыру барысында. «Олар көліктен жолға лақтырылған жаңа туған шақалақты көрсеткен кезде, бұл балаларымызға жағымды әсер қалдырмайтыны анық, олардың бойында қорқыныш ұялайды. ҰБТ кезінде түлектер арасындағы суицидтің статистикасын көрсеткен кезде, ол туралы ойламаған баланың өзі сол туралы ойлана бастайды. Сондықтан бұның екі қыры бар. Заң шығарушылар ғана емес, біз барлығымыз, БАҚ, ата-аналар, интернет-қауымдастық, министрліктер, басқа да мемлекеттік органдар нормалар мен әлеуметтік жауапкершілік жөнінде ойлануымыз керек», - деп атап өтті З. Балиева. Депутаттың сөзінше, кейде кейбір телеарналар рейтинг үшін баланың ішкі жан-дүниесіне кері әсерін беретін жайттарды ашықтан-ашық көрсете береді. «Ата-аналардың жауапкершілігі туралы шексіз айта беруге болады, бірақ олар жауапсыз болса, осы кезде БАҚ көмекке келіп, танымдық демо-фильмдерді көрсетуі тиіс. Өкінішке орай, ата-аналардың барлығы баланы қалай тәрбиелеу керектігін білмейді, бірақ солай екен деп баланы қауіптің ортасында қалдыруға болмайды. Біз балаларды Интернетпен оңаша қалдырып отырмыз. Балаларымыз телеарна қарамайтын болды. Баланың барлығы телеарна қарайды деп ойламаңыздар. Біздің жеткіншектер «Интернет» атты өзге әлемде өмір сүріп жатыр. Олардың барлығы Facebook-те, әлеуметтік желілерде отырады. Бізде әлеуметтік желі арқылы кез келген ақпаратты жариялай салатын пайдаланушыларға қатысты жауапкершілік жоқ. Әлеуметтік желі - жақсы дүние екені даусыз, алайда оның әрбір қолданушысы желіге ақпарат жарияламас бұрын, жауапкершілікті сезінуі тиіс», - деді З. Балиева.