648
Еңбек пен бірлік жарасқан өңір
Еңбек пен бірлік жарасқан өңір
Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкенттегі терезе шығаруға арналған алюминий профильдерін әзірлейтін Gold Aluminum ЖШС-ның жұмысымен танысты. 2014 жылы индустрияландыру картасы аясында іске қосылған зауытта 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Gold Aluminum брендімен профильдер шығаратын кәсіпорын түрік инвесторларының қатысуымен құрылды.
Gold Aluminum ЖШС-ы 2016 жылы 750 тонна алюминий профильдерін шығарса, оның 20 пайызы Ресей, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстанға экспортталған. Жоба құны – 2,6 млрд теңге. Болашақта зауытта 50 адам жұмыспен қамтылмақшы. Қазіргі таңда Қазақстан нарығындағы алюминий профильдерінің көлемі 50 мың тонна болса, оның 25 мың тоннасы Қытай мен Ресейден, Өзбекстан мен Түркиядан импортталады. Аталған кәсіпорын импорт үлесін азайту мақсатында бәсекеге қабілетті өнім түрлерін көбейтпек. Елбасы зауыт жұмысшыларымен кездесу кезінде «Жеке өндіріс ашып, импортталған тауарлардың орнын басу еліміздің экономикалық дамуының қазіргі кезеңіндегі маңызды міндеттердің бірі» деп атап өтті. Елімізде 2010 жылдан бері жүзеге аса бастаған индустрияландыру картасы аясында аймақта бүгінге дейін 159 жоба іске асқанын айта кеткен жөн.
Бұдан соң Елбасы мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған қарқынды бау өсіру және жеміс-жидектерді сақтаумен айналысатын Dala-fruit.kz ЖШС-ның жұмысымен танысты. Онда облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне көз жеткізіп, ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесін тамашалады. Бау шаруашылығында әлемдік тәжірибені қолданатын компания жылына 8-10 мың тонна алма өсіреді. Әуелгіде 83 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, компания жұмысын бастаған үш жылда оның саны 277 адамға жеткен. Жалпы көлемі 106,5 гектар болатын серіктестік бауына 215 мың түптен астам жеміс ағаштары егілген. Мұнда алманың «Гренни», «Смит», «Фуджи», «Голден – делишес», «Гала», «Айдеред» алхоры мен шиенің «Стенлей» атты шетелдік сұрыптарын кездестіруге болады. Яғни, мұндағы 1 гектер жерге шамамен 2500 түп ағаш көшеті қондырылған. Заманауи техникамен жабдықталған бау тамшылатып суару жүйесі арқылы жұмыс істейді.Бау-бақша жемістеріне қызыға қараған Елбасы: «Осыдан 10-15 жыл бұрын дәл осындай алуан түрлі өнімдерді шығарамыз дегенге сенбейтін едік. Міне, енді мынадай жеміс-жидекті көріп елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерінің дамып жатқанына көз жеткіздік. Сондықтан өңір кәсіпкерлікті дамыту арқылы көшбасшы аймаққа айналуы тиіс», – деді.
«Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында ел Президенті аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін, еліміздегі агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор екендігін айтты. Оңтүстік Қазақстан облысына келген сапарының бірінде «Шағын және орта кәсіпті өркендетуді Оңтүстіктен үйрену керек» деп үлкен сенім білдірген еді.
Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған бұл серіктестікте бастапқыда 83 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, үш жылда олардың қатары 277-ге жеткен. «Агробизнес – 2020» және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары арқылы 400 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған қожалық басшылығы бүгінгі таңда қазынаға 607 млн теңге салық, 705 млн теңге жұмысшыларға жалақы төлеп отыр. Заманауи техникамен жабдықталған бау тамшылатып суару жүйесі арқылы жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көбеюіне байланысты серіктестік жиналған өнімді ұзақ уақыт сақтауды қолға алды. Биыл осы мақсатта ауа температурасын реттеу жүйесі бар 15 мың тонналық жаңа қойма іске қосылды. Компания өз жұмысында бақ өсіру саласындағы әлемдік үздік тәжірибелерді қолданады.
Оңтүстік Қазақстанда интенсивті бау шаруашылығын қарқынды дамыту жұмыстары қолға алынғаны белгілі. Облыста жалпы жеміс-жидек ағаштары алқаптарының көлемі 19,5 мың гектар құраса, оның 2 мың гектары қарқынды бауларға жатады. Өңір шаруалары осы жылы аймақта 1,5 мың гектар жерге қарқынды бау тәсілімен көшеттер отырғызып, интенсивті баулардың жалпы көлемін 3,5 мың гектарға жеткізу жоспарлануда.
Басқосу барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Сонымен қатар назар аударуы тиіс мәселелерді де атап өтті. Яғни, облыс басшылығына көбірек инвестиция тартуды тапсырды. Сондай-ақ оңтүстіктің тарихқа тұнып тұрған өңір екені туралы сөз қозғап, әлі де тарихи-мәдени ескерткіштерді дұрыс насихаттай алмай жүргенімізді жеткізді.
Жайқалады алма бақ...
«Еңбек етсең көл-көсір, қандырады мейіріңді» деген сөз бекер айтылмаса керек. Бұл, әсіресе оңтүстік жұртына арналған сияқты. Себебі көзін тырнап ашқаннан еңбекке етене араласып кеткен мұндағы халық кәсіптің қай түрі болсын тез игеріп, дөңгелетіп әкетеді. Біз бұған дейін оңтүстікте өсетін көкөніс, жеміс-жидектің түр-түрін сөз еттік. Тіпті, бүгінде бұл аймақтың дәмі тіл үйіретін жемістері алыс-жақын шетелдерге де жөнелтіліп жатқаны да рас. Соның ішінде Ордабасы, Түлкібас ауданында жайқалған бақтың алмасына жетер дәм жоқ. Оңтүстiк кәсiпкерлерiнен өнеге алмаққа, тағылымды тәжiрибесiн тоқымаққа Ордабасы ауданында жаңа технологиямен қарқынды өсiрiлiп жатқан бауға құрамында 30 адамы бар батысқазақстандық делегация келдi. Олардың алғашқы сапары Ордабасы ауданындағы Бөржар ауылдық округiне қарасты Ұялыжар елдi мекенiндегі «Александровский сад» ЖШС-нен басталды. «Александровский сад» ЖШС директоры Бақтияр Тағаевтың ойына бұл істі бастау идеясы 2014 жылы келіпті. Ол ең алдымен топырақтың бiр бөлiгiн Түркия елiне апарып, оның құрамын зерттеткен. Бойында көшетке қорек беретiн құнарлы заттар бар ма, жоқ па? Не жетпейдi? Соның бәрiне нақты жауап тапқан көрінеді. Шетелдiк ғалымдардың кеңесiмен көшет егiлетiн алқап органикалық тыңайтқыштармен байытылып, жер бiр жылдай қорек алып, демалған. Содан кейiн ғана жер жыртылып, бiр жылдық көшеттер 4х1 схемасымен 20 гектарға отырғызылды. Кәсіпкердің айтуынша, мұның өзi аласа бойлы карлик сұрыпты ағаш түптерi екен. «Топырақты қол күшiмен және механикалық әдiспен қопсытуға қолайлы. Тамшылатып суару технологиясы израильдiк тәсiлмен ылғалдандырылады. Оның су жүретiн майда құбырлары бiр жылдай жерде жатады. Келесi жылы ол жерден бір метрдей жоғары көтерiлiп, тiреуiш бағаналар бойына тартылған параллель сымдарға бекiтiледi. Себебi қатараралықты трактормен қопсытқан кезде суландыру құбырларына зақым келтiрмейдi. Жер қопсытылғанда ауа алмасу жақсарып, жемiс ағаштарының демалуы жақсарады. Өсуi жылдамдайды. Қазiр мұнда 30 адам тұрақты жұмыс iстейдi. Ал науқандық жұмыстарға қосымша еңбек күшi тартылады», – дейді Бақтияр Тағаев. Бұл iстiң басы-қасында Түркиядан келген мамандар жүр. Алдын ала жасалған келiсiмшартқа сәйкес, олар ағаштың бүршiк жаруы, гүлдеуi, түйнек салуы сияқты өсiмдiктердiң жетiлу кезеңiнде кесте бойынша келіп, ордабасылық бағбандарға үйретеді екен. Атап айтқанда, шетелдiктер жергiлiктi агроном мен бағбандарға жемiс көшеттерiн түрлi аурулардан сақтау мақсатында дәрiлiк препараттарды бүрку, ағаштарды тиiстi қоректiк заттармен байыту жұмыстарын нақты iс жүзiнде де көрсетеді. Баудағы алма көшеттерiнiң 5 түрлi сорты Түркияның Ниде қаласынан әкелiнген. Оның әрқайсысы «Александровский сад» ЖШС үшiн 800 теңгеге түскен. Жалпы, бау шаруашылығын ұйымдастыруға барлығы 150 миллион теңгеден астам инвестиция құйылған. Орта есеппен алғанда, әр гектарға 8 миллион теңге жұмсалды. Көшеттердiң 97 пайызы көктеп шыққан. «Алма өсiрумен айналысатын елдер аз емес. Түркия мен Польшада бау шаруашылығы тәуiр жолға қойылған. Бұл көштiң басында Қытай мемлекетi тұр. Көршi ел жылына алманың 35 түрiн шығарады. Ал сапасы жағынан бәрiбiр Италияның бәсi биiк. Әсiресе, олардың алма көшетiн орауы, таңдауы, сұрыптауы, жалпы экспортқа жөнелту тәсiлi ұнады. Жемiс ағаштарының өнiмдiлiгi жоғары. Алма ағаштары былтыр бой көтеріп, жас баудан бiраз өнiм жиналған. Биыл әр гектардан кемiнде 40 тоннадан өнiм алу жоспарлануда. Кәсіпкердің айтуынша, 20 гектар бау алқабынан 800 тонна өнiм жиналмақ. «Үкiмет тарапынан белгілі бір мөлшерде субсидия аламын. Соның нәтижесінде бауды заманауи технология бойынша гүлдендіріп жатырмыз. 18-20 жылға дейiн жемiсiн жинап алуға болады. Мұнда өрiк, шабдалы, шие, қарақат сияқты сүйектi жемiс көшеттерi де бар», – дейді ол. «Александровский сад» ЖШС мен Түркияның «Almaty Teknik Tarim» ЖШС арасында қарқынды бауды 100 гектарға ұлғайту мақсатында өзара ынтымақтастық меморандумы түзiлген. Тамшылатып суару технологиясын пайдалану арқылы бауды дамыту жобасында жылына 10 мың тонна өнiм алу жоспарланып отыр. 100 адамды жұмыспен қамтуды мақсат еткен жобаға 2,2 млрд теңге қаражат жұмсалмақ. Болашақта жемiс-жидектiң 70 пайызы iшкi, 30 пайызы сыртқы нарықты қамтамасыз ететiн жоба 2018 жылы iске толық қосылмақ.Ресейге жөнелтілген қырыққабат
Мақтаарал ауданында қырыққабатты жинау науқаны басталды. Қазiрдiң өзiнде егiстiк алқаптарда 58 бригада құрылып, онда 900-ден астам жұмысшы қырыққабат жинауға кiрiскен. Алғашқы өнiм легi елiмiздiң түрлi аймақтары мен Ресей және Беларусь елiне жөнелтiлуде. Ауданда биыл ерте егiлген көкөнiс дақылдарының жалпы көлемi 996 гектарды құраса, оның 780 гектарында қырыққабат жайқалып тұр. Негiзiнен диқандар салмағы 1-1,5 келiден аспайтын нидерландық пандион сұрпын егiптi. Бұл өнiм түрiне еуропалықтар мен ресейлiктер тарапынан сұраныс жоғары. Қырыққабаттың бiр келiсi алғашқыда 230 теңгеге бағаланса, қазiр 130 теңгеден сатылуда. «Биыл қырыққабатты 8 ақпаннан бастап еге бастадық. Дақыл 2 айда пiсiп, жетiледi. Ең бастысы, күтiп, баптауға мән берiлуi керек. Жерiмiз тың болғандықтан бүгiннiң өзiнде әр гектардан 25-30 тоннаға дейiн өнiм алып отырмыз», – дейдi «Серпiн» шаруа қожалығының төрағасы Сырым Батманов. Биыл ауданда 17 мың гектар жерге түрлi дақылдар егiлдi. Оның iшiнде 136 гектар бидай, 2500 гектар мақта, 44 гектар күнбағыс, 29,5 гектар сүрлемдiк жүгерi, 553 гектар дәндiк жүгерi, 19 гектар картоп, 1025 гектар жоңышқа, 11714 гектар қауын-қарбыз, 62 гектар бау-бақша және жүзiм. Айта кетейiк, мақтааралдық шаруалар егiстiк егудi әлi де жалғастыруда. Әлi алда 13 884 гектарға бұршақты және 80 мыңнан астам гектарға техникалық дақылдар, 34 мың гектарға көкөнiс пен бақша дақылдарын егу жоспарланған.Түркия технологиясымен тігілген аяқ киім
Шымкентте таза былғарыдан жасалған қысқы етік, спорт аяқ киімі және жылдың кез келген мезгіліне киетін аяқ киімдердің тігіліп жатқандығынан хабардар едік. Ал мұның барлығы Алымжан Ибраимовтың шағын цехы тігіп жатқанын естігенде таңқалыстық. Кәсіпкер аяқ киім жасау ісімен 1989 жылдан бері таныс. Бұрын Шымкент қаласындағы аяқ киім цехында 3 жыл қатарынан еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған. Бірқатар уақыт басқа салаға ауысқанымен 2012 жылы аяқ киім шығару ісіне қайта оралады. Осылайша бүгінде өз саласының шеберіне айналды. Кәсіпкердің алдағы жоспары – шымкенттік аяқ-киімдерді өзге қала мен елдерге тасымалдау. Ал 2012 жылы 4 адам болып өз жұмысын бастаған кәсіпорында 5 жыл ішінде жұмыспен қамтылған азаматтардың саны 30-ға жеткен. Аяқ киім тігуге қажетті шикізат алғашында Жамбылдан, Ресейден тасымалданды. Күніне ерлер мен әйелдерге арналған 100 жұп аяқ киім шығарылады. Кәсіпкердің айтуынша, ол ең алдымен тауар сапасына көп көңіл бөледі. «Бізден сатып алынған аяқ киім ұзақ уақыт киіс беруі үшін барлық әдістерді қарастырып жатырмыз. Тұтынушылардан бүгінге дейін шағым не ескерту естіген жоқпыз. Дегенмен, заманауи стандарқа сай жұмыс жасау үшін бізге жаңа құрылғылар қажет», – деген кәсіпкердің ендігі мақсаты Түркия елінен техника сатып алу. Ол осы оймен жергілікті кәсіпкерлікті қолдау мекемесінің көмегіне жүгініп, тауарын жарнамалау және оны жүргізу үшін түрлі жәрмеңкелер мен отандық тауар өндірушілер бас қосатын алаңдарға белсенді қатысуына мүмкіндік алады. Ал Мақтаарал ауданы, Ералиев ауылдық округіндегі «Хаят Р.У.Ж.» ЖШС-нің аяқ-киім фабрикасы Түркиядан алып келген жаңа қондырғысын іске қосты. Нәтижесінде фабрика өнімін 2 есе арттырып, жылына 1 миллион жұп жаздық және қыстық аяқкиімдер шығаратын болады. Келешекте кәсіпорын импорт орнын басып, Қазақстан нарығын сапалы аяқ киіммен қамтуды жоспарлап отыр. «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 кезеңде іске асырылған жобаға 675 млн теңге инвестиция тартылған. Бірінші кезеңі бойынша 2014 жылдың соңында 36 адам жұмыспен қамтылып, Қытайдан әкелінген технологияда қысқы аяқ киім шығарыла бастады. «Бұл жоба «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Бүгінгі таңға дейін кәсіпорын жалпы құны 100 миллион теңгені құрайтын 270 мың пар аяқ киім өндірді. Біз негізінен ішкі нарықты қамтамасыз етіп, импорттың орнын басуға тырысудамыз», – дейді «Хаят» ЖШС-ның директоры Ұлықбек Ражапов. Ал жобаның 2-ші желісін іске қосу үшін «Оңтүстік» аймақтық индустриялық орталығынан 100 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржыға Түркиядан аяқ киім тігетін жаңа қондырғы сатып алынған-ды. Нәтижесінде кәсіпорында 50 адам жұмыспен қамтылып, межеленген 1 миллион жұп жазғы және қысқы аяқ киім өндіруге мүмкіндік туып отыр. Аяқ киім фабрикасының барлық инфрақұрылымдық жүйелері «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында іске асырылды. Сондай-ақ құрылысқа қажетті қаражатты облысымыздағы инвестициялық құрылымдар беріп отыр. Ендігі мәселе – тыңғылықты жұмыс істеп, ауданның экономикасына үлес қосу. Кәсіпорын басшылары егер сұраныс артса, фабрика әлеуетін күшейтетіндігін айтады. Мұнда қазіргі сұранысқа ие жазғы аяқ киімнің бағасы – 260-280 теңгеден сатылуда. Жазғы кебістердің сапасы да жаман емес. Сұраныс күн санап артып келеді. Бұл аяқ киімнің негізгі тұтынушылары – Оңтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласының тұрғындары.