Гүлмира Сұлтанбаева: Қазақтың қасиетті орындарының картасын жасау керек

Гүлмира Сұлтанбаева: Қазақтың қасиетті орындарының картасын жасау керек

Гүлмира Сұлтанбаева:  Қазақтың қасиетті орындарының  картасын жасау керек
ашық дереккөзі
633
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында мәдени, рухани құндылықтар жайында көп мәселе қамтылды. Атап айтқанда, латын әліпбиіне көшуді жеделдетуден бөлек, «Туған жер», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиялық белдеуі», сондай-ақ «Жаныңда жүр жақсы адам», «100 жаңа есім» атты бағдарламалық жобалардың түп-төркінінде патриоттық рухты көтеру, ізгілікті арттыру, әр адамның кеудесіне іңкәрлік сезімді ұялату жатқаны анық. Ал бұл міндеттерді жүзеге асыру ақпарат құралдарына жүктелетіні айтпаса да түсінікті. Бұл тұрғыда жастарды экспедициялық саяхатқа апарып, туған жердің әрбір тасын сүюге баулып жүрген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сұлтанбаеваның өз айтары бар. – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын академиялық ортада талқылап, оны қалай жүзеге асыру тетіктерін қарастыруға кірісіп кеттік. Шын мәнінде, бұл бағдарламалық толғау. Жолдауға қарағанда еркін, халықтың көкейінде жүрген толғамдардың жиынтығы. Оның талқыға көп түскен тұсы – кириллицадан латын әліпбиіне көшу мәселесі. Үштілділік білім беру, сандық технологияға өту туралы нақты қадамдарын атап өтті. Осы бағдарлама аясында қоғамда қозғау салатын ой-пікірлердің халыққа түсінікті болуы үшін БАҚ-қа үлкен миссия жүктеледі. Сондай-ақ, «Қазақстандағы 100 жаңа есім», «Жаныңда жүр жақсы адам» деген жаңа дәстүрді жаңғырту ақпарат құралдарының мойнында. Бұл ел арасында бұйығы жүрген қарапайым азаматтардың өміріне назар аударудан бастау алады. Бізде бұрыннан БАҚ-та қарапайым еңбек адамдарын насихаттау, портретін жасау үрдісі болды. Жастардың өмірге шынайы көзбен қарауы, өз тағдырына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін үлгі ұсынуымыз керек. «Медиамәдениетті суырыла сөйлейтін «шешендер емес», өмірдің өзінен алынған шынайы оқиғалар қалыптастырады. Мұндай оқиғаларды көрсету бұқаралық ақпарат құралдарының басты нысанасына айналуға тиіс», – деген Елбасы ақылымен, қолымен, дарынымен заманауи Қазақ­станды жасап жатқан нақты адамдарды қоғамға танытуды меңзегені түсінікті. Бұл – БАҚ-қа берілген үлкен міндет. Мәселен, заманауи Қазақстанды кім, қалай жасайды? Қандай адамдардың үлесі бар? Міне, мұны жұрт баспасөз арқылы таниды. Сондай-ақ, оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал етудің жаңа мультимедиалық алаңын қалыптастыруға көңіл бөлу маңызды. Елбасы жеке тұлғаларды танымал етуден бұрын ең алдымен қоғамдағы бағдарламалық хабарларды, реформаларды стандартты түрде емес, шығармашылық тәсілдермен, креативті үлгілермен жеткізу жолдарын қарастыру керектігін қаперге салды. – Қалай ойлайсыз, еліміздегі ақпарат құралдары біз ойлағандай мультимедиалық алаңда көріне алды ма? – Әрине, біздің БАҚ әлемдік көштің ұлттық тармағы ретінде мультимедиалық алаңнан көрініп жүр. Елбасының өзі «Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал» деген жоқ па?! Тәуелсіздік алған жылдары дәстүрлі БАҚ-та көбінесе тарихи, мәдени, әдеби құндылықтарды жария етудің, ақтаңдақтарды ашудың үрдісі қалыптасса, одан бері медиа сұхбат жанрларына, интерактивті бағдарламаларға көше бастады. Уақыт өте келе дәстүрлі медианың жаңа конвергентті алаңы енді. Оның ішінде газет сайттарының, порталдардың, электронды ресурстардың дамуы ақпаратты жылдам таратудың, сапалы жеткізудің, халыққа қолжетімді етудің жолы ретінде мультимедиа алаңынан өз орнын тапты. Қазір біз кез келген ақпаратқа әлеуметтік желідегі сілтемелер арқылы кіреміз. Сондықтан дәстүрлі көрерменнен гөрі мультимедиалық көрермен деген ұғым қалыптасты. Бұл нарықтың талабы. Мультимедиа – көптеген медиа құралдардың жиынтығы, олардың бір алаңға тоғысуы. Біздің медианарық тұтыну жағынан да, мультимедиалық технология тұрғысынан да дамушы елдердің қатарында жақсы позицияда тұр деуге болады. – Елбасының мақаласында гуманитарлық ғылымға ден қою керектігі баса айтылады. Бұл тұрғыда ойыңыз қандай? – Мультимедианың екінші бір қырына келсек, елімізде орын алып жатқан позитивті дүниелердің графикасын, динамикасын жасауды көтеруге екпін түсіреді. Себебі бұл қоғамның, азаматтардың ел болашағының дамуына деген сенімін арттырады. Ғалымдар тобы алғаш болып гуманитарлық технологияны зерттеп келеді. Бұл билік пен азаматтар арасындағы сенімді жоғалтпау технологиясы. Елбасының мақаласында гуманитарлық технологияны дамытатын идеялар баса айтылады. Мысалы, «Жаңа гуманитарлық 100 жаңа ғылым» дейді. Бұл ұсынысты қолдауымыз керек. Әл-Фараби айтпақшы, «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы». Яғни, ол қоғамның дамуына ықпалын тигізе алмайды. Ғылым саласы белгілі бір нәтижеге жетсе де, оның гуманистік жағын ескеруі тиіс. Себебі гуманистік тұғырнамасыз ішкі өзек мәнсіз болады. Кез келген атқарған жұмыстың сыртқы формасы бар да, ішкі өзегі болады. Сол ішкі өзекті гуманитарлық білімнен іздеп отырған мақала заман талабына сай. Мүмкін біздің қоғам идеологияға он, он бес жыл кеш келген шығар. Өйткені бізде алдымен экономикалық даму стратегиялық мақсаты тұрды. Яғни, қоғаммен көп жұмыс істеу керек. Азаматтардың елге, билікке сенімін арттыратын технология қажет. Қоғамда елдің мүддесін ойлаудың орнына жеке бастың, мүдденің қамымен кетіп қалғандар көп. Елбасы патриотизм мәселесін бекерге көтерген жоқ. «Туған жер» деген бағдарламаны жәйдан жай тілге тиек еткен жоқ. Әр адамның кіндік қаны тамған жері болады. Оның анасы біреу болса, туған жері де біреу. «Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени – генетикалық кодының негізі» деген жоқ па Елбасы?! Туған жерге деген сүйіспеншілік нені білдіреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде? Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. Ұлттық саналы қоғам болмай, көптеген реформаларды, қадамдарды қалыптастыра алмаймыз. Оның бәрі «Жаныңда жүр жақсы адам», «100 жаңа есім» және «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі» бағдарламасында айтылды. Бізді кез келген жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. – «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» демекші, біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Елбасы: «Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз», – деді. Білуімізше, сіз мұрындық болған «Қазақ елі» экспедициясының көздеген мақсаты да осы емес пе? – 2013 жылдан бері менің жетекшілігіммен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бір топ ғалымдары бірлесіп, «Қазақ елі» студенттер экспедициясын жасақтадық. Әсіресе, жастар үлес қоссын деп студенттік экспедиция деп атадық. Жастарды ғылымға баулу мақсатында мемлекеттік гранттың аясында қаржыландырдық. Мұндағы мақсат – тәуелсіздік алғалы бергі жаңа қасиетті орындарға барып, қазақ халқының тарихи-семантикалық атласын жасау керек болды. Біз бұл ғылыми міндетті орындап келеміз. Жоба әлі жалғасын табуда. Сондықтан біздің үш жыл бұрын қолға алған идеямыз Елбасының мақаласында айтылған ұсыныстармен дөп түскеніне және оған шама-шарқымызша үлес қосып жатқанымызды мақтаныш тұтамыз. Ғалымдар тобының белгілі бір деңгейдегі мақсаттарымен үндесіп жатқаны жетістік дер едім. Елбасының жүрегі осы арнаға бұрылып, еліміздің қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуін құруға тапсырма беруі біз үшін үлкен мүмкіндік. Мәдени генетикалық ұлттық кодтың негізі көне ескерткіштерінде, қасиетті орындарда, туған жерімізде. Көне жәдігерлерді ғана емес, тәуелсіздік құндылықтарын да танытуымыз керек. Біздің тарихи-мәдени географиялық белдеу жасайтын уақытымыз келді. Себебі өз географиямыздың белдеуінен бөлек, саяси, экономикалық, тарихи, мәдени құндылықтардың белгілі бір деңгейдегі белдеуі болуы керек. Жер бетінде тілдердің картасы бар, интернет қолданушылардың картасы және алпауыт елдердің домендік атауларының қолданыс картасы болады. Мұнымен қоса туған жеріміздің ең қасиетті орындарын көрсететін карта жасау керек. Экспедицияның жұмыс траекториясы ауқымды. Жыл сайын үш студенттен тұратын ғылыми жорық еліміздің әр өңіріне барып, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Қасиетті орындар туралы мәліметтерді, деректерді жинап келеді. Бұлар – мәдени, рухани құндылық. Оның сара жолын Елбасының өзі бастап, салып берді. Мысалы, «Бәйтеректі» алайықшы. Аңыз бойынша бәйтеректің басына жұмыртқалаған самұрық құс заманауи символға айналды. Сондықтан да бұл бағдарламаға ғалымдардың қосатын үлесі көп. Бұл –гуманитарлық ғылымға берілген сенім, басымдық, үміт. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жақын арада гуманитарлық саланың барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау қажет. Бұл қазақ халқының гумандық моделі бола ала ма? Меніңше, парасаттылықтың, ізгіліктің, іңкәрліктің тұтас гуманитарлық идеясының моделі осы. Зерттеуші ғалымдар мен журналистерді дайындап отырған ұстахана ретінде бағдарламалық міндеттерге күш-қайратымызды салуға бет бұрдық. Өз басым ғалым ретінде қасиетті орындардың мәдени-географиялық белдеуі туралы естігенде қатты қуандым. Осы уақытқа дейін тырбанып жүргізіп келе жатқан «Қазақ елі» экспедициясының да мақсаты Елбасының идеясымен сабақтасып тұр. Мұны Президент тарапынан қолдау деп білдім. Жұмысымызды өте серпінді түрде жалғастыруға дайынбыз. Биыл жазда экспедицияның ауқымын кеңейтуді қолға аламыз. Біз археолог-ғалымдармен бірге көне патшалар мекеніне атбасын бұрып, қазақ халқының өркениеті дамыған жерінен медиа керуенді бастаймыз. Астана мен Алматы ғалымдары Берелде кездесіп, Зейнолла Самашевтің 70 жылдығын атап өтеді. Сондай-ақ, археологтар мен студенттер ашық дала семинарында бас қосып, мобильді мектеп аясында археолог-ғалымдарға көне жәдігерлерді сандық форматқа көшіру, мультимедиалық тұғырнамаға қалай ауыстыру жөнінде шеберлік сыныптарын өткіземіз. Бұл бастамаға ЮНЕСКО және БҰҰ-ның Қазақстандағы департаменттері және Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі қолдау білдіріп отыр. Биыл өтетін шара үлкен кешенді қадам. – Бұл кешенді экспедиция қалай аталады? – «Ұлы Алтай жолымен» деп аталатын медиа керуеннің құрамында 5 экспедиция бар. Бұған дейін бізде әр университет ғалымдарының біріккен жобасы болған емес. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдарымен қоса, Германия, Ресей, Түркиядан ғалымдар келіп қосылады. Былтыр ғана мемлекеттің қолдауымен Берелде ашық аспан мұражайы салынды. Олар ашық аспан астында, қорған жанында мультимедиалық тұғырнама қалыптастыру және көне жәдігерлердің, құндылықтардың виртуалды образын жасауға байланысты өтетін шеберлік сыныбына қатысады. Біздің медиакеруен траекториясы екі бағыттан бастау алады. Алматы-Шілікті-Күршім-Берел; Астана-Шыңғыстау-Берел. Барлық шара Берел тарихи мемлекеттік мұражайында өтеді. «Берел» экспедициясының жетекшісі Зейнолла Самашев, «Алтай» археология экспедициясының жетекшісі – Ғани Омаров, «Шілікті» археологиялық экспедициясының жетекшісі – Әбдеш Төлеубаев, «Шыңғыстау» экспедициясының жетекшісі – Ұлан Үмітқалиев, «Қазақ елі» экспедициясының жетекшісі – өзім және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен үш экспедиция, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен екі экспедиция жасақталуда. Бұл кешенді шара еліміздегі ғылыми, мәдени тұрғыдан серпінді жоба болғалы тұр. Бірнеше экспедиция бас қосып, қазба жұмыстарынан бөлек, ағарту шараларын өткізеді. Бұл идеялық ұсынысты өзім тастадым. Бір жиында археолог ғалымдар Берелге жол жүреді дегенді естіп, жетекшісін тауып, жоспарымды айттым. Осы жобаны бірден қолдап, қазір жан-жақты келісім, дайындық жобаларын бастауға себепші болған археолог-ғалым Ғани Омаровқа алғысымды айтқым келеді. Бұл елімізде бесінші мәрте жүзеге асатын «Мобильді мектеп» аясында ұйымдастырылады. Бұған дейін ЮНЕСКО-ның медиа және ақпараттық сауаттылық бағдарламасы аясында төрт аймақта: Павлодар, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облысы мен Астана қаласында өтті. Сол өңірдегі журналистермен бірігіп, қасиетті орындарда шеберлік сыныбын өткізіп, елге сауатты ақпарат жеткізу барысын талқыладық. Мәселен, Арыстанбаб пен Түркістанда өткен шара естен кеткен жоқ. БҰҰ-ның өзі қолдау білдіріп, халық­аралық тұрақты туризм жылы аясында өткізуді ұсынды. Сондай-ақ, биыл Қазақстанның БҰҰ-ға енуіне 25 жыл толады екен. Биыл бұл шаралар дипломатиялық деңгейде аталып өтеді. Бүкіләлемдік деңгейде тұрақты туризмнің дамуына осы шаралар арқылы ықпал еткіміз келеді. Біз бұл жоба арқылы Берел аймағын ЮНЕСКО-ның мәдени мұрағаттар тізіміне қосуды ұсынбақшымыз. Көптеген ғалымдармен ақылдаса отырып, туризм картасын сызып, көне жәдігерлерге елдің, жұрттың назарын аудару керек. Бұл аймақтың инфрақұрылымы әлі дамымаған. Шешілетін мәселе шаш-етектен. Бәрі сәтті өтеді деп ойлаймыз. Қолдайтын халықаралық ұйым, жергілікті әкімдік бар. Ғалымдардың басын қосатын керуенге үлкен жүк артылып отыр. Сондықтан мемлекет тарапынан да қолдау болса дейміз. – Әңгімеңізге рахмет!  

Әңгімелескен

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары