Бүгін академик-жазушы Сәбит Мұқановтың туған күні!
Бүгін академик-жазушы Сәбит Мұқановтың туған күні!
22 сәуір Академик-жазушы Сәбит Мұқановтың туған күні. Осыған орай, жазушының өмірі мен шығармашылығы жайлы "Түркістан" газетінде жарияланған мақаланы ұсынамыз.
БАР ҚАЗАҚТЫҢ ЖҮРЕГIНЕ ЖОЛ ТАПҚАН
Репрессия науқаны қазақ зиялыларына оңай тиген жоқ: көбi қырылып-жойылып, бiразы итжеккенге жiберiлiп, түрмеге жабылды. Ал ендi бiр тобы сотталған жоқ. Солардың бiрi – Сәбит Мұқанов. Осыған орай «олай да бұлай» деген қысыр сөз, өсек-аяң көп. Бiрақ, бiздiң бiлуiмiзше, Сәбеңнiң бар «кiнәсi» – тiрi қалғаны. Әйтпесе сол қырғын кезiнде оның да көрген соққысы, бастан өткiзген қиямет-қайымы аз емес.
1937 жылдың 11-13-шiлде аралығында Жазушылар одағының жабық партия жиналысы өтедi. Бұған Сәбит Мұқанов қатыспады, себебi шығармашылық iссапарда едi. Қазан айына дейiн Мәскеуде болып, «Жұмбақ жалау» романын жазып жатқан. Соған қарамастан жиналыста баяндама жасаған Хамза Жүсiпбеков те, жиналыстың қаулысында да ол ұмытылмады, «қателерi» жiпке тiзiлдi: Iрiп-шiрiген либерализмге ұрынған, «халық жауларын» әшкерелеудiң орнына қолтығына су бүркiп, антипартиялық қылықтарын бүркемелеуге әрекеттенген. Мұхтар Әуезовтың ұлтшыл шығармаларын («Қилы заман», «Қараш-Қараш оқиғасы») шығарып, мақтаған. Қаулының шешiмi бойынша Сәбит Мұқановты дереу iссапардан шақыртып, оның тәртiбiн талқылау ұйғарылды. 1937 жылдың 16-қыркүйегiнде «Казахстанская правда» газетiнде «Выкорчевать национал-фашистскую мразь из Союза писателей Казахстана» деген редакциялық мақала жарық көрдi. Мұнда Сәкен, Сәбит, Ғабит үшеуi сыналып, олардың әрқайсысына ауыр-ауыр сөздер айтылады. Мәселен, «Сәкен Сейфуллин – «халық жауы», осыны бiле тұра Сәбит Мұқанов оны қолдайды, қоштайды» – мақалада Сәбеңе жабылатын үлкен пәленiң бiрi осы. Әрмен қарай Сәбеңнiң «қылмысы» нақтылана түседi. Ол буржуазиялық ұлтшылдықтың жаршысы, рупоры. Әйтпесе ұлтшылдықтың рухы аңқып тұрған «Бай баласын» («Адасқандарды») жаза ма? Контрреволюциялық ұлтшыл кiтапқа («Тар жол, тайғақ кешу» – А. К.) редактор бола ма? Әуезовтың ұлтшыл сарындағы кiтабын шығара ма? Неге Мұхтарды «үлкен шеберлiк көрсетедi» деп мақтайды? Сонда, қалай дейсiз, Мұқанов жолдас, қазақ әдебиетiне ұлтшыл контрабанданың есiгiн айқара ашу қажеттiгi туындайтындығын түсiнбеген бе? Неге сонша еркiнсидi? Себебi ЦК-да отырған Ғабит Мүсiреповке арқа сүйейдi. Ол болса, мұны көрмеген, бiлмеген болады. «Казправда» сынының» қысқаша мазмұны осындай. Осындай қиратқыш материалдар газет беттерiнде көрiнiсiмен-ақ, 24-қыркүйекте, Сәкен Сейфуллин абақтыға қамалды, содан бостандыққа шыққан жоқ. Сәбит Мұқанов Жазушылар одағының төрағасы қызметiнен қуылып, партия қатарынан шығарылды. Сонда оған қандай «кiнә» тағылды? Олар мыналар: «Адасқандар», «Мырзабек», «Темiртас», «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетi» сияқты ұлтшыл шығармалар жазған. «Халық жаулары» – Сейфуллинмен, Айсаринмен, Башахметовпен сыбайлас болған. Алашордашыл Мағжан Жұмабаевқа моральдық, материалдық көмек көрсеткен. Сәкен Сейфуллиндi әшкерелеудiң орнына, оны сынауға кедергi жасаған. Заңғар жазушының сүйген жары Мәриям шешей былай дейдi: «Әлi есiмде... 1937 жыл. Қазанның бесi. Жиналысқа кеткен Сәбит жоқ. Сағат кешкi алтыда басталады деп кеткен. Қараңғылық түстi, түн болды. Сәбит жоқ. Балалар аяқтарының ұшынан басып, әлдебiр қорқынышты күтумен болдық. Түнгi төрт шамасында есiк қағылды. Ашсам... Сәбит. Аппақ қудай, өң жоқ, түс жоқ. Қалшиып тұрған маған қарап: «Жүрегiме басқан жалғыз билетiмнен айырылдым. Мен бiттiм, Мәриям!» – дедi. Тәптiштеп мән-жайды сұрауға батылым бармады, екi көзге ерiк бердiм... («Менiң Сәбитiм». А., 1993). Партбилеттен айырылғаның – сенiмсiздiкке ұшырағаның. Құрығаның. Бiр тықыр таянды дей бер. Заман солай едi. Мәриям шешемiз: «Сол түннен бастап «әне әкетедi, мiне әкетедi» деп үреймен таңды атырып, кештi батырумен болдық. Көршi-қолаң, жора-жолдас iргелерiн аулақ сала бастады. Кейбiреулерi тiптi сәлемдесуге де жарамайтын болды. Сәбит билеттен айырылған күнi жұмыстан да қуылған. Күн көрiс қиындады. Төрт бала бар. Ботажан бесiкте – алты айлық. Ақша жоқ, денi дұрыс тамақ iшуден қала бастадық. Бiр күнi Сәбит менi шақырып алып: «Мәриям, сен ендi есiңдi жи. Арқа сүйер ағайын-туысым жоқ. Балаларға ие бол. Қандай қиын күндер болсын, осыларды сақта. Менi ұзатпай әкететiн шығар, киiм-кешегiмдi әзiрлеп қой. Аяқастынан келiп қалса, есiң кетер. Қайратыңа мiн, сенер адамымыз жоқ қой», – дедi одан әрi (бұл да сонда).Талай құқайды басынан өткерген батрақ баласы Сәбит Мұқанов ұлттық құндылықтар, қазақ халқының тағдыры, болашағы туралы сөз бола қалса сол үшiн артынан таяқ жеймiн-ау, деп қымсынып үрейленбеген, шегiншектемеген, қай деңгейде, қай ортада, кiмнiң алдында болсын әрқашан өз пiкiрiн бұқпай-ақ тура айтудан ешқашан жалықпаған. Айталық, белгiлi қоғам қайраткерi, жазушы Әди Шәриповтың «Көргенiм, көңiлге түйгенiм» деген еңбегiнде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң екiншi хатшысы Журин газет-журналдардың бәрiн орысша шығарып, одан қазақ тiлiне аударсақ шығын азаяды деп бiлгiшсiнгенде Сәбит Мұқанов: «Қазақ тiлi – бiздiң республикада мемлекеттiк тiл болуға тиiс. Сiздiң қазақ газет-журналдарды орыс тiлiнiң аудармасы болуы керек деген ұсынысыңыз бүтiндей қате... Керек десеңiз барлық кеңселердегi қатынас қағаздар қазақ тiлiнде жүруi керек, сiз қайта осыған көмектесiңiз. Бiздiң тiлiмiз бен әдебиетiмiз бай, тiл қорымыз қазiргi заманда дүниежүзi әдебиетiн өз ана тiлiне аударып, ана тiлiмiзде оқуға әбден жетiлдi... Сондықтан, жолдас Журин, сiздiң ұсынысыңызды қабылдауға болмайды», – деп партия басшысының бетiн қайтарып тастаған көрiнедi. Газет бетiнде жарық көрген тағы бiр деректi еске алайықшы. Сәбит Мұқановтың өзiн тыңдап көрiңiз. – Қазақ тiлiнiң мүшкiл халi туралы мен 1956 жылы ҚКП Орталық Комитетiнiң бюросында ашына, қатты сөйледiм. Осы мәжiлiсте үндемей отырған Ғабит Мүсiрепов маған: «Сенiң мына сөзiңе Америка қыруар доллар бередi», – деп менi қағытты (ол кезде бiз Америкамен араз едiк). Мен де Ғабиттiң сазайын бердiм. «Бұл жабық бюродағы сөздi Америкаға сен жеткiзбесең, ешкiм де жеткiзбейдi», – деп. Бюродан шыққан соң «маған қатты айттың ғой», – деп Ғабең өкпеледi. Мен: «Сен ше, өзiң осы қазақ тiлiнiң арқасында жазушы болдың, саған керек емес тiлдiң ендi ешкiмге де қажетi жоқ» деп бұрылып кеттiм, – дейдi ол. («Қазақ әдебиетi», № 22, 2.06.2000).
Жазушының қолына оқу министрiнiң бiрiншi орынбасары А. Щербаковтың жасөспiрiмдерге интернационалдық тәрбие беру жөнiндегi диссертациясының авторефераты кездейсоқ түседi. Интернационалдық тәрбиенi күшейтуге орысша-қазақша аралас мектеп дұрыс, қазақ мектептерiнiң қажетi шамалы деген сияқты құйтырқы ұсыныс айтылыпты мұнда. «Ғылыми еңбектiң» өн бойынан шовинистiк ой-өрiмнiң мүңкiп тұрғанын ол бiрден сезiп, оған бiлек сыбана соққы бередi. Сәбең «бiздiң диссертант қатардағы ғалымдардың бiрi емес, ол – Қазақстанның халыққа бiлiм беру iсiнде үкiметтiк өкiлдiгi бар адам... Iс жүзiнде байқағанымыз бұл министрлiк соңғы уақытта жылдан-жылға қазақ мектептерiнiң санын қысқартумен отыр, әсiресе – бастауыштарды. Осы қате әрекетiн диссертант ендi теориялық жағынан негiздемек. Менiңше, халыққа бiлiм беру органдары өз орнына сай емес шенеунiксымақтардың мұндай өрескел қадамдарына тыйым салатын кез жеттi... Қазақ мектептерiн жою жөнiнде диссертант ашық жазбаса да, диссертацияның бүкiл жасырын мән-мазмұны сол, – деген қатаң байлам жасайды.
«Қазақ халқы Сәбит Мұқановты осынша неге қадiрлейдi? Оның творчестволық өсу жолы мен өмiр жолының елеулi кезеңiн неге ұлттық мереке етiп өткiзедi? Бұған себеп көп. Соның iшiндегi ең бiр басты себеп – Сәбит Мұқановтың өз халқына деген адалдығы екендiгi даусыз», – деп жазады белгiлi қаламгер Әбдiжәмiл Нұрпейiсов («Егемен Қазақстан», 9.06.2000). Шынында солай. Өйткенi Сәбең халық мүддесi үшiн қажет болса от пен суға түсе беретiн. Әйтпесе, қылышынан қан тамған кеңестiк кезеңнiң өзiнде Мәскеу жiберген бiрiншi хатшы мен орталық бекiткен үкiмет басшысын жұрт көзiнше түгiн қалдырмай сынау неге керек едi? Тек жеке басының қамын ойлаған адам ондай қадамға барар ма? Темiртау қаласында болған қанды оқиғаға байланысты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң ХVI пленумы 1959 жылдың 23-қазанында өткен. Сонда сөз сөйлеген Сәбит Мұқанов негiзiнен қазақтар тұратын алыс аудандардағы малшылардың әлеуметтiк-тұрмыстық жағдайына үкiмет тиiстi жағдай жасамай отырғанын ескертiп, сын семсерiн президиумда отырған Орталық Комитеттiң бiрiншi хатшысы Н. Беляев пен Министрлер Кеңесiнiң төрағасы Д. Қонаевқа бағыттайды. Сонымен бiрге ана тiлiмiз туралы сөз қозғап, қазақ тiлiнде кеңсе iстерiн жүргiзу жөнiндегi қаулыны үкiметтiң өзi орындамай отырғанына қынжылып, ренiш бiлдiредi. «В 1957 году тов. Кунаев подписал распоряжение Совета Министров о применении казахского языка в делопроизводстве республики. Через несколько месяцев, в начале 1958 года, собрав в Алма-Ате республиканское совещание работников сельского хозяйства, зная, что добрая половина делегатов были чабаны, доклад сделал на русском языке. Таким образом, распоряжение, которое он подписал рукою, стер языком. А распоряжение до сих пор не выполняет никто, потому что они видят, что его, прежде всего, не выполняет сам Кунаев» (Т. Кәкiшев, К. Ахмет. Сәбит Мұқанов. Астана, «Фолиант», 2009, 48-б.).
«Өтiрiк бiткендi тап-таза шындық орнына өткiзiп, әңгiмелеу жағынан шеберақпыз. Бiрақ қажет болса, шындықты да айта аламыз!» – деп көне заманғы грек ойшылы Гесиод айтқандай, ақиқатты бiлгенге не жетсiн. Олай болса, сондай бiр әңгiменi тыңдап көрейiкшi. Филология ғылымдарының докторы, профессор Әбдiлхамит Нарымбетов марқұм әл-Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық университетiнде өткен конференцияға қатысып, 1964 жылы қазан айының соңында бiр апта бойы Сәбит Мұқановпен кездесiп, оның әңгiмелерiн ешбiр өзгертпей, қоспасыз өз аузынан шыққан қалпында жазып алғанын хабарлап, бiр-екеуiн оқып бердi. Кейiн Әбдiлхамит ағамыз сол жазбаларының бiразын «Қазақ әдебиетi» газетiне (№ 22, 2.06.2000) басып шығарды. Академик-жазушы туралы өзгелер айтқан ой-өрiмдер аз емес, бiрақ Сәбеңнiң өз пiкiрi әлдеқайда құнды ғой деп есептеген әдебиетшiнiң жазып алған бiр әңгiмесiне құлақ түрейiкшi. Сәбең не деген екен? – 1957 жыл. «Қазақ ССР тарихы» дайындалып жатқан кез. Мен сол кiтаптың редколлегия мүшесi едiм. Бiр күнi Қазақстан Ғылым академиясының вице-президентi Сақтаған Бәйiшев редколлегия мүшелерiн кабинетiне жинап, Қазақ ССР тарихы жөнiнде мәжiлiс өткiздi. Жиынға Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ақай Нүсiпбеков, Сергей Николаевич Покровский, Әбдi Тұрсынбаев т. б. қатысты. Даярланып жатқан тарих жөнiнде жұрт пiкiр айтты. Әдебиетке байланысты мен де сөйледiм. Менiң айтқаным: «Қазақстан тарихында Сәкен Сейфуллин Қазақ совет әдебиетiнiң негiзiн қалаушылардың бiрi деу қате. Олай деу үшiн 20-жылдары Сәкеннiң қатарында бiреу тұру керек қой. Ол жылдардың әдебиетiнде Сәкеннiң қатарында тұруға тиiс ешкiм жоқ. 1917 жылғы февраль революциясынан Октябрьге дейiн Сәкен «Кел, жiгiттердi» жазды. 1917-18-19 жылдары Сәкен Лениндi, Октябрьдi, партияны жалғыз жырлады. Сәкендей ақын Совет Одағында саусақпен санарлық, он шақты ғана, ал, Шығыста Сәкендей жазушы жоқ. Б. Iзтөлин өлiп қалды. С. Торайғыров, С. Дөнентаев Алаш Ордаға қосылып кеттi. Б. Майлин Алаш Ордада доброволец болып жүрдi. I. Жансүгiров 1927 жылға дейiн Совет өкiметiн мойындаған жоқ. Мен жас болдым. Мұхтар Әуезов 1932 жылға дейiн Совет өкiметiне қарсы. Менiң бұл сөзiмдi бәрi мойындады. Мұхтар Әуезов сөйлеп: «Сәбиттiкi дұрыс, бiрақ барлық әдебиеттiң основоположнигi – Горький, ал основоположниктiң жеке әдебиетке керегi қанша», – дедi. Мен Әуезовке «1932 жылғы хатты Сiзге қорқытып жаздырды ма, әлде өз еркiңiзбен бе?» – деген сұрақ бердiм. Ол қап-қара боп түтiгiп: «Өз убеждением», – дедi. Мен былай дедiм: «1932 жылдан 1943 жылға дейiн Мұхтардың судимостiгi сақталып келдi. 1943 жылы менiң ходотайством бойынша Жоғарғы Советте қаралып, Мұхтардың судимостiсi алынды. Мен өмiр бойы Мұхтарды, оның «Абай» романын қатты бағалаған кiсiмiн. «Мұхтар Әуезов – один из величайших художников» – деп жүрдiм. Бiрақ, Мұхтар Әуезов Қазақ совет әдебиетiнiң основоположнигi емес». Менiң сөзiмнен кейiн Мұхтар Әуезов қап-қара болып кеттi. Қаныш Сәтбаевтың өңi құп-қу. Тек қана академик Сергей Николаевич Покровский айтты: «Сәбиттiкi дұрыс, бiрақ Мұхтар Әуезовты бiз жержүзi әдебиетiнiң классигi деп жүрмiз ғой. Сәбиттiң пiкiрiн тарихқа жiберсек, буржуазиялық прессаға жол беремiз, Сәбе. Сiз настаивать етпесеңiз қайтедi. Қазақ ССР тарихына «Мұхтар Әуезов – крупный художник» – деп жiберейiк», – дедi. Мен: «Осылай боларын бiлiп келгенмiн. Және мен де осыған дауыс беремiн. Тек 50-100 жыл өткесiн, кейiнгi ұрпақ «Солардың бәрi двуличный екен, араларында дұрыс пiкiр айтатын, шындықты айтатын бiр дұрыс кiсi болмапты», – демесiн деп айттым» – дедiм. Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев – бiрi қап-қара боп түтiгiп, бiрi құп-қу болып үндемедi. Сол жиналыстағы менiң сөзiме Мұхтар Әуезов қатты өкпелеп, кейiн менiң 60 жылдық тойыма келмей қалды.
Сәбит Мұқанов көркем сөзге құмар, жазуға икемi бар жас таланттардың көзiн ашып, шығармашылығына қамқорлық жасай бiлген. Кейбiр нақты деректерге назар аударып көрейiкшi. Ғабит Мүсiреповты Орынборға әкелiп, жарты жылдай Сәбит екеуi шағын темiр төсекте бiрге жатқан. Жазғанын түзеп, өңдеп алғашқы кiтабын шығарған. Сотта iс тiркеушi боп жүрген Ғабиден Мұстафиндi газетке алдырып, ол «Өмiр мен өлiм» романын алты ай Сәбеңнiң тар пәтерiнде жазған. «Шығанақ» романын жазуға себепшi болған Сәбит Ақтөбе обкомының секретарына материал жинау үшiн авторға толық жағдай жасауын сұрап, өтiнiш хат жолдаған. Бұл күндерi классиктер қатарына енген белгiлi жазушы Әбдiжәмiл Нұрпейiсов ақсақалдың өзi мойындап отырғанындай («Егемен Қазақстан», 19. 01. 2010), оның әдебиетке бет бұруына ең алғаш әсер еткен кiтаптар – «Жұмбақ жалау» романы мен «Балуан Шолақ» повесi болса, әу баста оқушы дәптерiне небәрi 12 бет жазып, «бұл менiң «Курляндия» романым» деп ұсынған шимай-шатпағына назар аударып, оны шын мәнiндегi әдеби көркем шығарма деңгейiне жеткiзуге бастан аяқ қамқоршы болған кiсi – Сәбит Мұқанов болатын. 11 киелi қағаз босаттырып, Аралдағы райкомға звондап, тиiстi жағдай жасаттырып, вокзалда қонып жүрген кешегi солдатты үйiне қондырып, өзi айтып отырып, өтiнiш жаздырып, қолына 3 мың сомды ұстатып, жазған-сызғандарының сауатты өңделуiн бiр жүйеге келтiрткен де Сәбең едi. Бұған Әбекеңнiң өз сөзi куә: «Шынымды айтсам, сол кезеңде өзiмнiң тарапымнан қозғау, сұрау, жалыну болмапты. Мен үшiн күйiп-жанып, өзi ойланып, өзi кесiп-пiшiп, бар iстi тындырып жүрген Сәбең ағамыз екен. Мұндай жақсылықты әкемнен де көрген емеспiн». Қалмақан Әбдiқадыров: «Сәбит бауырына тартып, ақыл айтты. Содан былай шығармашылығым жөнделе бастады», ал Тайыр Жароков: «Ақындардың iшiнде маған өте ыстық, өте жылы шырайлы қарағаны Сәбит Мұқанов» дейдi. Қалижан Бекқожин: «Қаламгерлiк жас қанатыма дем берушi Сәбит Мұқанов болды», – деп ағынан жарылады. Бауыржан Момышұлы: «Сәбең бойындағы бар дарыны мен жақсы қасиеттерiн туған халқына, қоғамға сарқып беруде бәрiмiзге үлгi», – деген екен («Қазақ әдебиетi», № 9, 3.03.2000). Асқар Тоқмағамбетовтың «Ленин суретiне» деген алғашқы өлеңiн жария еткен. Сол газеттi әкесiне көрсеткенде ол: «Сәбит көп жасасын. Көзiмнiң тiрiсiнде бүкiл қазақ халқына таныстырды сенi. Өлсем де арманым жоқ», – дептi. Осы тақырыпты қорытындылай келе аса көрнектi ақын Қадыр Мырза Әлидiң Сәбең жайлы жазған «Иiрiмдегi» бiр дерегiне үңiлiп көрейiк. Бiрде Әбдiлдә ағамыз диссертация қорғайды дегендi естiп, академияға бардық. Соның алдында ақын Әбдiлдәнiң «Өмiр және поэзия» деген үлкен кiтабы жарық көрген. Төрт-бес ай бұрын Сәбит Мұқановтың «Қазақ әдебиетi» газетiнде ол туралы көлемдi сын мақаласы жарияланған едi. Әбдiлдә сөйлеп болғаннан кейiн мiнбеге Сәбең шықты. Қасымда отырған жолдасыма: – Көр де тұр, қазiр Сәбең сояды! – дедiм сенiмдi түрде. Өйткенi «Қазақ әдебиетiндегi» мақаласында Сәбең «бiрiншi, екiншi, үшiншi... оныншы» деп қойып, бiраз кемсiктерiн бадырайта-бадырайта айтқан-ды. Ендi солардың бәрiн түгелдей сызып тастап, жетiстiктерiн ғана айтып шықты. Аң-таң болдым. «Мұнысы несi» деп ойладым. Сөйтсем... Кейiнiрек естiдiм, Әбдiлдә Тәжiбаевтың «Өмiр және поэзиясы» Мұхтар Әуезовке ұнамайды. Диплом жұмысының деңгейiнде деген сөздi айтып қалады. Оны естiген Әбекең жылап Сәбеңе барады. Барлық жағдайды түсiндiрiп айтады. Ара түскенiн қалайды. – Ыңқ етпе, – дейдi Сәбең. – Екiншi оқып шыққаннан кейiн маған ұнауы мүмкiн ғой! Әсiресе, диссертацияның. – Сөйтiп Сәбең жылап келген Әбекеңе жаны ашып, бұрынғы пiкiрiн жүз процент өзгертiп, оның сәттi қорғап шығуына септiгiн тигiзедi. Бұл жолы мен Сәбит Мұқановты тағы бiр басқа қырынан таныдым. Қанша бiлдiм десең де, бiр адамды, тiптi белгiлi тұлғаның өзiн бiлемiн, жақсы бiлемiн, жете бiлемiн деуге болмайды екен. Әбдiлдә Тәжiбаев диссертациясы кезiнде мен бiлем-ау деп жүрген Сәбит Мұқанов мүлде басқа Сәбит Мұқанов болып шықты.
«Бiр өзi бiр библиотека кiтап жазған, бiр өзi бiр елдiң дәуiрiн қамтуға құлаш ұрған, әр дәуiрдегi елдiк-ерлiк тiршiлiгiн, ой-өрiсiн, сезiм тереңдiгiн көрсете алған» (Ғ. Мүсiрепов) Сәбит Мұқанов нағыз халық жазушысы болды. Басшы да, қосшы да – бәрi, бәрi оның шығармаларын сүйiп оқыды, қазақ қаламгерлерiнiң iшiнде Сәбиттей халық ықыласына бөленген жазармандар кемде-кем. “Жол таптым бар қазақтың жүрегiне, Осы да жеттi деген тiлегiне”, – деп өзi жазғандай, Сәбең шын мәнiнде қазақ халқының абырой-беделiне бөлендi. Бiр ұрпақ емес, бiрнеше буын Сәбит шығармаларынан сусындап өстi. Бiздiң әке-шешелерiмiз «Сұлушаш», «Адасқандар», «Ботагөз» кiтаптарын қолдан қолға түсiрмей қалай оқығанының шет жағасын көрдiк. Бұл күнде жетпiстiң қырқасына шығып, самайын қырау шалған бiздiң ұрпақ та Сәбеңнiң өшпес еңбектерiмен ауызданды. Қазақ кеңес әдебиетiнiң негiзiн қалаушылардың бiрi, әдебиетiмiздiң классигi, асқан дарын иесi, әйгiлi ғұлама ғалым, академик-жазушы Сәбит Мұқанов өз халқымен бiрге мәңгi жасай бередi.