628
«Қаһарман Ұлт» шеруіне 1500 азамат қатысты
«Қаһарман Ұлт» шеруіне 1500 азамат қатысты
Оңтүстік Қазақстан облысында Ұлы Жеңістің 72 жылдығына арналған салтанатты іс-шарасы өтті. Жеңіс күніне арналған шара Ұлы Жеңістің 72 жылдығы «Қаһарман Ұлт» шеруімен бастау алып, оған 1500-ден астам азамат қатысты.
Мерекелік шарада Әскери үрмелі аспаптар оркестрі тақырыптық марштар орындап, Абай саябағындағы «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасын тапты.
Шараға қатысқан облыс әкімі Ж.Түймебаев Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін және барша оңтүстікқазақстандықтарды Жеңістің 72 жылдығымен құттықтады.
«Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытты. Сондықтан Жеңіс күні аға ұрпақтың ерлігін мәңгілікке ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Бейбіт өмір үшін, ұрпақтың бақытты болашағы үшін отқа түсіп, қайғы-қасірет шеккен, соның бәрін қайыспай жеңе білген ардагерлердің жанкешті ерлігі мен еңбегі жадымыздан ешқашан өшпек емес. Сондықтан да Елбасымыз соғыс және тыл ардагерлеріне қолдау көрсетіп, олардың хал-ахуалын көтеруге көп көңіл бөліп келеді. Президентіміз сонау зұлматты соғыста жеңіске бірліктің арқасында ғана жетуге мүмкін болғанын үнемі еске салып отырады. Біздің ардагерлеріміз – еліміздегі достық пен келісімнің берік іргетасы болып табылады»,-деді өз құттықтау сөзінде әкім.
Мұнан соң, Ұлы Отан соғысы және тыл еңбеккерлеріне арналған әскери өмірден театрландырылған көріністер қойылып, ардагерлерге дала ботқасы ұсынылды.
Айта кетейік, Ұлы Отан соғысына Оңтүстік Қазақстаннан 140 мыңнан астам адам аттанып, олардың жартысына жуығы туған жерге оралмаған.
ІІ Дүниежүзілік соғыста жанқиярлық ерлігі үшін оңтүстікқазақстандық 51 азаматқа Кеңес Одағының батыры атағы берілсе, 8 жерлесіміз «Даңқ» орденінің иегері атанды. Жаужүрек қайсарлығы үшін мыңдаған ардагерлеріміз түрлі орден, медальдармен марапатталған.
Бүгінде от пен оқтың арасынан елге аман-сау оралған майдангерлердің 233 ҰОС ардагерлері, ал, 996-сысоғысқа қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілгендер болса, 19 199-ы тылда тынымсыз еңбек еткендер.