227
Өңір экономикасында даму бар
Өңір экономикасында даму бар
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда автокөлік құрастыру ісі жақсы жолға қойылды. Оған өздерінің өркенді өрісімен ауызға ілініп жүрген Өскемендегі «Азия-Авто» және Қостанайдағы «Сарыарқа АвтоПром» кәсіпорындарын мысал ретінде келтіруге болады. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің қадағалауында дамып жатқан саланың жемісті жетістіктері де жоқ емес.
Осы аталған кәсіпорындарда оңтүстіккореялық, франциялық және ресейлік автокөліктердің жұртшылыққа жақсы танымал көптеген маркалары құрастырылуда. Олардың қатарында «Хюндай», «КИА», «Сан Енг» сияқты Оңтүстік Кореяның, «Пежо» сияқты Францияның, «Шкода» сияқты Чехияның, «Ивеко» сияқты Италияның машиналары мен Ресейдің «Лада» маркалы бірқатар автокөліктері бар. Кейбір сарапшылардың айтуынша, елімізде автокөлік құрастыру жұмыстарының ойлағандай дәрежеде алға басуына Қазақстанның Кеден одағына мүше болуы да белгілі бір ықпалын тигізіп отыр. Өйткені Ресей рыногының ашылуына байланысты Кеден одағының нормалары ішкі өндірісті 4 есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік туғызды. Сонымен бірге олар жаңадан құрылған Еуразиялық экономикалық одақтың да автокөлік шығарушылар үшін айтарлықтай еркіндіктер беретінін жоққа шығармайды. Әсіресе, Ресей мен Батыс елдері арасында санкциялық қарсы тұрушылықтар белең алып тұрған кезеңде қазақстандық өндірісшілер үшін өз өнімдерін көрші ел рыногына өткізу мүмкіндігі бұрынғыдан бетер ұлғая түспек. Осы орайда, бұл саладағы өндірістің өсу ырғағы жылына 110-120 пайыз құрады. Соның арқасында десек болар, қазақстандық автоөнеркәсіп өмір сүре бастаған жылдар ішінде жалпы сомасы 650 миллиард теңге болатын 124 мың автомашина шығарды. Бес жыл ішінде өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы автокөлік өндірісінің көлемі бір пайыздық пунктке өсіп, 2010 жылғы 16 миллиард теңгеден 2015 жылы 80 миллиард теңгеге жету арқылы дағдарысты кезеңнің өзінде жеңіл өнеркәсіптегі көрсеткіштен айтарлықтай асып түсті. Ал «Азия-Авто» кәсіпорны 2016 жылдан бастап ресейлік Лада Калина, Гранта және Приора тәрізді модельдерді сериялық түрде шығаруды қолға алды.
Осы аптада ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қостанайда құрастырылатын жаңа автобустардың жай-жапсарымен танысты. Қостанайдың машина зауыты қытайлық компаниямен бірлесіп, автобус құрастыруды қолға алғаны белгілі. Қоғамдық көліктер жыл соңына қарай сатылымға шығарылады. Ал келешекте машиналар Ресей мен Беларусь Республикасының нарығына экспортталмақ. Автобустың бөлшектері Қостанайдың машина зауытына дайын күйінде келеді. Бұған дейін көліктің бірнеше түрін шығарып, тәжірибе жинақтаған жергілікті жұмысшыларға автобус құрау қиынға түскен жоқ, жылдам меңгеріп кетті. Алдағы мақсат – автоөнімдегі қазақстандық үлесті арттыра түсу.
Құрастыру цехының шебері Темірхан Мұқабаевтың айтуынша, Қытайдан келген мамандар көлік құрастырудың қыр-сырын үйреткен. «Бір апта бойы бізді оқытты, бірге құрастырып көріп, үйреніп алдық. Әзірге ірі бөлшектерден құрап жатырмыз, болашақта бұл автобустарды ұсақ бөлшектерден бастап жинайтын боламыз», – дейді шебер.
Кәсіпорында қоғамдық көліктің ұзындығы 8 метрден бастап 12 метрге дейінгі үш түрі құрастырылады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да барлық жағдай жасалған. Бұл автобустардың одан өзге де артықшылығы көп. Автобустар «Еуро 5» экологиялық стандартының талаптарына сай келеді. Газбен де, дизельді отынмен де жүреді. Ұзындығына қарай орын саны көбейе береді. Мұнда жолаушыларға жайлы болуына баса мән берілген. Жаңа автобустардың бағасы 26 млн теңге шамасында. Оны өтімді ету үшін арнайы қаржылық қолдау жағы да қарастырылған. Болашақта қоғамдық көліктердің қалааралық, туристер мен оқушыларға арналған түрлері де құрастырылмақ.
Айта кету керек, Елбасы Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясында қажетті инфрақұрылымды құруды қарастыра отырып, экспортқа бағдарланған электромобильдер өндірісін одан әрі дамыту міндетін қойды. Мәселен, JAC S3 және PEUGEOT 301 шанақтарын біріктірудің жаңа желісінің монтаж жұмыстары туралы ақпарат беріліп, шанақтарды бояу цехтарының, жеңіл автокөліктер мен автобустарды құрастыру желісінің жұмыстары көрсетілді. Сондай-ақ, зауыт қызметкерлері Бақытжан Сағынтаевқа ЭКСПО-2017-ге жіберілген IVECO Crossway автобустарын, сонымен қатар осында шығарылатын жеңіл автокөліктер мен коммерциялық техника желісін де паш етті. Зауытта 7 бренд: Peugeot, SsangYong, Iveco, Hyundai, JAC, JAC Commercial, Ravon және Chevrolet бар. Бұдан өзге электромобильдер өндірісі ретке келтірілген. Бүгінде автокөліктер еліміздің ішкі нарығы мен көрші Ресей мемлекетінде сатылуда. Жақында «Холдинг Азия Групп Тәжікстан» компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылса, оның аясында Тәжікстанға 2 мың JAC және Peugeot автокөліктері жеткізілмекші.
Осылайша, Үкімет басшысы автокөлік желісі ұлғайтылып, экспорттық әлеуеті артып жатқан «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС өнімдеріне оң бағасын берді. «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС 2010 жылы құрылған. Кәсіпорында 2010 жылдан 2017 жылғы сәуір айына дейін 26 345 автокөлік шығарылған. 2017 жылдың І тоқсанында 971 көлік құрастырылған. Зауытта шамамен 600 жұмыс орны бар.
Mines&Money саммитіне дайындық қызу
2017 жылдың сәуір айының соңында Mines&Money Лондон штаб пәтерінде 25-ші Дүниежүзілік Тау-кен Конгресі (ДТК) аясында инвестициялық конференция өткізу туралы келісімге қол қойылды. Бұл конгресс 2018 жылдың 19-22 маусымы күндері Астанада «AstanaMining&Metallurgy» конгресі базасында өтеді. Меморандумға сәйкес, ДТК 2018 бағдарламасында «Mines&Money» тау-кен өндіру өнеркәсібі инвестициясы бойынша Еуропадағы конференция алдағы уақытта Қазақстан Республикасының тау-кен металлургиялық кешеніне 300-ден астам инвестор тартуға мүмкіндік береді. Қазақстанның ТМК-нің инвестициялық тартымдылығын арттыру елдің саяси бағытындағы басым мәселелердің бірі болып табылады және саланың операциялық қызметіндегі түбегейлі өзгерістердің туындауымен байланысты. Атап айтқанда, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекстің қабылдануы аясында геологиялық ақпараттарды ашатын жоғары технологиялы платформа құрау керек және Қазақстанның батысавстралиялық моделге көшуі үшін инвестициялық жер қыртысын нығайту қажет. «Өнеркәсіптік 4.0» төртінші индустриялық революцияны жандандырудағы үлкен бәсеке маңызды фактор болып табылады. Аталмыш бастама компаниялардың өндірісті цифрландыру деңгейін жоғарылатуды және инвестициялық бағдарламаға айтарлықтай өзгеріс енгізуді қарастырады. Арнайы жүлде тігілген. Ол – шығындарды қысқартып, елеулі табыс көзін ұлғайту перспективасы. Таяуда Венада Дүниежүзілік Тау-кен Конгресінің халықаралық ұйымдастыру комитетінің 97-ші отырысы өтті. Онда Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, Дүниежүзілік тау-кен конгресі Халықаралық ұйымдастыру комитетінің мүшесі Қанат Баитов Астанада өтетін 25-ші Дүниежүзілік Тау-кен Конгресіне дайындық жөнінде есеп берді.Венадағы отырыста түрлі тақырыптарды және тау-кен металлургиялық кешеннің барлық байланыстарын қамтитын конгресті өткізудің кеңейтілген бағдарламасы таныстырылды. Онда геологиялық барлау мен өндіруден бастап, байытуға дейінгі, бағалау тәуекелдерінен бастап халықаралық қаржыландыруды тартқанға дейінгі аралық қамтылады. Бағдарламада өнеркәсіптің барлық базалық салаларын жаңғыртуға, Индустрия 4.0 бағдарларамасының элементтерін енгізуге және әлемдік Тау-кен металлургиялық кешенінде оны үздік тәжірибемен қолдану мәселелеріне айрықша басымдық берілді.«Нұрлы жер»: Қоныс тойын тойлағандар көбейеді
Қазақстанда құрылыс саласы экономикадағы көшбасшы рөлін әлі сақтап отыр. Елдің құрылыс саласы өткен жылы да даму қарқынын бәсеңдетпей, салынған инвестиция көлемі де артқан. Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов биыл да өсім бар екенін тілге тиек еткен болатын. Нақты айтқанда, 2017 жылдың алғашқы үш айында құрылыс саласындағы өсім – 7,1 пайыз. Биылғы үш айда тұрғын үй құрылыс саласына 174 млрд теңгенің инвестициясы салыныпты. Жалпы алғанда, дәл осы салаға 2015 жылы – 740 млрд, 2016 жылы 830 млрд теңге инвестиция салынған. Бір сөзбен айтқанда, тұрғын үй құрылысына аударылып жатқан қаржы аз емес. Соның нәтижесінде, 2016 жылы елдегі тұрғын үй қоры 10,5 млн шаршы метрге көбейген. Әрине, халықты тұрғын үймен толық қамтамасыз ету оңай шаруа емес. 2017 жылдың өзінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 100 мың пәтер салынбақшы екен. Оның 25 мыңы мемлекеттік инвестиция есебінен салынатын көрінеді. Осы аптада Қостанай облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынып жатқан тұрғын үйлерді арнайы көрді. Заречное ауылы, «Северный» шағын ауданындағы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген тұрғын үй құрылысымен танысты. Премьер-министрге жаңа шағын ауданның 37 гектар аумақты қамтитыны, құрылысқа 271 жер телімі бөлінгені туралы мәлімделді. Мұнда 34 үй тұрғызу жоспарланған. Жер телімдерінің шекарасына қажетті инфрақұрылым – газ, су құбыры, электр қуаты жүргізілген. Биыл Қостанай облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 210 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы облыста бағдарлама бойынша бес жылдың ішінде 1 млн 150 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Үкімет «Нұрлы жер» аясында тұрғын үй нарығын дамытудың кешендік шараларын әзірлеген. Солардың ішінде ипотекалық несиелерді мемлекеттік субсидиялар есебінен арзандату, «Даму» АҚ субсидиялары есебінен жеке құрылыс салушыларды ынталандыру бар. «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» салымшылары мен сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үйді тұрғызу жұмыстары жалғасын табуда. Ал жаппай тұрғын үй құрылысын ынталандыру үшін дайын инженерлік инфрақұрылымы бар жер телімдері бөлінетін болады. Осылайша, Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Қостанайда 300-ге жуық коттеджге ие болған тұрғындар қоныс тойын тойламақ. Алдағы он күн ішінде бұл баспаналардың алғашқы ілегі өз иесін таппақ. Оның сыртында Рудный қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 75 жас отбасы өз пәтерлеріне қоныстанып үлгерді. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде баспана салу жұмыстары жалғаса береді. Қазіргі таңда Қостанай қаласының іргесінде орналасқан Заречный кентінің «Северный» шағын ауданында үйлер салынуда. Биыл 270 үй тапсыруды жоспарлап отырмыз. Баспана салып жатқан екі сенімді мердігердің жұмысы да көңілден шығады. Олардың баспана салу тетігі қарапайым. Басты талап мердігерлер жеке үйлерді басында өз ақшасына салады. Артынан өз шығындарын «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы қайтарып алады. Себебі бүгінде аталған банкте біраз адамның салымы жиналды. 30 мыңдай адам кезекте тұр. Ақша да аз емес. Олар үйді алғаннан кейін айына орташа есеппен 40-70 мың теңгедей төлейтін болады. Төлемнің мөлшері үйдің шаршы метріне байланысты», – дейді облыс әкімі Архимед Мұxамбетов Рудный қаласында жаңадан пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үйдің алғашқы тұрғындарымен жүздескен салтанатты жиында. Заречный ауылында салынып жатқан жеке тұрғын үйлердің сапасы көңіл толарлықтай. Оларды салу барысында жаңа теxнологияның озық үлгілері қолданылып отырғанын айта кеткен жөн. Баспана салып жатқан «Ирина и К» және «ЭКСПО СТРОЙ» ЖШС басшыларының пікіріне құлақ түрсек, бір үйді екі жарым айдың ішінде салып шығуға болады екен. «Салынып жатқан үйлердің ауданы 90 шаршы метрден бастап, 110 шаршы метрге дейін. Қазір ауылдық әкімдікте жер кезегінде тұрған жұртшылық өздеріне ыңғайлы үйді таңдай алады. Ең бастысы, олардың «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінде» үйдің жалпы құнының 30 пайызына жететін ақшасы болуы керек. Бұл үйлердің бағасы 10 млн теңге болса, талап білдірген тұрғын баспананың алғашқы жарнасы ретінде 3 млн теңге жинақтауы шарт», – дейді Заречный ауылдық округінің әкімі Қалыбек Жұмашев. Жалпы, Қостанай облысы бойынша алдағы уақытта тұрғын үй салу барысында Рудный, Қостанай қалалары мен Қостанай ауданына басымдық берілген. Оның басты себебі бұл жерлерде облыс жұршылығының 50 пайыздан астам тұрғыны мекендеп отыр. «Рудный қаласындағы «Соколов» шахтасында 7 жылдан бері еңбек етіп келемін. Енді өзімнің баспанам болғанына өте қуанып тұрмын. Бұған дейін жалдамалы пәтерлерді жағалап көшіп жүрдік. Қос қызым өсіп келеді. Енді олардың өз бөлмелері бар. «Нұрлы жер» бағдарламасының біз секілді қарапайым азаматтарға берері мол», – дейді жаңа тұрғын үйден 3 бөлмелі пәтерге ие болған Рудный қаласының тұрғыны Сергей Калюжный. Бүгінде мемлекет жеке тұрғын үй салу, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау тәрізді бағыттарда да нақты жұмыстар атқарып жатыр. «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру үшін арнайы пилоттық жоба да әзірленіпті. Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту үшін облыс орталықтарында жүзеге асырылуы тиіс пилоттық жобада біркелкі сәулеттік үлгідегі жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу, бұл шаруаны бір ғана құрылыс салушыға беру, сонымен қатар Тұрғын үй құрылысы комбинатының технологиясын қолдану арқылы тұрғын үй құнының қолжетімділігін қамтамасыз ету және кезекте тұрғандар үшін «Тұрғынүйқұрылысыжинақбанкінің» жеңілдетілген займдарын беру арқылы тұрғын үй құрылысын қаржыландыру көзделген. Әлеуметтік тұрғыда әлсіз деп есептелетін топтар үшін жалға берілетін үйлер салынбақ. Халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін сатып алу құқығынсыз арендалық баспана салынады. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің салымшылары үшін несиелік тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі артатын болады. Жеке құрылыс салушылардың тұрғын үй құрылысын және мемлекеттің субсидиялауы арқылы ипотекалық несиелендірудің қолжетімділігін арттыру көзделуде Қысқасы, мемлекет тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыта бермек ниетте. Бұл бағытта түрлі жоба-жоспарлар баршылық. Мәселен, осы салада таяу жылдар ішінде 83 жоба іске асырылмақ. Бұл жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуын 60 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.«Қазақавтожол» бүлінген жолды қайта жөндеді
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің медиа-орталығында ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитеті «Қазақавтожол» РМК-ның 2017 жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыс қорытындысына арналған брифинг өтті. «Қазақавтожол» РМК бас директоры Ұлан Әліпов кәсіпорынның басты міндеттері мен ағымдағы қызметі туралы айтып берді. «Су тасқыны басталғаннан бері қарғын судың автожол үстінен 96 рет асып төгілуі тіркелді. Су тасқыны салдарынан 42 учаскеде автомобиль жолдары мен жолдағы жасанды құрылыстар бұзылып, зардап шекті. 2016 жылы болған су тасқынымен салыстырғанда, судың жолдан асып төгілуі былтырғы көрсеткіштен 3 есе, жолға және жасанды құрылыстарына зақым келтіруі – 2,5 есе асып түсті. 41 автожол учаскесі бойынша су тасқыны зардаптарын қалпына келтіру аяқталды. 180 метр жол қабаты, 7,1 мың метр жол жиегі, 13 су өткізу құбыры қалпына келтірілді», – деп атап өтті Ұ.Әліпов. Сонымен бірге «Кешенді мақсатты бағдарлама» аясындағы екі айлық жұмыстардың бағыттары аталды. «Шұңқыр жөндеу, жолтабандармен жол тарамдарын жою, жол белгілерін орнату, жол қоршауларын жөндеу, жүргін бөлікті сызып белгілеу, автопавильондар мен демалыс алаңдарын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда барлық жұмыс кестеге сәйкес атқарылуда және биылғы жылдың 15 маусымына дейін КМБ жоспарының 60 пайызы орындау жоспарланып отыр», – деді Ұлан Әліпов.