649
«WorldSkills Kazakhstan-2017» чемпионаты өтті
«WorldSkills Kazakhstan-2017» чемпионаты өтті
Астана қаласында өткен «WorldSkills Kazakhstan-2017» ұлттық чемпионатында Ақмола облысының командасы сегіз алтын, бір күміс және жеті қола медальға ие болды. Отыз біліктілік шарты бойынша өткен сайыста бетон жұмыстары, витринистика, мерчендайзинг және флористика сияқты машықтар сарапқа салынды.
Үш жүзге тарта қатысушы дәнекерлеуші, қалақшы, шаштараз, даяшы және өзге де мамандықтарда бақтарын сынасты. Ақмола облысы Ұлттық чемпионатта 25 біліктілік бойынша сайысқа қатысып, 16 медальға ие болды. Бұл негізінен республика көлемінде ең жақсы көрсеткіш саналады. Атап айтқанда, Көкшетау қаласының Жоғары колледжінің оқушылары Диас Дулат пен Анатолий Тыщенко «Токарьлық іс» және «Шанақ жұмыстары» сайысында алтыннан алқа тағынды. Сол колледждің тағы бір оқушысы Валерий Водницкий «Ағаш шебері ісі» бойынша жеңіс тұғырынан көрінді. Бұдан басқа, Көкшетау қаласының №1 Құрылыс-техникалық колледжінің оқушылары Максим Бельченков пен Анна Бобылева «Дәнекерлеу ісі» және «Сырлау жұмыстары» бойынша жеңімпаз атанды. Және де Красный Яр қаласының №3 Агротехникалық колледжінің оқушысы Валерий Онищенко «Сантехника және жылыту» бойынша алтын медальға ие болғандығын да айта кету керек. Енді алтын жүлде иегерлері Қазақстан құрамасы сапында елімізді «WorldSkills Russia» халықаралық чемпионатында таныстыратын болады.