225
Шымкентте балалар 1-сыныпқа электронды жүйе арқылы қабылданбақ
Шымкентте балалар 1-сыныпқа электронды жүйе арқылы қабылданбақ
Енді Шымкентте балалар 1-сыныпқа электронды жүйе арқылы қабылданатын болды, – деп хабарлайды Астана арнасы.
Арнаның хабарлауынша, балаларды 1-сыныпқа электронды жүйе арқылы қабылдау алғаш рет Шымкентте енгізілгелі отыр. Мұндағы мақсат – тамыр-таныстықты болдырмау, мектептердегі үш ауысымды оқу мәселесін жою. Биылғы жылы Шымкент қаласында 21 мыңнан астам бала мектепке барады деп болжанған.
Ал 1-сынып оқушыларын қабылдау жүйесі маусым айының алғашқы күнінен басталмақ. Бұл жүйе қалай жүзеге асады? Баласы бірінші сыныпқа баратын кез келген ата-ана ғаламтор арқылы mektep.shymkent.edu.kz сайтына кіріп, тиісті құжаттардың көшірмесін жүктеуі қажет. Электронды жүйе арқылы ата-аналар өзі тұратын аумақта орналаспаған мектептерді де таңдауға мүмкіндігі бар. Бірақ орын санының шектеулі екендігін ескеру қажет.
Аталған сайтта мектептің мекенжайы, білім көрсеткіші, болашақ сынып жетекшісі жөніндегі барлық ақпараттар жүктелген. Бағдарламаның басты мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу.
Сонымен қатар, жаңа электронды жүйе мектептердегі балалардың санын реттеуді мақсат етеді. Айта кететін бір жайт, Шымкент шаһарындағы 18 мектепте үш ауысымға өту қаупі туындап отыр.
Қазіргі уақытта қаладағы мектептерде арнайы ашық есік күндері ұйымдастырылып, порталға тіркелу мен құжаттарды тапсыру ретін түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ал ғаламторға кіруге мүмкіндігі жоқ ата-аналар жақын маңдағы мектептердің көмегіне жүгіне алады. Электронды жүйе арқылы құжат қабылдау 30 тамызда аяқталады.