Руслан Әбдіразақов «Алматы барысы» атанды

Руслан Әбдіразақов «Алматы барысы» атанды

Руслан Әбдіразақов «Алматы барысы» атанды
ашық дереккөзі
339
 Бүгін Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында қазақ күресінен «Алматы барысы» турнирі өтті. Сайыс нәтижесі бойынша 3 шілдеде Астанада өтетін республикалық «Қазақстан барысы» турниріне оңтүстік астанадан 2 балуан жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Тартысты дода басталмас бұрын қала әкімі Бауыржан Байбек пен «Қазақстан барысы» президенті Арман Шураев сөз сөйледі.  Сайыста шаһардың 8 ауданынан 24 балуан бақ сынады. Алғашқы іріктеу кезеңдерінен-ақ балуандар тартысты өнер көрсетті. Іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен  төрт балуан жартылай финалға жолдама алды. Олар: Виктор Демьяненко, Әлімжан Жұмахметов, Руслан Әбдіразақов және Дәурен Нұралинов. Жартылай финалдың алғашқы кездесуінде боз кілемге Виктор Демьяненко мен Руслан Әбдіразақов шықты. Руслан қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, финалға жолдама алды. Екінші жартылай финалдық бәсекеде Дәурен Нұралинов пен Әлімжан Жұмахметов белдесіп, Дәурен ақтық сынға шықты. Үшінші орын үшін өткен кездесуде турнирдің былтырғы чемпионы Виктор Демьяненко қарсыласын қапы қалдырып, қола жүлдеге қол жеткізді. Финалдық кездесуде Руслан Әбдіразақов Дәурен Нұралиновтен  айласын асырып, «Алматы Барысы» атанды. Екінші және үшінші орын алған балуандар арнайы белбеу мен ақшалай сыйлыққа ие болды. Ал Руслан Әбдіразақовқа белбеу мен «Лада Гранта» автокөлігі сыйға тартылды. Айта кетейік, Руслан мен Дәурен «Қазақстан Барысы» турнирінде  Алматы қаласының намысын қорғайтын болды.  

Серіктес жаңалықтары