425
Ықтияр хатты алудың қиын жолы
Ықтияр хатты алудың қиын жолы
Бүгінде «Шықсақ бір төбеде, өлсек бір шұңқырда болайық» деп келген ағайындарға «төбе» де, «шұңқыр» да бұйырмауға айналған сыңайлы. Бұған дейін атамекеніне аңсап жеткен кейбір қандастардың қайта оралып жатқанын естігенде «мұнысы несі?!» деп іштей сөгетін едік. Сөйтсек...
Шын мәнінде, кетіп қалған, әлі де кетуге бел буып отырған ағайындар атажұртқа сыймай жүр ме, әлде сыйдырмаған соң, осы жолды таңдады ма? Бұл сұрақтың жауабы да күңгірт.
Өзбекстанның Науаи облысы, Тамды ауданынан Ақмола облысының Есіл ауданына көшіп келген Бауыржан Өтегеновтің басындағы жағдай әлгіндегі сөзімізге дәлел. Себебі бұл отбасына Қазақстанда тұруға рұқсат беретін құжатты алу қиынға соғып тұр. Олар тіркеу тәртібін бұзғаны үшін айыппұл төлеп, тұрақты тұруға рұқсат қағазын алуға бір жылға кешігіп қалған. Соңғы жарты жылын сенделіспен өткізген Бауыржан Өтегеновтің айтуынша, атамекенге келген соң таныстарының үйіне уақытша тіркеліп, басқа пәтерде тұрған. Әрі осы екі аралықта Қазақстанда тұрақты тұруға өтініш беріп, ықтияр хат алуға құжат жинауға кіріседі. Бірде Есіл аудандық көші-қон полициясы тексеру барысында тіркелмеген жерде тұрып жатқан отбасы мүшелеріне әкімшілік айыппұл салып кетеді. Міне, осыдан кейін бұл отбасы әуре-сарсаңнан көз ашпай келе жатқанға ұқсайды.
«Тұрақты тіркеуге тұрған үйіміз – баламыздың танысы еді. Бірақ біз үлкен ұлымыз Бейбіт жалдаған пәтерде тұрдық. Көші-қон полициясының өкілдері сот шешімімен айыппұл салды. 2016 жылдың 14 желтоқсанында «шетелдіктерге арналған тіркелу тәртібін бұзды» деп, әрқайсымызға 31 мың 815 теңге айыппұл төлеуге үкім шығард», – дейді Бауыржан Өтегенов.
Бұдан соң Ақмола облыстық Ішкі істер департаменті Есіл сотының үкімі негізінде бұл отбасындағы үш адамның «Қазақстанда тұрақты тұруға берген өтінішін бір жылға дейін қанағаттандырмау туралы» шешімге келіпті. Мұның салдарынан 47 жастағы Бауыржан Өтегенов пен оның 36 жастағы жұбайы Айнагүл Қожаниязова және 7 жастағы баласы Бірлік Сейітмұратовтардың Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алуы кейінге шегерілді. Алайда Өзбекстандағы үй-жайы мен азын-аулақ малын сатып, елге оралған отбасының жағдайы мәз емес. Тіпті, отбасы әлгі шешімнен кейін айына бір рет Өзбекстан шекарасынан ары асып, Қазақстанға 30 күн мерзімге қайтадан визасыз өтіп келуге мәжбүр болғанын айтып, ертеңгі күні тығырыққа тіреліп қалмасына алаңдайды. Себебі Ақмола облыстық Ішкі істер департаменті бұл азаматтарға «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 49-бабындағы, «Қазақстан Республикасының шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнамасын бірнеше рет бұзу» жөніндегі 5-тармаққа сәйкес, тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тарту туралы шешім қабылдаған. Департаменттің мәлімдеуінше, шетелдік азамат Қазақстан азаматтығын алуға өтініш білдірмей тұрып, бұл елде «тұрақты тұруға рұқсат алуы және шетелдіктің ықтияр хаты болуы тиіс».
Ал Көші-қон заңына сәйкес, шетел азаматтарына тұрақты тұрудан бас тартылса немесе тұрақты тұру мәртебесі жойылса, ол сол уақыттан бастап бір жылдан кейін ғана қайтадан өтініш білдіре алады. Демек, Өтегеновтер отбасы ықтияр хатты тағы бір жыл күтуіне тура келетін сияқты. Алайда бұл мәселе неге осыншалықты күрделеніп кетті? Мамандардың айтуынша, шетелден өз бетімен көшіп келген этникалық қазаққа әуелі бір жыл мерзімге оралман куәлігі беріліп, содан кейін тиісті құжатын жинай бастайды. Және Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алуға өтініш беріп, сол күннен бастап үш ай ішінде Ішкі істер министрлігі өтінішті қанағаттандырса, ықтияр хат беріледі. Міне, содан кейін ғана оралман Қазақстан азаматтығын алуға кіріседі. Мұның бәрі бір жыл ішінде орындалуы тиіс. Ал үлгермеген жағдайда оралман куәлігі жарамсыз болып есептеледі. Екінші мәрте оралман куәлігін алу үшін қайтадан шетел азаматы ретінде тіркелуге мәжбүр.
Оралман үшін құжат алу процесі сергелдең туғызатыны осыдан-ақ көрінеді. Бір айта кетерлігі, елімізде жаңадан енгізілген уақытша тіркеудің әлі де жетілмеген тұстары бар екені жасырын емес. Көшіп келген отбасы тұрғылықты мекен-жайы болмаған соң, туыс пен танысты жағалайтыны заңдылық. Дәл осылай тіркеліп жатқандар қаншама. Басқа амалы бар ма? Бәлкім, жаңа жүйеде елге өз еркімен қоныс аударып келген этникалық қазақтардың жағдайын да ескеру керек сияқты.
ОРАЛМАН ТҰРҒЫН ҮЙ КЕЗЕГІНЕН ШЫҒАРЫЛУЫ МҮМКІН
Айтпақшы, Астанада тұратын оралмандар мемлекеттен берілетін үй кезегінен алынып тасталуы мүмкін. Сондай-ақ, бұл тізімнен әскери қызметкерлерді де шығару мәселесі көтерілді. Астана қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Руслан Ахметов мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында мемлекеттік қордан баспана алуға кезекте тұрған оралмандарды тізімнен шығару ұсынысы жасалғанын атап өтті. «Біз Үкіметке бірнеше мәрте ұсыныс жасадық, әлі де аталған санаттағы тұрғындарды кезектен шығару керек деген пікірдеміз. Қазір біздің ұсынысымыз Үкіметте қызу талқыланып жатыр», – деді Руслан Ахметов. Оның айтуынша, өңірлердің біріне квотамен келген оралмандар баспананың орнына ақшалай өтемақы алады да, Астанаға қоныс аударып, тұрғын үйге кезекке тұрады екен. Ал оның өтемақы алғаны деректер базасына тіркелмейтін көрінеді. Мұнымен қоса, әскери қызметкерлерді тұрғын үй кезегінен шығару мәселесі де өткір тұр. Олар енді жеке тізімге алынып, басқа жеңілдіктермен қамтылады. Басқарма басшысы мүлікті иелігінен шығарып, бес жылдан соң пәтерге қайта кезекке тұратындардың да жолы кесілетінін де қатаң ескертті. «Егер адам мемлекет қорынан бір рет пәтер алса, оның қайта кезекке тұру құқығын шектеу қажет», – деп атап өтті ол. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, Қазақстанға 1991 жылдан 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін 957 мың 772 адам этникалық қазақ (261 мың 104 отбасы) келіп, оралман мәртебесін алған. Ал 2016 жылы 33,7 мыңнан астам оралман келген. Қазақстанға оралған қазақтардың 61,6 пайызы – Өзбекстаннан, 14,2 пайызы – Қытайдан, 9,2 пайызы – Моңғолиядан, 6,8 пайызы –Түркіменстаннан, 4,6 пайызы – Ресейден, қалған 3,6 пайызы өзге елдерден. Шеттен келген қазақтардың көп қоныстанған аймағы – Оңтүстік Қазақстан. Оралмандардың 21,2 пайызы осы өңірге жайғасқан. Бұдан кейінгі орында Алматы (16,3 пайыз), Маңғыстау (13 пайыз) мен Жамбыл (9,4 пайыз) облыстары. Көшіп келген қазақтардың 55,6 пайызы – еңбек жасындағы, 39,9 пайызы – 18 жасқа дейінгі, 4,5 пайызы – зейнет жасындағы адамдар. Еңбекке жарамды оралмандардың 8,8 пайызы – жоғары, 20,6 пайызы – арнаулы орта, 60,8 пайызы – жалпы орта білімі бар азаматтар.