812
Ұлттық музейде суретші Ерболат Төлепбайдың көрмесі ашылды
Ұлттық музейде суретші Ерболат Төлепбайдың көрмесі ашылды
Ұлттық музейде суретші Ерболат Төлепбайдың көрмесі ашылды. Ол өз елінде де аса абыройлы, оған қоса дүние жүзінің өнерді бағалайтын зиялы қауымына аты-жөні мәлім суретші. Оның «Бес күн» атты жеке көрмесін тамашалаушылардың санында есеп болмады.
ЭКСПО-2017 көрмесінің қарсаңында ұйымдастырылған суретшінің жеке көрмесіне елордалық зиялы қауым өкілдері молынан жиналды. Көрмені Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашты. Ал Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, академик Мырзатай Жолдасбеков, Cенат депутаты Бірғаным Әйтімовалар суретшінің өнері туралы өз ойларымен бөлісті. Әйгілі суретшінің жеке көрмесі елордадағы Ұлттық музейде өтті. Көрме не үшін «Бес күн» аталды? Неге оны анасына арнады? Қолтаңбасының даралығымен, бояуының айқындығымен ерекшеленетін суретшінің дүниеге, тіршілікке, адами қарым-қатынастарға деген көзқарасына анасының ықпалы зор болған сияқты. Суретші былай дейді: «Анам марқұм өмір бойы емшілікпен айналысты. Ұлдар еді есімі. Ол кезде біз баламыз. Күнде таңертең ұйқыдан тұрып, таңертеңгі шәйді ішейік десек, үйде кемінде 10-15 бейтаныс кісі отырады. Біз отбасы болып оңаша шәй ішіп көрмеппіз. Анам айтатын адамдар арасындағы қарым-қатынас, жарық дүние мен о дүние туралы әңгімелер құлағымда қалып қойыпты. Көрмедегі жұмыстарым осы тақырыптың айналасында».
Ол бейнелеген кейіпкерлердің барлығы да түрлі-түрлі көңіл-күймен өзіне баурайды. Бір суреттегі ана, екінші бір суреттегі келін, үшінші бір «Аспанға ұшу» атты суреттегі жас бойжеткен, «Реніш», «Үміт», «Ажырасу» не «Алғашқы махаббат», «Жас жұбайлар» атты полотнолардағы кейіпкерлердің барлығы да сезімтал, сергек, өмірге құштар бейнелер.