ҚАЗАҚСТАНДА НЕЙРОХИРУРГИЯ ҚЫЗМЕТІ ЕУРОПАЛЫҚ ДЕҢГЕЙГЕ ЖЕТТІ

ҚАЗАҚСТАНДА НЕЙРОХИРУРГИЯ ҚЫЗМЕТІ ЕУРОПАЛЫҚ ДЕҢГЕЙГЕ ЖЕТТІ

ҚАЗАҚСТАНДА НЕЙРОХИРУРГИЯ ҚЫЗМЕТІ ЕУРОПАЛЫҚ ДЕҢГЕЙГЕ ЖЕТТІ
ашық дереккөзі
220
 Бүгінгі таңда елімізде нейрохирургия қызметінде жаңалық көп. Әсіресе, ми ісігі мен бас-сүйегі, омыртқа және жұлын жарақатына жасалатын күрделі операциялар заманауи әдіс-тәсілдермен толығып, жаңа деңгейге көтерілді. Бұл туралы Алматы қаласы №7 қалалық клиникалық ауруханасында өткен халықаралық нейрохирургтар конференциясында айтылды. ТМД елдерінің арасында Қазақстан алғашқылардың бірі болып үш инновациялық құрылғының біріккен жүйесі арқылы ем жүргізуді қолға алды. Оларды атап айтсақ, біріншісі – компьютерлік томография, екіншісі – навигациялық жүйелер, соңғысы – заманауи операциялық микроскоп. Бұл күрделі операциялар кезінде бақылауды күшейтуге көмектеседі. Себебі, аппараттар визуализацияны жақсарта түседі. Алматы қаласы №7 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Марат Абдуллаевтың айтуынша, биылғы жылы Алматы қаласы Денсаулық басқармасының қолдауымен заманауи нейронавигатор орнатылатын болады. «Бұл жаңа құрылғының іске қосылуы науқастар үшін қуанышты жаңалық әрі қазақстандық нейрохирургтардың мүмкіндігін арттырады. Біздің ауруханада ТМД елдері арасында бірінші болып заманауи операциялық бөлме жасақталады», – деді Марат Шадыбайұлы. Оған қоса, бас дәрігер отандық нейрохирургия қызметіне жоғары баға берді, алайда бір орында тұрмай, алға дами беру қажеттілігі жайлы айтуды да ұмытпады. Қазақстанда нейрохирургия қызметі еуропалық деңгейге жетті. Бұл конференцияға қатысқан шетелдік қонақтардың ортақ ойы. Шараға қатысуға Германия, Ресей, Жапония мен Оңтүстік Корея, Беларусиядан мамандар келген еді. Ресейлік білікті нейрохирург, Иркутск хирургия мен травматология ғылыми орталығы нейрохирургия ғылыми-клиникалық бөлімінің жетекшісі Вадим Бывальцев: «Қазақстан халықаралық алаңда алдыңғы қатарға шықты. Оның нейрохирургия саласындағы әлеуеті жоғары. Себебі, заманауи аппараттардың барлық түрі бар. Мұндай құрылғылар Ресейдің кейбір үздік деп саналатын емханаларында да жоқ. Нейрохирургтар қызмет сапасының жоғары екенін де атап өткен жөн. Қазір сіздердің қатарларыңызда халықаралық деңгейдегі мамандар бар, олар жүзден аса операция жасаған. Демек, сіздер халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттісіздер. Білікті мамандар іздеп, шетел асудың қажеті жоқ», – деді. Ал Германиядан келген мамандар қазақстандық нейрохирургия саласындағы ерекшеліктерді атап өтті. Сондай-ақ, қазақстандық әріптестерінен үйренетін дүние көп екенін де жасырмады. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер пікір алмасып, тәжірибе бөлісуге таптырмайтын мүмкіндік екенін айтады. Бұл қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыруға керек. Ал білікті маман халыққа ауадай қажет. Еске салсақ, 1-2 маусым күндері Алматы қаласы №7 қалалық клиникалық ауруханасында халықаралық конференция өтті. Сонымен қатар, конференция шеңберінде жұлын мен бас-жақ сүйегі тақырыбында екі шеберлік сағаты ұйымдастырылып, операция үстелінен тікелей эфир көрсетілді. Конференцияны ұйымдастыруға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Алматы қаласы Денсаулық басқармасы, Алматы қаласы №7 қалалық клиникалық ауруханасы мен «Қазақ нейрохирургтарының ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалы, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті, «Қоғамның денсаулық сақтау жоғарғы мектебі» қазақстандық медициналық университеті атсалысты.  

Серіктес жаңалықтары