238
Дәурен Абаев: «100 жаңа тұлға» жобасына өтінім қабылдау басталды
Дәурен Абаев: «100 жаңа тұлға» жобасына өтінім қабылдау басталды
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «100 жаңа тұлға» жобасы бойынша өтінім қабылдау басталғаны туралы хабарлады, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА.
«Махаббат Есеннің ойын құптаймын. Қоғамда «100 жаңа тұлға» жобасы қалай жүзеге асырылатыны қызу талқыға түсіп жатыр. Жұмыс тобының тең төрағасы ретінде осы мәселе жөнінде түсінік беріп өткім келеді. Біз үміткерлер тізімін жасау үшін барлық алаңдар, құралдар мен дереккөздерді пайдалануға ниеттіміз», - деп жазды өзінің Фейсбуктағы парақшасында министр. Оның ақпаратына сәйкес, бүгін El.kz интернет-порталы базасындағы 100esim.el.kz сайтында өтінім қабылдау басталды. «Егер біреулердің өмір жолы, жетістігі сізге ерекше көрінсе немесе сіз өзіңіз осыған лайықты болсаңыз, онда сіздің жобаға қатысуға мүмкіндігіңіз бар. Ол үшін 100esim.el.kz сайтына кіріп, өтінімді толтыру қажет», - деп түсіндірді Дәурен Абаев.
Бұдан басқа, оның айтуынша, пікірі қоғамның сеніміне ие болған спорттан бастап ғылымға дейінгі әр саладағы елдің сарапшылары, еңбек сіңірген қайраткерлерімен белсенді жұмыс жүргізу жоспарлануда. «Бұл адамдар қалың жұртшылық біле бермейтін, дарыны мен талабынан зор үміт күтуге болатын жастар жайлы жақсырақ білетіні сөзсіз, - деп атап өтті министр Дәурен Абаев. - Жобаның жалпы ұлттық маңыздылығын ескере отырып, біз қоғамдық бастамаларды жобаға барынша тартуға және осы мәселе бойынша барлық ұсыныстарды қарауға әзірміз. Кез келген ұсынысқа ашықпын». Бұдан бұрын журналист Махаббат Есен әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстан Президенті бастамашылық еткен «100 жаңа тұлға» жобасы жайлы ойларымен бөліскен.