240
Елбасы ЭКСПО-2017 көрмесін ресми түрде ашты
Елбасы ЭКСПО-2017 көрмесін ресми түрде ашты
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ашық деп жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қадірлі қауым! Осымен ЭКСПО-2017 көрмесін ашық деп жариялаймын. Әлем жұртшылығы мен барлық отандастарымды көрмені тамашалауға шақырамын. Ұлы даланың төріне қош келдіңіздер!» - деді Елбасы.
"Қонақжай Қазақстанның елордасы - әсем Астанаға қош келдіңіздер! Бүгін біздің елімізде ғана емес, дүниежүзілік көрмелер тарихында айтулы күн. Қазір көптен күткен халықаралық EXPO-2017 көрмесінің шымылдығы ашылды. Осы салтанатты мерекемен баршаңызды шын жүрегімнен құттықтаймын. Біз EXPO көрмесін ТМД және Еуропа елдері арасында тұңғыш рет өткізгелі отырмыз. Сөйтіп, қазақ елінің ордасы айтулы көрмені өткізген әлемдегі 35-қаланың қатарына қосылды. Астана үш ай бойы бүкіл адамзаттың жетістіктерін әйгілі ететін басты алаңға айналады. Тәуелсіз ел символы - Астана нағыз ХХІ ғасыр қаласы ретінде жаңа қырынан танылатын болады", - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Елбасының айтуынша, көрмеге әлемнің 115 мемлекеті, 22 халықаралық ұйымы қатысады. "Мен олардың барлығына халқымыздың атынан ризашылығымды білдіріп, сәттілік тілеймін", - деп алғыс білдірді ҚР Президенті.
Елбасы Халықаралық көрмелер бюросының президенті Стин Кристенсен (Steen Christensen) мырза, ұйымның бас хатшысы Висенте Лоссерталеске алғыс айтты. "Лоссерталес мырза дайындық барысында бірнеше рет Қазақстанға келіп, атсалысты, өкінішке орай, бүгін келе алмай қалды. Құрметті достар, EXPO осыдан 166 жыл бұрын өткен тұңғыш көрмеден бері әрдайым жаңа идеялардың бесігі болып табылады. Алғашқы телефон, аткөлік, компьютер, жер серігі мен атом электрстанциясы сияқты жаңалықтың барлығының тұсауы осындай EXPO-да кесілген болатын. Сол игі үрдісті жалғастырған Астана әлемдік инновациялық орталықтың бірі ретінде танылады деп сенемін. EXPO ғылыми жаңалықтар көрмесі ғана емес, барлық елдер мен өркениеттерді жалғайтын алтын көпір. Қазақстан көрмені жоғары деңгейде өткізу үшін жан-жақты дайындалды. Алдыңғы қатарлы инфрақұрылым, дербес энергиялар жүйесі бар EXPO қалашығы салынды. 100-ден астам сәулетті ғимарат бой көтерді. Астананың әлеуеттік даму жолы да тың серпіліске ие болды. Қалада жаңа әуежай, жаңа теміржол кокзалы пайдалануға берілді. Әлемдік деңгейдегі қонақүйлер, мәдени, ойын-сауық кешендері салынды, ашылды. Осының барлығы EXPO-дан кейін де елдің орталық игілігіне қызмет ететін болады", - деді Назарбаев EXPO ашылу салтанатында. Шара Мемлекет басшыларының көрменің "Нұр Әлем" орталық экспозициясындағы Қазақстан павильонына келуінен басталды. Мемлекет басшыларының сәлемдесуінен кейін көрмені аралау мен Қазақстан павильонымен танысу жүреді. Осыдан кейін өзге елдердің павильондары таныстырылады. EXPO-2017 көрмесінің ашылу салтанатының ресми бөлігі Конгресс-орталықта өтті. Одан кейін Амфитеатрда концерттік бағдарлама көрсетіледі. Шараның соңында көрермендер лазер шоуы мен тамаша отшашуды тамашалай алады. Трансляция барлық республикалық телеарнада тікелей эфирден көрсетілді.
Айта кетерлігі, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің салтанатты ашылу рәсіміне 17 елдің мемлекет және үкімет басшылары қатысты.
Олардың арасында Чехия Республикасының Президенті Милош Земан,Люксембург Ұлы Герцогтігінің Премьер-Министрі Ксавье Беттель, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Армения Президенті Серж Саргсян, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Сербия Президенті Александр Вучич, Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұxамедов, Пәкістан Премьер-Министрі Наваз Шариф, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Испания королі Филипп VI, сондай-ақ Ресей Президенті Владимир Путин бар.