200
Астанада Алматының мәдени күндері өтуде
Астанада Алматының мәдени күндері өтуде
Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында өтетін Алматы қаласының мәдени күндері салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Әлем бас қосқан айтулы шара аясында өтетін бұл апталықта 400-ден астам алматылық әртістер Астана тұрғындары мен қонақтарына өз өнерлерін паш етеді.
Мәдени апталық «Қазақстан» Орталық концерт залында «Махабатпен, Алматыдан!» атты отандық эстрада жұлдыздарының концертімен ашылды. Онда Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек жүрекжарды лебізін білдіріп, Астана мен Алматының егіз ұғымға айналғанын атап өтті. «Басқа өңірлер арасынан бірінші болып, Алматының мәдени күндерінің өткізілуі кездейсоқтық емес. Еліміздің әрбір азаматы үшін Астана мен Алматы егіз ұғымға айналған - бірі тәуелсіздіктің алтын бесігі болса, бірі оны тұғырына қондырып, баянды еткен құтты мекен. Бағаналы басты орда Астана мен әсем қала Алматының тілегі қашанда бір», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Алматы қаласының мәдени күндерінің тұсаукесер концертінде.
Сонымен бірге, Алматы әкімі келушілерді ЭКСПО көрмесінің ашылуымен құттықтады және Астананың еліміздің саяси-әкімшілік орталығы ғана емес, сәнді де сәулетті елордаға айналғанын, ғаламдық игі бастамалардың ордасы, бейбітшілік мекені, ұлт мақтанышы екенін айта келіп, Алматының да орны ерекше екенін жеткізді. «Ел экономикасының 5/1 бөлігін қамтамасыз етіп келе жатқан Алматы қаласының орны бөлек. Алатау баурайындағы алып шаһардың тыныс-тірішілігі әрдайым Елбасының жіті назарында. Алматы - еліміздің рухани-мәдени орталығы, әрбір екінші турист ат басын бұрмай кетпейтін мың бояулы қала. Мұнда ел мәдениетінің қасиетті шаңырақтары, шоқтығы биік өнер ордалары, белгілі мәдениет тұлғалары мен өнер майталмандары еңбек ететін театрлар, галереялар, шығармашылық бірлестіктер орналасқан. Бүгін біз олардың үздік туындыларын Астанаға алып келіп отырмыз», - деді ол. Концерттік бағдарлама «Дос-Мұқасан» ансамблінің ретро әндерімен басталды. Олардың орындауындағы «Алматы түнін» көрермендер қосыла шырқады. Одан бөлек, Роза Рымбаева, Қайрат Нұртас, Мәдина Арапбаева, Мәдина Сәдуақасова, «Жігіттер» тобы, Айқын сынды қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздары және «Бала дауысы» балалар байқауының жеңімпаздары өнер көрсетті. Айта кетейік, 11-19 маусым аралығында Астанада «ЭКСПО-2017» аясындағы Алматының Мәдени күндері өтеді. 12-16 маусым күндері Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма театрында Алматының мемлекеттік қуыршақ театры «Құлыншақ пен Бөлтірік»,«Веселые медвежата» атты үздік спектакльдерін ұсынады. 16-17 маусымда «Жастар» театрында «Алатау» дәстүрлі өнер театрының «Асқақтай бер, қазақтың сазды әуені» атты музыкалық кеші өтеді.11-19 маусым күндері «Этно-ауыл Алматы» көрмесі өтеді, онда үздік суретшілер мен қолөнершілер өз туындыларын ұсынып, шеберлік сыныптарын өткізеді. 17 маусым күні «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі концерттік бағдарлама ұсынады.
18 маусымда «ЭКСПО - 2017» көрмесінің амфитеатрында мәдени күндердің «Асқар таулы Алматы!» атты қорытынды концерті өтеді. Келушілер қазақтың ұлттық ән-күй өнерінің тарландары Асылбек Еңсепов, Ерболат Шалдыбеков, Рамазан Стамғазиев, Бейбіт Мұсаев, Еділ Құсайынов, Ғазиза Габдахимова, Шолпан Даржанова, Сәуле Жұмабай, Азамат Асқаров, «Ұлытау», «Арт Дала», «Алашұлы» топтары, «Жетіген», «Сазген сазы», «Салтанат» ансамбльдері, Н. Әшіровтің домбырашылары, «Арлан» театры өнерпаздарының өнерін тамашалай алады.