Соғыс және қасірет

Соғыс және қасірет

Соғыс  және  қасірет
ашық дереккөзі
6201

Рас, жеңіс оңай келген жоқ. Миллиондардың қанымен келген жеңіс бұл. Ең алдымен, жеңістің басты себебі – халықтың Отанға деген шексіз сезімі, қайтпас қайсарлығы, сын сағаттардағы отаншылдық қасиеті басты назарда болғаны рас. Әрі ортақ жауға күресте Кеңес Одағын мекендеген халықтарының ынтымақ-бірлігі де басты себеп болғаны анық еді. Олар бұл соғыста бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білді.

Адамзат ғұмырында сан алуан­ соғыс өткен. Бұл соғыстар адамзат тарихындағы нағыз тіршіліктің қасіреті саналатын зұлмат болып есептеледі. Санамалап көрейікші, ХХ ғасырдың өзін алғанда екі дүниежүзілік соғыс өтіпті. Одан бөлек, ағылшын-бур, орыс-жапон, Балқан, грек-түрік, кеңес-фин, Үндіқытай, АҚШ-Вьетнам, Араб-Израиль, Корея, Алжир, Ауған, Иран-Ирак, Англия-Аргентина қақтығыстары мен Иракқа қарсы коалиция соғысы, НАТО-ның Югославияны бомбалауы сияқты сан-алуан шайқастар өтті. Соғысты болдырмаудың алдын-алу үшін түрлі халықаралық ұйымдар құрылды. Алайда бұл қасіреті тоқтамақ емес: Жер шарының түкпір-түкпірінде қайталанып отырады. Адам баласы үшін зор құрбандықтар мен тауқымет алып келетін оның тарих көшінен қалмай күні бүгінге дейін жалғасын табуының себебі бар ма?

Бұл жайында, яғни алапат соғыстардың шығу тегі мен себеп-салдары, зардаптары төңірегінде талай құнды еңбектер дүниеге келді. Бірақ одан сабақ алған түріміз жоқ. Әлемдік тарихта зұлматты бастан өткермеген бірде-бір мемлекет, бірде-бір халық жоқ екен.

Соғыстар адамдар қауым­дас­ты­ғының бірлесуінен кейін-ақ мемлекетпен бірге қосақталып келе жатқан құбылыстардың бірі болып саналады. Сұрапыл шай­қас­тар соғыс тарихының ғана емес, әлемдік тарихтың да қат­пар­лы беттері. Бү­кіл халықтардың тағдырына әсер еткен, орасан зор территорияға ие­лік ету мүмкіндігін берген, кейбір ел­дердің жүздеген жылдық тарихын айқындаған қантөгістердің болғандығы тарихтан бесенеден белгілі. Зұлматтардың болуы үшін көптеген мем­лекеттердің экономикасы, адам күші, саясаты және барлық «ақыл-ойы» жұмыс істеді. Аты жеккөрі­ніш­ті соғыстың қандай да бір мақ­сатты жүзеге асыру үшін жүр­гізілетіні анық. Ол тіпті саясат құралына айналды. Соғыстың салдарынан адамзат түрлі қаруларды ойлап тапты, соғыс техникаларын жетілдірді, жаңа тактикалар пайда болды. Мұның бәрі өз қарсыласын жеңу үшін адамдардың ойлап тапқан жаңа жүйесі болатын. Бұл қарулар адамдарды өлтіру, жерін тартып алу, аяушылық сезімдерін жоғалтудың таптырмас мүмкіндіктері еді.

Рас, соғыс аяушылықты білмейді. Оның заңы қатал және әр қырлы. Соғыс барысында қарсыласын ғана жеңу мақсат емес, сол жолда өз елінің азаматтарын да жазалауға болады. Соғыс үшін әскери тәртіп енгізілді. Сөйтіп, мыңдаған, жүз мыңдаған адамдар тетікке айналады. Олар еріксіз жұмыс күшіне тартылды. Оған мойынсұнғысы келмегендерді ауыр жаза күтіп тұрды. Мұның зардабы майданда ғана емес, тылда да көрінеді. Мың миллиондаған адам асыраушысынан айрылды, аштан қалды. Аурудан қырылды. Бұл – адамзатқа әкелген соғыс дерті болатын.

Көптеген шайқастар тарихқа түбірлі өзгерістер әкелсе, кейбір шай­қастарда жаңа соғыс тактикасы енгізілді. Мысалы, орта ғасыр­дағы Босворт түбіндегі шайқас соғыс өнеріне жаңалық әкел­ме­гені­мен Англиядағы ақ роза мен алқызыл роза арасындағы азамат соғысының аяқталуына алып келді, Косово шайқасы Сербия мен Балқан халықтары үшін ма­ңызды рөл атқарса, 751 жылғы Талас шайқасы Қазақстан мен Орталық Азияның бір бөлігіне ислам дінінің енуіне ықпал етті. Швед королі Густав Адольф со­ғыс тарихында алғаш рет линия­лық тактиканы қолданса, Лепанто маңындағы шайқас ескекті кемелер қатысқан ең ірі шайқас ре­тінде тарихта қалды.

Тағы бір мысал, соғыс және бейбітшілік төңірегінде алсақ: Соғыс саяси-құқықтық ілім ойшылдарының назарынан да тыс қалмады. Солардың бірі – неміс әскери ғылымының теоретигі және тарихшысы Карл Филипп Готфрид Клаузевиц (1780-1831) болды. 130-дан астам соғыстар мен жорықтарды зерттеп, «Соғыс туралы» үш томдық кітап, басқа да көптеген әскери-тарихи ең­бек­тер жазған оның дүниетанымына неміс классикалық философиясы, ал саяси көзқарастарының қалып­тасуына XVIII ғасырдың соңын­дағы Ұлы француз революциясы мен Еуропа халықтарының ұлт-азаттық қозғалысы ықпал етті.

Клаузевиц халықтар мен мемлекеттер арасында болған соғыс­тар­дың әскери және саяси мәнін зерттей келіп, тұңғыш рет соғыс­тың сая­си мәні, соғыс пен сая­сат­тың өзара байланысы туралы қағидаларды тұжырымдап, «Клаузевиц формуласын» жасады. Ол саясат, соғыс және соғыс өнерін өз­­ара байланыста, өзара тәуелді­лік­те және даму тұрғысынан қа­растырды. Клаузевицтің формуласы бойынша: «Соғыс дегеніміз тек саяси акт қана емес, саясат­тың нағыз қаруы, яғни, саясатты басқа құралдармен жалғастыру. Егер онда өзіндік бірдеңе қалатын болса, ол тек оның құралының ерекшелігіне ғана қатысты. Тұтас алғанда соғыс өнері және қол­бас­шы әрбір жекелеген жағдайда сая­саттың бағыты мен ниеті со­ғыс құралдарына кереғар кел­меуін талап етуге хақылы. Бұл талап тіпті де елеусіз нәрсе емес, бірақ саясаттың ниетіне оның ықпалы қаншалықты күшті бол­ға­нымен, бәрібір бұл ықпалды саясаттың түрін өзгертуші деп қана білу керек. Өйткені саяси ниет – мақсат, ал соғыс – оны іске асыру құралы. Сондықтан да құрал­ды ешқашан мақсаттан бөліп алуға болмайды».

Ал себебі туралы ғалым былай деп толғанады: «Соғыс – ермек емес, ол жай ғана тәуекел мен сәттілік саналатын ойын емес, еркін шабыттың туындысы емес, ол – елеулі мақсатқа жетудің елеулі құралы. Соғыста кез­десетін ба­қыттың бүкіл сан алуан бояулары, нәпсінің бүкіл толқулары, ер­жү­ректік, қиял, оның мазмұнына кіретін шабыт – мұның бәрі құрал ретінде тек соғыстың ерек­шеліктері».

Ғалымның тұжырымдамасына келіспеске амалымыз жоқ. Оның пікірінше, адамзат қоғамындағы соғыс – тұтас халықтардың және өркениетті халықтардың соғысы әрқашан саяси жағдайдан туындайды екен. Жөн-ақ делік. Ғалымның пікірінің жаны бар. Өйткені соғыстың ешқашан саяси қатынастан бөлек қаралмайтынын, ол тек сол қатынастардың бір бөлігі екенін айтып отыр. «Соғыс – саясаттың құралы, оған соңғысының сипаты сөзсіз тән болуға тиіс, оны саясаттың өлшемімен өлшеу керек. Сондықтан соғыс жүргізу де­геніміз өзінің бас­ты белгілерінде қаламды семсермен алмастырған, бірақ бұдан өзінің дербес заңдары бойынша ойлауды тоқтатпаған, саясаттың нақ өзі», – дейді ғалым.

Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың басталғанына – 74 жыл, Ұлы Же­ңіс­ке – 70 жыл. Тарих­и мәліметтерге сүйенсек, екінші дүниежүзілік со­ғыс­ты Германияның Польшаға басып кіруінен, 1939 жылдың 1 қыркүйегінен бастайды. Алты жылға созылған екінші дүниежүзілік соғыс, төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысы бұған дейін тарихта болмаған ірі-ірі шайқастарымен әйгіленді. Атап айтар болсақ, Сталинград түбін­дегі шайқас, Курск иініндегі сұ­ра­пыл, Днепрден өту, Ленинград қор­ғанысы, Берлинді алу, Сол­түстік Африкадағы Эль-Аламейн шайқасы, одақтастардың Норман­дия­дағы әлемдік соғыс тарихын­дағы ең ірі десанттық операциясы, теңіз шайқастарынан Перл-Харбор, Ява аралындағы, Королл айдынындағы, Гуадоканал ара­лын­дағы шайқастарды атап өтуімізге болады.

Бұл соғыста әскери қолбасшы­лар да өздерінің ұйымдас­тыру­шылық таланттарымен әйгілі болды. Көптеген елдердің әскери қол­басшылары адамзат тарихын­дағы ең ірі соғыста өз елдерінің ғана емес, екінші дүниежүзілік соғыстың тағдырын шешкен әс­кери операцияларын дайындады және оларды аса дәлдікпен жүзеге асыра білді. Олардың қатарына И. Баграмян, А.Василевский, Н.Ватутин, Ф.Говоров, Г.Жуков, И.Конев, Р.Малиновский, К.Рокоссовский (Кеңес Одағы), Дж. Коллинз, Д.Макартур, Р.Тернер, Д.Эйзенхауер, О.Брэдли (АҚШ), Б.Монтогомери, У.Теддер, А.Уэйвелл, Б.Фрейзер (Ұлыбритания), Шарль де Голль (Франция), К.Маннергейм (Финляндия) және тағы басқаларды жатқызуға болады.

Әскери таланты мен ақыл-ойын басқыншылық операциялар­ға жұм­са­ған Ф.Бок, Д.Дениц, Э.Манштейн, В.Модель, Ф.Паулюс, Э.Роммел (Германия), И.Ямомота, Т.Ямасита (Жапония), Дж.Мессе (Италия) және тағы басқаларсыз аталған ел­дердің жаулап алу соғыстарын көзге елес­тету қиын. Өйткені жаулап алу соғыстары да тарих. Олардың аттары да соғыс тарихында қалды.

Одақтас мемлекеттер басшылары И.Сталин, Ф.Рузвельт, У.­Чер­­­чилльдің күллі адамзат баласына қауіп төнген сын сағатта өзара келісімге келіп, антигит­лер­лік одақ құруы және олардың қа­тысуымен өткен Теһран, Ялта, Потсдам конференциялары ше­шім­дерінің екінші дүниежүзілік соғыстың басым бағыттарын ай­қын­дай алғанын және ортақ же­ңіс­ке жеткізе алғандығын бүкіл адамзат баласы мойындайды. Батыс Еуропаны жаулап алып, аяғы­на таптаған, сол елдердің эко­но­микалық күш-қуатын пайдалан­ған, бақайшығына дейін қарулан­ған, соңғы әскери техникамен жа­рақтанған, жаулап алу ұрыс­тары­ның тәжірибесінен өткен, сан жағынан да, әскери техника жағы­нан да әлдеқайда басым жауды біз қалай жеңдік? Бір сәт ойланып көрелікші.

Бұл соғыс адамзат баласына аз қасірет әкелген жоқ. Оған 1,7 млрд. халқы бар 61 мемлекет (әлем халқының 80 пайызы) қатысты. Соғыс қи­мыл­дары 40 мемлекеттің жерінде жү­ріп, 110 млн. адам әскер қатарына алынды. 60 млн. адам қаза тапты. Әлемдік тарихта “Холокост” деген атпен белгілі болған еврей хал­қын жою саясаты жүргізілді. Фашистер 6 млн. еврейді қырғын­ға ұшыратты. Соғыс жылдарында КСРО – 27 млн., Германия – 13,6 млн., Польша – 6 млн., Қытай – 5 млн., Жапония – 2,5 млн., Индонезия – 2 млн., Югославия – 1,7 млн., Филиппин – 1 млн., Франция – 600 мың, Англия – 375 мың, АҚШ – 275 мың, Австрия – 350 мың, Италия – 330 мың, Румыния – 300 мың, Венгрия – 200 мың, Финляндия 84 мың адамынан айырылды.

Ал АҚШ Жапонияға қарсы соғыста үлкен шығынға ұшырады. Өкініштісі сол, бұл шығындардың қайырымын АҚШ үкіметі ешқандай ақтауға кел­мейтін екі атом бомбасымен «өтеді». Мұны Трумэннің Жапониядан кек қайтару саясаты деп түсінсек те болады.

Жеңіске қазақтардың да қосқан үле­сі аз емес. Бұл зұлматта 1млн.­ 360 мың қазақ­стандық Кеңес Армиясының қата­рында ел қорғауға аттанды. Олар фашистермен қарсы күресте жан аямай ерлік көрсетті. 600 мың қазақстандық майдан далаларынан қайтып оралмады. Бұның ішінде 550-600 мың қазақтың 350 мыңы майданда қаза тапты немесе хабар-ошарсыз кетті. Қарапа­йым арифметикаға жүгінсек, Кеңес халқының 15 пайызы, қазақстан­дық­тардың 11 пайызы (майданға аттанған әрбір қазақстандықтың екіден бірі, қазақтың 70 пайызы) қаза болды. Олардың сүйе­гінің қай жерде шашылып қалғанын немесе қайда жерлен­гені туралы деректер әлі күнге нақты емес. Генерал Суворовтың: “Қаза тапқан соңғы орыс солдаты жер­леніп, құрметке ие болғаннан кейін ғана соғыс аяқталды деуге бо­лады” деп айтқанындай, әлі күнге дейін соғыста қаза болғандарға лайықты құрмет жасаған емеспіз.

«Бір адамның өлімі – трагедия, миллиондардың өлімі – статистика». Бұл – Сталиннің сөзі. Соғыста құрбан болғандардың санын есептеуде өкінішке қарай, статистикаға жете алмай қалдық. Мыңдаған адамдар ескерусіз қалды, хабар-ошарсыз кеткендер қаншама?! Сатқындар жазаланды. Осылайша, статистика өрескел бұрмаланды.

Жеңіс құрбандықсыз болмайды. Жеңісте орасан зор құрбандықтар болуы – онда жеңімпаздардың да болмайтындығын көрсетеді. Ағылшын саясаткері А. Чем­берлен (1869-1940) «соғыста жеңгендер болмайды, тек жеңіл­гендер ғана болады» дейді. Аяқталған соғыстың нәтиже­сін жеңгендер мен жеңілгендер деп қорытындылауға болмайды. Өйткені соғыс қай елге болса да, қасірет әкеледі. Немістің ұлы ойшылы, философ Ф.Ницше (1844-1900) «соғыс – жеңімпазды ақымақ етеді, ал жеңіліс – кекшіл етеді» деп бекер айтпаған. Соғыс – тілмен шеше алмаған сая­си түйінді тіс­пен шешудің тәсілі. Қалай десек те соғыс пен саясатты бөле-жара қарауға болмайды. Клау­зевиц тұжырымдағандай: «Саяси ниет – мақсат, ал соғыс тек құрал, сон­дық­тан құралды ешқашан мақ­саттан бөліп қарауға болмайды. Соғыс тіпті де дербес бірдеңе емес, ол саяси қатынастардың бір бөлігі ғана». Екінші дүниежүзілік соғыс та саясаттың соғыс арқылы жүргізілген ең ауыр зорлық актісін іс жүзінде көрсетуі болды.

Бастысы, Жеңіс күнін жақын­дат­қан, қаратүнек фашизмге қарсы жан аямай күрескен әрбір жауынгердің алдында қарыздармыз! Отанымыз аман, еліміз тыныш болса, сол соғыс құрбандарының ерлігі! Тірілерге құрмет көрсе­тіп, қаза болғандарды иманы жолдас болсын деп еске аламыз. Бұл Жеңіс – біздің халқы­мыз­дың орасан зор құрбандықтары­мен келген қасіретті арифметикасы. Соғыс салған зардаптың салдарынан әлі күнге айыға қойған жоқпыз. Бү­тіндей әулеттің түбіне жеткен, ошағын өшірген, ананы жесір, баланы жетім қалдырған бұл ала­паттың зардаптарын жою қашанға дейін созылады? Бір нәрсе ғана ақиқат: олардың Отан үшін қан кешкен әрбір қадамы, Жеңісті жа­қындата түскен әрбір күні ұмы­тылмайды. Өйткені, ерлік шежі­ресі ұрпаққа ұлағат, ертеңгі күнге үлгі боларлық сабақ. Соғыстың бар­лық тарихи дәуірлерде қоғамның дамуына кері әсерін тигізгенін ешқашан да ұмытуға тиіс емеспіз.

Ел ардақтыларымен қымбат!

Ер елімен құнды!

Барымызды бағалайық!

Мұрат Бақтиярұлысенатор, саяси ғылымдар

докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары