300
Мемлекеттік тіл: Талай елде талап қатал
Мемлекеттік тіл: Талай елде талап қатал
Қазақ қазақ болғалы тіл мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Сонау қиын-қыстау заманда Алашорда үкіметін құрып, қазақтың басын бір тудың астына жинауға талпынған зиялылардың да «тіл» деп шырылдап өткеніне тарих парақтары куә. Ол ол ма, еліміз тәуелсіздік алып, еңсесін көтере бастаған 1990 жылдардағы баспасөз беттерін парақтасақ, ана тілінің ахуалы мен қолдану аясы егжей-тегжейлі көрініс тауыпты. Алайда содан бері 25 жылдың жүзі. Сол мемлекеттік тілдің мәселесін неліктен әлі «жырлап» келеміз?
Өткен ғасырдағы баспасөзде жарық көрген публицистикалық мақалалар легіне көз жүгіртсеңіз, айызыңыз қанады. Әсіресе, белгілі жазушы, публицист Шерхан Мұртаза нысанаға алған кез келген мәселені діттеген жеріне дөп тигізіп, оқырман көкейіндегі сайрап тұрған ойды жеткізе білген. Мәселен, «Империяның улы жемісі» атты («Егемен Қазақстан» газеті, 10 маусым, 1994 жыл) мақаладан үзінді келтірсек: «Империяның өзі қандай алып болса, араны да сонша көп ашылмақ. Ол үшін жер бетінде айталық, қазақ деген халықтың болу-болмауының құны көк тиын. Ол үшін қазақтың халқы емес, бай жері керек. Жерді босатып, иемденуі керек. Қазақ та тірі жан, оңайлықпен жойыла қоймайды. Сондықтан да империя оны дүркін-дүркін қырғынға ұшыратты. Зеңбіректің күшімен. Қолдан жасалған ашаршылықтың күшімен. Енді идеологиялық шабуылды күшейту керек болды. Бұл салада империя көп жеңіске жетті. Сана уланды, тіл өлімсіреді, ұлттық рухани әлем күйреу хәліне жетті. Осының салдарынан кейбір пақырлар өзін «қазақпын» деп қасқайып айтуға ұялып, намыстанатын ауруға ұшырады. Бұлар, амал жоқ, ұлттық нигилистерге айналды. Өз ұлтын жек көретіндерді, өз ұлтын өзгелерден кем санайтындарды осылай деп атайды», – дейді.
Ол тағы бірде: «Тәуелсіздік таңы атты. Қазақ тілінің күні туды дедік. Қазақ тілі жеке дара мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілді дедік. Тақиямызды аспанға лақтырдық. Асығыстық болды. Өйткені сол тақия қайтып жерге түспей, бой жетпес бір ағаштың бұтағына ілініп қалған сыңайлы.
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуына қасарыса қарсы шыққандар, әлі де жанталаса қарсы болатындар аз емес. Олардың қатарында құдай сорлатқанда өзіміздің әлгі ұлттық нигилистеріміз де бар. Әсіресе солардың өңмеңдеуі жаман. Ал, егер ертең бүкіл іс-қағаз, ресми қарым-қатынас, өздері оқып жүрген лекция, жазып жүрген кітап қазақшаны талап етер болса, күні не болмақ?! Ә, мәселе қайда? «Үндемесең, үйіңді өртейді» деген. Ойлану жөн!..» деп түйінделген мақала соңы.
Ешқандай артық сөз жоқ. Бұл мақалаларды қазір қайта көшіріп бассаң да, өміршеңдігін сақтап тұр. Бізде әлі де өз қағынан жерігендер аз емес. Бұл соларға сабақ болар еді...
Латвия: Заң бұзғанды маңдайынан сипамақ емес
Балтық жағалауы елдері мемлекеттік тіл үшін күресті бір сәтке тоқтатқан емес. Осыдан үш-төрт жыл бұрын тіл үшін күрестің қандай болатынына осы ел арқылы қаныға түскен едік. Содан ұққанымыз, Латвия мемлекеттік тіл туралы заңды бұзғандарды біздегідей маңдайынан сипап, еркелетіп қоймайды. Латвияның экс-президенті Валдис Затлерс тіл заңына селқос қараған азаматтарға 400-ден 1000 долларға дейін айыппұл салатын әкімшілік кодекске өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасына қол қойғаны есте. Латвия, Литва сынды Балтық жағалауы елдері тіл туралы заңды Қазақстан секілді 1989 жылы қабылдаса да, 1995 жылы оған түзетулер енгізіп, 2014 жылы тағы да қарады. Осылайша үш рет заң қабылдады, өйткені елдегі тілдік ахуал алмасты, кезінде саяси амалмен қабылданған түйткілдер жаңартуды қажет етті. Яғни, олар заңды 4-5 жыл сайын өзгертіп жатты. Қош, Латвия билігіне 2015 жылы жаңа президент Раймондс Вейонис келгенде жергілікті халық шешімін тауып келе жатқан тіл мәселесі тығырыққа тіреледі деп ойлаған. Себебі президент Раймонд Вейонистің түп-тамыры орыс ұлтынан бастау алады. Анасы – орыс, әкесі – латыш. Президенттік билік тізгінін қолға алған тұста-ақ саясаттанушылар оның ресми Мәскеуге қарсы қатаң саясат ұстанбайтынын жарыса айтқан болатын. Мұны өзі де растағандай. Президент Раймонд Вейонис журналистерге берген пікірінде «Орыс тілінде қарым-қатынас жасаудан бас тартпаймын. Латвияның орыстілді бөлігімен орыс тілінде диалогты дамытуға кірісемін» деп айтқаны да ұмытылған жоқ. Соған қарамастан, Латвия сеймі «Мемлекеттік тіл» (латыш) туралы» заңды бұзғандар үшін айыппұлды 10 мың евроға дейін көбейту жөнінде заң жобасын мақұлдады. Айта кету керек, бұл айыппұл мемлекеттік тілге ашық түрде қарсылық танытып, құрметсіздік көрсеткендерге салынбақшы. Қазір бұл 350 еуро көлемінде болса, алдағы уақытта 700 еуроға дейін көбейту көзделген. Жеке адамдар үшін бұл айыппұл 250-700 еуроны құрайды, мұнымен қоса қызметінен айырылуға әкеп соғады. Ал заңды тұлғаларға 10 мың еуроға дейін айыппұл тағайындалмақшы. Айтпақшы, мемлекеттік тілді өз деңгейінде қолданбаған адам 35 еуродан 280 еуроға дейін, ал егер сол заңбұзушылықты бір жыл ішінде бірнеше рет қайталаса, айыппұл 280-700 еуроға жетіп жығылады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлер үшін айыппұлды 350-700 еуроға көбейткенімен қоймай, жұмыстан босату шарасы да қолданылады. Бұл біз үшін ерсі ме, жоқ па деген сұрақтың басы ашық. Алайда Рига қаласының мэрі Нил Ушаковтың Facebook парақшасына жазған пікірі көптің есінде жатталып қалғандай. «Кейбір мемлекеттер баяғы өнім өндіру арқылы даму көзқарасынан арылған жоқ. Олар тіпті қарапайым ойлайтын сияқты. Әлде экономиканы тілге салынған айыппұлдың көмегі арқылы көтерудің әлдеқайда жеңіл екенін екенін түсінбей ме?» депті. Шынында, осы үрдісті біз де сол күйі көшіріп әкелсек, айыппұлдан түскен ақша экономиканың драйверіне айналатын сияқты. Бір айта кетерлігі, бүгінде Латвияда 2 миллион адам тұрады, оның 40 пайызы – орыстілділер. 300 мың адамның азаматтығы жоқ. Ал мұнда орташа жалақы көлемі 600 еуро айналасында.Орысша сөйлегенге – 50 еуро айыппұл
Латвияың азаматтық белсендісі және оппозиция өкілі Владимир Линдерманның айтуынша, латвиялық саясаткерлердің көбі Сейм депутаты Эдвин Шноренің пікірімен келісетін сияқты. «Мұндайлар өте көп. Олар Латвиядағы орыстардың санын 35-37 пайыздан 10-12 пайызға қысқартуды армандайды», – деген ол депутат Шноренің үстінен бас прокуратураға шағым түсірді. «Орыс биті» деген ұғым қайдан шықты десек, оның мәнісі мынада екен. Осыдан біраз жыл бұрын Қоғамдық істер министрі Альфред Берзиньш: «Егер бір күні орыс битін ішікке жіберсеңіз, оны қайта шығара алмайсың...» деген екен. Қазір бұл пікір латыштар арасында «хитке» айналған сияқты. Тағы бір ескеретін жайт, соңғы жылдары мемлекеттік тіл заңын бұзушылар үстінен түскен шағым азайыпты. 2016 жылы Мемлекеттік тіл орталығы «Мемлекеттік тіл туралы» заңды бұзған 493 істі қараған. Бұл алдыңғы жылға қарағанда төрт есе аз. Ал орталық мамандары болашақта тіркелетін арыздарға да ерекше талаппен қарайтынын айтады. Себебі түскен шағымның көпшілігі дерлік эмоциялық қызбалықпен жазылады екен. Сондықтан тек өрескел заңбұзушылық анықталғанда ғана іс зерттеліп, қозғалады дейді. Ең көп кездесетін заңбұзушылық мемлекеттік тілдің өз деңгейінде қолданбайтындығымен байланысты. 2016 жылы осы заңбұзушылық бойынша 325 хаттама толтырылса, ал 2015 жылы 479 адам жауапкершілікке тартылған. Бір қызығы, айыппұл салынғандардың ішінде Рига қаласының мэрі Нил Ушаков та бар. Оған орыстілді оқушылармен латыш тілінде емес, орыс тілінде пікір алмасқаны үшін 50 еуро айыппұл салынды. Ол бұл жайында тағы да өзінің Facebook парақшасында жазды. «Сіздер сенбейтін шығарсыздар, бірақ Мемлекеттік тіл орталығы маған тағы да айыппұл салды. Бұл жолы 50 еуро. Себебі бейресми кездесуде орыстілді оқушылар маған орыс тілінде сауал қойған соң, сол тілде жауап бердім. Бұл шара әлеуметтік желіде трансляцияланып, көпшілікке тарады», – деді ол. Оның «тағы да» дейтін себебі мынау. 2016 жылы Мемлекеттік тіл орталығы Ушаковқа әлеуметтік желіде орысша пікір алмасқаны үшін 140 еуро айыппұл салған. Оның айтуынша, «Мемлекеттік тіл туралы» заңның бейресми кездесулерге қатысы жоқ. «Яғни, заң бұзған жоқпын. Сәйкесінше, айыппұл мәселесі қажет болса Конституциялық сотта қаралады. Маған орыстілді балалар орысша сауал қойса, оларға орыс тілінде жауап беремін» деп қадап айтыпты. Десе де, Мемлекеттік тіл орталығының талабы бойынша, кез келген шенеунік қандай кездесу болсын мемлекеттік тілде сөйлеуі керек. Басқа әңгіме жоқ. Қайсыбір мемлекет болсын, тіл мәселесінде қолдан келерін аянып жатқан жоқ. Жақында Киев қалалық депутаты Игорь Мирошниченко украин мектептерінде орыс тілін қолданғаны үшін мұғалімдер мен оқушыларға жаза қолдану керектігін айтты. «112 Украина» телеарнасына сұхбат берген депутат: «Егер қарапайым украин мектебіне, балабақшасына бас сұқсам, бәрі орыс тілінде сөйлеп жүргеніне куә боламын. Қалай ойлайсыздар, баяғы дүре соғуды қайта енгізген дұрыс па? Меніңше, дұрыс. Себебі украин тілінде білім беретін мектептегі мұғалім орыс тілінде сөйлеуге әдеттенсе, балаларға да «жұқтырады», – дейді. Дегенмен, депутаттың бұл пікірі абсурд көрінетін шығар. Алайда осындай әңгіменің айтылуының өзі басқаларға сабақ. Украинаның медиахолдинг тізгінін ұстаған басшылар өзара дауға қалды. Олар елдегі телеарналардағы тілдік квотаға келіспейтіндігін білдіріп әлек. Жаңа заңнамалық құжатқа сәйкес, бұдан былай украин тіліндегі бағдарламалар 75 пайыздық квотаға ие болады. Алайда, Inter Media Group бастаған бірқатар холдингтер жаңа тілдік квотаға бірауыздан қарсылық көрсетіп: «Бұл Украинадағы орыс тілін – ана тілі санайтын миллиондаған азаматтың құқығын шектеу. Сондықтан заң жобасы ел ішіне іріткі салады. Сол сияқты 75 пайыз көлемде украин тілінде сапалы контент қалыптастыру, дубляж жасау мүмкін емес. Орыс тілі – әлемдік тілдер қатарында. Бұл тілде қаншама әдеби кітап шықты, кино түсірілді. Енді келіп мұндай сапалы контенттен қол үзуге болмайды» депті. Десе де, жаңа заң жобасын Жоғарғы раданың 269 депутаты қолдап, дауыс берген. Биыл телеарнадағы украин тілінің мәселесі қолға алынса, былтыр радиоэфирден берілетін украин тіліндегі әндерді көбейту жөнінде заң қабылданған-ды. Бұл құжат бойынша радиодағы мемлекеттік тілдегі әннің үлесі 35 пайызға жетуі керек. Арнайы заң жобасының талқыланып, қабылдануына түрткі болған не? Украина президенті Петр Порошенко бір сөзінде телеарнада украин тілінің аясы жылдан-жылға тарылып бара жатқанын айтып, мұны түзеуге тапсырма берді. «Радиоэфирден украин тілінің үлесін көтеруге қадам жасадық. Жақын арада осы технологияны телеарнаға да енгізу керек» деген-ді ол пікіріне екпін түсіріп. Іле-шала Жоғарғы рада бұл мәселені күн тәртібінен бір-ақ шығарды. Нәтижесі, міне! P.S. Мемлекеттік тілді құрмет тұтқан елдердің бүгінгі қолға алған іс-әрекеті осы. «Темірді қызған кезінде соға» білуді де үйренетін уақыт жетті. Біз көп жағдайда жалтақтап, уақыт оздырып аламыз. Кейде көршілерге, бұрынғы одақтастарға мойын бұрып, солардан тәжірибе алған да теріс болмас. Қазақтың қасиеттеп, қастерлеген киесінің бірі – ана тілі. Ал киені аяқасты еткендер, яғни қадіріне жетпегендер, оның кесапатына ұшырайды деп тегін айтылмаса керек.