290
Макс Боқаев түрмеде аштық жариялады
Макс Боқаев түрмеде аштық жариялады
Атыраулық белсенді Макс Боқаев өзін Атыраудан Петропавл түрмесіне ауыстырған ішкі істер министрлігі (ІІМ) қылмыстық атқару жүйесінің комитетінің әркетін заңсыз деп санап, оған қарсылық ретінде он үш күннен бері аштық жариялап жатыр.
Бұл жағдайды растаған оның адовкаты әрі туысы Жанар Боқаеваның Азаттыққа мәлімдеуінше, ол ІІМ қылмыстық атқару жүйесі комиетінің әрекетіне сотқа шағымданғанымен, Астанадағы Алмалы аудандық соты оны қанағаттандырмаған. Оның сөзінше, Макс Боқаевты Атырау түрмесінен алып кетуге негіз жоқ.
- Бізді оны кері ауыстырудан бас тартуға негіз болған құжатпен "құпия" деп таныстырмады. Макс қазір стационарда бақылауда жатыр. Мен онымен маусымның 21-і күні сөйлестім, жағдайының тұрақты екенін айтты, - деді Жанар Боқаева.
Макс Боқаев маусымның 9-ынан бері судан басқа нәр татпаған. Туыстары оның содан бері 9 килограмм салмақ жоғалтқанын айтады.
Макс Боқаев жазасын өтеп жатқан Петропавлдағы ЕС-164/3 колониясы бастығының міндетін уақытша атқарушы подполковник Самат Рахметов оның аштық жариялағаны туралы айтудан бас тартты.
- Мен аштық туралы ештеңе айтпаймын. Оның денсаулығы қанағаттандыраралық, - деді ол "Азаттыққа".
44 жастағы Макс Боқаев былтыр Атырауда өткен жер реформасына қатысты жаппай ереуілден соң 2016 жылғы 28 қарашада Атырау қалалық №2 қылмыстық сотының үкімімен бес жылға бас бостандығынан айрылған. Оның жазасын өтеу орны ретінде алдымен Атыраудағы УГ-157/9 жалпы режимдегі колониясы деп көрсетілгенімен, кейін оны Петропавлдағы ЕС-164/3 мекемесіне ауыстырған.