380
Месси мен Роналду Испания чемпионатынан кетпейді
Месси мен Роналду Испания чемпионатынан кетпейді
Батыстық басылымдар Месси мен Роналдудың өз командаларынан кетпейтінін жарыса жаза бастады. Осыған дейін қос футболшы да өзге клубтарға ауысуы мүмкін екендігі жайлы ақпараттар жарияланған еді, деп жазады Массагет.кз.
Әлемдегі үздік саналатын екі футболшы да Испаниядағы салық мөлшерінен жапа шегіп келеді. Тіпті аргентиналық футболшы салық мәселесіне байланысты сотты да болды. Осы бір келеңсіз оқиғадан кейін сарапшылар Мессиді өзге командаға ауысуы мүмкін екенін айта бастады. Футболшы бұл іске қатысты толық тіс жарып айтпаса да, спорттық мансабын "Барселонада" аяқтағысы келетінін о бастан айтып-ақ келеді. Дегенмен жанкүйерлер ойыншының командамен келісімшартын ұзартпағанына күмәнданып-ақ жүрді. Сол күмәндары сейілетін кез келген секілді. Лионель Месси 15 шілде күні командамен келісімшартын 2022 жылға дейін ұзартпақ екен.
Sport.es басылымының хабары бойынша, шабуылшы "блауграна" сапында 35 жасқа дейін ойнайтын болады. Ал қазіргі келісімшарты 2018 жылдың жазында аяқталатын еді. Криштиану Роналду да өзге командаға ауысуы мүмкін екені айтыла бастаған. El Confidencial басылымының мәліметтеріне сүйенсек, әлемнің үздік футболшысы "корольдік клубтың" президенті Флорентино Переске ешқайда кетпейтінін айтқан. - Роналду "салық төлемеді" деген айыптардан шаршады. Ол маған ешқашан заң бұзбағанын айтты. Бірақ тілшілер оны қылмыскер қылуда. Не болса да, Криштиану "Реалдан" кетпейтінін мәлім етті, - деді мадридтік клубтың басшысы. Айта кетейік, Лионель Месси Испания Ла лигасында 2003 жылдан, Криштиану Роналду 2009 жылдан бері ойнап келеді.