545
«Оңай» болса – 80 теңге, жоқ болса...
«Оңай» болса – 80 теңге, жоқ болса...
Алматы қаласының қоғамдық көліктеріне енгізілген «Оңай» төлем картасына алдағы күзде бір жыл толады. Осы уақыт ішінде жаңа төлем картасына үйреніп кеткендер де көп, керісінше баяғы қолма-қол төлеу әдетінен арыла алмай жүргендер де баршылық. Әу баста «Оңайды» жаппай қолдануға көшкен қала жұрты жаңа жүйеге неге сенімсіздік танытты?
Шынында да, бізде жаңашыл дүние дүрмегі басылғанша ғана. Тіпті, алғашқы үш-төрт айда «Оңай» төлем картасынсыз отырған жолаушы қоғамдық көліктен түсіп те қалатын. Арнайы ұйымдастырылған рейдтердің нәтижесінде бір сағатта жол ақысын төлемеген жолаушылар анықталып, олардың әрқайсысына екі айлық есептік көрсеткіш мөлшері, яғни 4242 теңге айыппұл салынып жүрді. Арнайы тексеретін мамандар «Оңай» картасы жоқ жолаушылармен біраз текетіресіп бақты. Мұның бір пайдасы – қала тұрғындары жаңа жүйеге бой үйретіп, жолақысын қала қазынасына құйып жатқанын сезінді. Оған дәлел ретінде, «Оңай» картасы қолданысқа енген 10 күн ішінде қала бюджетіне 67 млн 290 мың 240 теңге түскенін айтуымыз керек. Алайда қазір бастапқы кездегідей емес, жолақысын «Оңай» төлем картасымен төлейтіндер азайып кетті. Неге? Оған бірнеше себепті айтуға болады.
Біріншіден, қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторлары жолақысын өздеріне төлеуді талап етеді. Екіншіден, соңғы уақытта әр қоғамдық көліктің кондукторы кассалық аппарат арқылы билет таратады. Кейде тіпті, жолаушыға берген билетін түсерде қайтарып алып, келесісіне ұсынады. Ал мұның есебі бар ма, жоқ па, тағы белгісіз. Үшіншіден, жолаушылар тарапынан «Оңай» төлем картасына салынған ақшаның жоғалып кететіндігі немесе өзінен-өзі азайып қалатындығы жөнінде шағымдар жиі айтылды. Олар бұған күніне бір емес, үш-төрт мәрте тексеретіндер кінәлі деген уәжін жеткізді. Сол себептен де Алматы қаласының көптеген тұрғындары «Оңай» төлем картасын сөмкенің қалтасынан шығармай, есесіне қолма-қол есеп айырысып жүргенін жасырмайды да.
Алайда «Оңай» төлем картасының қала үшін де, жолаушылар үшін де тиімді екенін уақыт дәлелдеп отырған жоқ па? Бұл біріншіден, қоғамдық көлік мәдениетін қалыптастырса, екіншіден, қаладағы тозығы жеткен автобустардың жаңаруына да мүмкіндік туғызады. Үшіншіден, адам факторын жойып, бюджеттен тыс кетіп жатқан ақшаны жарыққа шығарады. Халық ақшасын қайда шашып жатқанын білетін болады. Яғни, қала тұрғындары өз қаржыларының өздеріне сапалы қызмет ретінде қайтып жатқанын білуі тиіс. Бүгінде жаңа жүйенің арқасында 6-7 миллиард теңгені көлеңкелі экономикадан шығаруға мүмкіндік мол.
Картасы жоқ жолаушы 150 теңге төлейді
Бұған дейін Алматы қаласының қоғамдық көліктерінде жолақысының қымбаттайтындығы жөнінде әңгіменің шеті шыққан болатын. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, бұл сөз шындыққа айналатын сияқты. Бұл туралы әкімдіктің қаулысы Қазақстан Республикасының электронды үкіметі порталында жарияланды. Қаулыда қаладағы қоғамдық көлік тасымалдауларында жол ақысының дифференциалды тарифін енгізу туралы айтылған. Алматы әкімдігі «ҚР Автомобиль көлігі туралы» Заңының 1-бабы 2-бөліміне сәйкес, қоғамдық көліктегі көлеңкелі айналымды жою әрі электрондық төлем түрін дамыту мақсатында осындай қаулы шығарған. Енді қоғамдық көліктегі (метроны қосқанда) жол ақысы электрондық төлем арқылы – 80 теңге көлемінде, ал қолма-қол ақша берген жағдайда 150 теңге болады. Әзірге бұл қаулы 13 шілдеге дейін қоғамдық талқылаудан өтпек. Қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен соң, 10 күннен кейін заңды күшіне енбекші. Мұндағы мақсат – қолма-қол ақшамен төлеген жағдайда жолақының қымбаттауын әкімшілік қаражаттың көлеңке айналымынан арылып, салық түсімін арттыру және жолаушылар арасында элек-тронды картаның көбірек қолданылуына басымдық беру. Осылайша, Алматы қаласының қоғамдық көліктерінде 24 шілдеден бастап жол ақысының дифференциалды тарифі енгізілуі әбден мүмкін. «Оңай» картаңыз болса – 80 теңге, жоқ па – 150 теңге төлеуге тиіссіз. «Алматы транспорт холдингі» ЖШС директоры Сәдір Хамраевтың айтуынша, келесі аптадан бастап БАҚ-та, автобус пен троллейбустарда «қоғамдық көлікте дифференциалды тариф енгізіледі» деген ақпарат ілінеді, таратылады. «Кез келген жолаушы қолына сол күнгі, сол уақыттағы және бағасы көрсетілген билет алмаса, жолақысын төлемеуге де құқы бар. Яғни, жәй қағазға не үшін ақша төлейді? Міне, біз жолаушының құқығына байланысты бірқатар мәлімет береміз. Бұл маңызды. Себебі 24 шілдеден бастап полиция қызметкерлерімен бірлесіп, қала бойынша рейд жүргіземіз. Сол кезде билетсіз жүрген жолаушылар жазаланады, қоғамдық көлік мәдениетін сақтамай, ереже бұзған көлік жүргізушілері мен кондукторлар да жауапқа тартылады. Былтыр «Оңай» төлем картасы енгізілгеннен кейінгі қаңтар-ақпан айында өткен рейд тұрғындардың есінде шығар. Яғни, рейд аяқасты ұйымдастырылып, әр уақытта, әр күні өткізіледі. Әйтпесе, тиімділігі болмайды. Жыл соңына дейін рейдтің нәтижесін ақпарат құралдарында жариялап, заң бұзғандар әшкереленеді. Қазірдің өзінде арнайы қаулы тапсырмасы қабылданып, атқарылатын іс-шаралар жоспары бекітілді», – дейді «Алматы транспорт холдингі» ЖШС директоры Сәдір Хамраев баспасөзге берген сұхбатында. Ол «Оңай» картасын сатып алу қиынға соғып жүр» деген қала тұрғындарының пікірін теріске шығарады. «Бүгінде қалада «Оңай» төлем картасын сататын 1,5 мың нүкте бар. Газет дүңгіршектерінде, теміржол вокзалындағы «Атамекен» кассасында, метро стансаларында, әуежайда сатылады. Тіпті, қазір картаны қоғамдық көлік жүргізушілері де, кондукторлары да сатылымға шығарғанын айтады. Осылайша, Алматы қалалық жолаушылар тасымалдау мекемесі «Оңай» картасының жаппай қолданысқа енуі үшін іске белсене кіріспек. Үздіксіз жүргізілетін рейдтің арқасында ойдағы нәтижеге қол жеткізетініне де сенімді. Егер тексеруші билетсіз жолаушыны ұстаса, оған өздігінен айыппұл сала алмайды. Ол жолаушыны полиция мекемесіне әкелуі керек. Оған уақыт кетеді. Ал рейд кезінде полиция қызметкерлері де тексерушілермен бірге жүріп, заң бұзғандарға сол орында айыппұл салады. Сол сияқты шараны ұйымдастырудың басы-қасында жүрген мамандардың айтуынша, халық бәрібір ақшасын санауға көшеді. «Жаңа ереже қолданысқа енгізілсе, картасыз жүрген жолаушылардың 20 пайызы сол мезетте-ақ «Оңайға» көшетін болады. Ал қазан-қараша айында қолма-қол төлем жасаушылар саны небәрі 3-4 пайызға төмендейді. Қазір бұл көрсеткіш 50х50. Қала тұрғындарының 70 пайызы «Оңай» төлем картасын тұтынса, 30 пайызы қолма-қол төлейді. Демек, 30 пайызы көлеңкелі бизнеске құйылып жатыр деген сөз», – дейді олар. Кез келген жобаның қайтарымы болуы қадағаланады. Әуелгіде жаңа жүйе 7-8 жылды қамтиды делінсе, қазір 14-15 жыл уақытқа созылады деген болжам бар. Ал бұл жүйеге әу баста 2,2 млрд теңге жоспарланғанмен, 3,6 млрд теңге салынған. Тағы бір айта кетерлігі, «Оңай»төлем жүйесін енгізуге қала бюджетінен бір тиын да жұмсалмаған. Яғни, жеке инвестицияның қаржысымен жүзеге асып отырған жүйе. Анықтама үшін: Қоғамдық көліктерде қолма-қол төлем – 150 теңге, «Оңай» картасымен – 80 теңге. Ал әлеуметтік топтағы азаматтар – зейнеткерлер, студенттер, оқушылар «Оңай» картасы арқылы ғана 40 теңге төлей алады. Егер картасы болмаса, олар да 150 теңге төлеуге мәжбүр. Бұл метроға да қатысты. Ал жолақы билеті бұрынғысынша қала береді.Жалақы жолақыға кете ме?
Былтыр тура Астана күні мерекесі қарсаңында Қызылорда қаласындағы қоғамдық көліктерде жол жүру құны 50 теңгеден 70 теңгеге көтерілген еді. Қит етсе жанармайдың қымбаттауы мен техниканың ескіргенін желеулететін тасымалдаушылар бағаны бірден 90 теңгеге көтеруді сұраған. Алайда құзырлы органдар ақылдаса келіп, ересектерге 70 теңге, оқушыларға 30 теңге етіп бекіткен. Сол кезде қала халқы мәдениеттен жұрдай жүргізушілер тізгіндейтін лас автобустарда жүру үшін 70 теңге тым көп дегенді айтқан. Қалалық коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі жэне автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Марсбек Молдабаев қаладағы қоғамдық көліктердің сапасын жақсарту үшін тарифті қымбаттату қажеттілігі туындап отыр және тұтынушыларға жайлы жағдай жасаймыз десе, Қызылорда автобус паркі директорының орынбасары Бектібаев Бақытбек Шәкірманұлы: «Біз де халықтың біріміз. Дегенмен, қоғамдық көліктердің жағдайын жақсартуымыз қажет емес пе? Негізі жоғарғы биліктен жолақының 90 теңгеге көтерілуін сұраған едік. Себебі 1 билет құны 124 теңге болуы тиіс, яғни газ, солярка, қыстық және жаздық баллон ауыстыру үшін қаражат керек. Техника ескірмей тұрмайды. Оны жөндеу немесе ауыстыру үшін қомақты қаражат керек. Сондықтан біз өз тарапымыздан ешқандай өзгерту жасай алмаймыз. Қазіргі таңда автобус паркіне қарасты 30 қоғамдық көлік бар, оған тағы 40 үлкен сыйымдылықтағы автобус қосылады» деген болатын. Ал араға тура бір жыл салып, Астана күні қарсаңында Қызылорда қаласында жолақы 90 теңгеге жетті. «Қызылорда» автобус паркі ЖШС жолақысын 100 теңгеге, ал оқушылар үшін 50 теңгеге көтеру жөнінде бастама көтерген. Іле-шала бұл ұсыныс қалалық мәслихаттың 1 шілдедегі сессиясында қарастырылып, 3 шілдеден бастап ересектер үшін 90 теңге, оқушылар үшін 40 теңге болып бекітілді. «Қызылорда» автобус паркінің директоры Әнуар Нақыптың мәліметінше, серіктестікте 450 адам жұмыс істейді. «25 қалалық және қала сыртына қатынайтын 6 маршрутта екі ауысымда 870 автобус бар. Оның 112-сі – үлкен, қалғаны шағын автобустар мен маршруттық таксилер. Бір жылда жанармай, дизельді отын мен газ тарифі өсіп кетті. Бұдан кәсіпорындардың жағдайы кері кетпесе, жақсарған жоқ» деген пікірін білдірді.